Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы төлемінің жаңа жүйесін пилоттық енгізуді тапсырды.
Осы тақырып аясында Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бұқаралық ақпарат құралдары үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бейсеқұлова Ләззат Мұқатайқызының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Осы жоба бойынша дайындық 2015 жылдан бері «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында басталған болатын.
Еңбекақы төлемінің жаңа жүйесіне пилоттық орган ретінде Агенттік, Әділет Министрлігі, Маңғыстау облысы мен Астана қаласының әкімдіктері айқындалды.
Жаңа жүйеде әр қызметкердің атқаратын жұмысының күрделілігі мен тиімділігі ескерілетін болады. Ал, сыйақы, үстемеақы сияқты ынталандыру төлемдері бұрынғыдай бірдей мөлшерде емес, жұмыс нәтижесі мен жеткен жетістіктерге сай төленетін болады. Нәтижесінде орталық және аймақтардағы мемлекеттік қызметшілердің және де мемлекеттік және жеке сектордағы қызметкерлердің еңбекақы төлемдерінде сәйкессіз жойылатын болады.
Қазақстанда осы әдіс 174 жеке және квазимемлекеттік секторларда енгізілген.
Бұл әдіс бойынша әр лауазымға үш түйінді факторлар бойынша балдар беріледі:
1) Лауазымдық міндеттерді тиімді атқару үшін қажетті білім, құзіреттілік және жұмыс тәжірибесінің деңгейі қандай?
2) Лауазымға қойылған міндеттердің күрделілік деңгейі;
3) Нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілік деңгейі.
Алдағы жылдан барлық мемлекеттік органдарға енгізілетін жүйе үшін біршама жұмыстар атқару қажет.
Л. Бейсеқұлова өз сөзінде: «Шкала сыйақы деңгейі мен позиция құндылықтарын байланыстырады. Нәтижесінде бір санатта тұрған лауазымдарға әртүрлі жалақы төленуі мүмкін.
Лауазымдардың дұрыс жіктелуінде ерекше рөл міндеттер шеңберін анық сипаттауға беріледі. Сондықтан қазіргі уақыттан бастап, ереже мен лауазымдық нұсқаулықты ретке келтіру бойынша дайындық жұмыстарын ұйымдастыру қажет», – деп атап өтті ол.
Дамыған елдерге қарап бой түзейтін еліміз үшін мемлекеттік қызметке қызығушылықты арттырып, кәсіби мамандармен толықтырудың басты құралы осы болып отыр.
Сондай-ақ, кадрлардың кетуі қысқарып, жергілікті жерлерде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі және кадр потенциалының нығаятыны да даусыз.
МҚІЖСЖҚІҚА Алматы облысы бойынша департаменті.