Жуырда Алматы қаласында, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2018 жылдығы іс-шараларының шеңберінде, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Қоғамдық кеңес» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Этно-fashion» фестивалі өтті. Аталмыш шараға құрметті қонақ ретінде ұлттық салт-дәстүріміздің ұмыт қалмауына барын салып, қазақы қолөнерді дамытуға күш салып жүрген жандардың бірі – ауданымыздағы «Балатай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлән Жанғұтты да шақырылды.Күлән апай осы ұйымды құрып, содан бері қойдың жүнінен қаншама керемет дүние жасауға болатынын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп жүрген қазақтың қолөнер шебері. «Балатайдың» негізгі мақсаты – елімізде және шетелде қолөнердің дәрежесін көтеру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, болашақ жас буын үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау мен дамыту. Оның қолынан шыққан сан түрлі дүниелерді, шиге басылған киіз, оюланып, өрнектелген киімдерді, әр алуан пішіндегі сыйкәделерді көрген адам тамсанбай қоймайды. Себебі, бұл заттар табиғи таза өнімнен жасалады және көп уақытты алатын еңбекке жатады. Мойынқұм ауданының тумасы Күлән апайдың қазіргі ісіне деген қызығушылығы Тараз қаласындағы Мұғалімдер үйінде қолөнер үйірмесін жүргізуден басталған. Кейіннен қасиетті Қарасай ауданының Райымбек ауылына қоныс аударған. Ауданда, облыста ерекше көзге түсе бастаған дүниелерін біртіндеп халықаралық көрмелерге де шығарды. Байқауларға барын сала дайындалып, жеңіс тұғырынан көріне бастаған. Мысалы, 2008 жылы «Қазақстандағы қолөнер кәсібінің дамуы және жандануы» атты халықаралық конференция аясындағы жәрмеңкенің жеңімпазы, «Шебер – 2010» екінші қазақстандық байқауының жеңімпазы, осылай тізбектеліп жүре береді. Тек өз елімізде ғана емес, шетелдердегі көрмелер мен жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып, Қазақ елінің атын шығарды. Сонымен қатар, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия, Франция сияқты елдерде де түрлі көрмелерге қатысып, қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын, қолдан жасалған бұйымдарын кеңінен насихаттап жүр. Оның ықпалымен қазір ел нарығында «Balatai» деген жаңа бренд пайда болды. Бүгінде қазақ салты жайлы көп білетін апайымыз барын салып, ұлттық өнерді насихаттап жүр. Жоғарыда айтылып өткендей, ол еліміздегі мен шетелдердегі жиын, басқосулардың көбін жібермей қатысады. Күлән апай қатысқан «Этно-fashion» да Қазақстан халқы Ассамблеясының бұрыннан өткізіп келе жатқан мәдени іс-шарасы.
Қазіргі таңда100-ден аса этнос өкілдерінің басын біріктіріп отырған Қазақстан елі олардың ұлттық мәдениеті мен тілінің, дәстүрі мен салтының сақталуына қамқорлық танытып отыр. Өз ана тілінде білім беретін мектептер, өнерлерін ұштайтын үйірмелер, сахна төріне шығаратын ансамбльдер еліміздің түкпір-түкпірінде он-ондап жұмыс істейді. Ал, тарихына үңіліп, ұлттық өнері мен кәсібін дамытушылар үшін жылда әртүрлі байқаулар мен фестивальдарды ұйымдастыру дәстүрге айналған. Сондай іс-шараның бірі осы республикалық «Этно-fashion» мәдени фестивалі.
Этностиль – халықтық бағыт ретінде пайда болып, бірте-бірте танымалдығы артып келе жатқан стиль. Бұрын ол тек киімге қатысты айтылатын болса, бірте-бірте мазмұны байып, оған үй жиһазының, ғимараттардың безендірілуі, өмірдің басқа салаларында ұлттық нақыштың пайдаланылуы да жатқызылады. Дегенмен, бұл бағыт әлі де болса киім үлгілерін дайындауда басым болып, қазіргі заманғы қазақстандық сән үлгісінің жаңа бағыты ретінде өз елімізде де, шет елдерде де танылып үлгерді. Фестивальдің негізгі мақсаты – ежелгі қазақ мәдениеті мен Қазақстан этностарының дәстүрлерін танып-білу, ұлттық киім мен сәндік-қолданбалы бұйымдардың элементтері арқылы тарихтың жарқын беттерін көрсету.Онда қазақ халқының көркем-эстетикалық өрнегі барынша мол сақталған сәнді киіміне қоса Қазақстанды мекендеген этностардың ұлттық киімдеріне негізделген үлгілер паш етілді.
Ассамблеяның дәстүрге арналған іс-шарасы Елбасының «Рухани жанғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласына сай ойластырылып, сән өнері арқылы халықтық салт-дәстүрлер сырына үңілуді, Ұлы Дала еліндегі сән өнері қалай дамығанын танып-білуді, уақытпен бірге алмасып отырған жаңашылдықтарды іздеп табуды, мәдени ықпалдастықтың тарихи тамырларын ашып көрсетуді мұрат етеді. Бір айтарлығы, бұрын бұл тек қазақ ұлттық киімін шығаратын кәсіп иелерінің басын қосса, жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, фестивальға Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық киімін тігушілер де қатыса бастады.
Биыл бұл шараны ұйымдастыру үшін «Қоғамдық кеңес» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлерімен қоса Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының өкілдері, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, мемлекеттік органдар, көрнекті қоғам қайраткерлері, өнертанушылар, тарихшылар, шығармашылық интеллигенция және сән индустриясының өкілдері, бизнес-қоғамдастық, дизайнерлерден тұратын коммиссия құрылды. Онда еліміздің көптеген өңірінен келген сәнгерлер, дизайнерлер мен халық ішінен шыққан шеберлердің жұмыстары көрсетілді. Фестиваль үш бөлімнен тұрады. Біріншісінде тек сән көрсетумен шектелмей, «Сәнді этнокиім» деген тақырыппен бұл өнерді игерем деушілерге арналған сабақтар өткізілді. Киім үлгілеуде этностық элементті пайдаланып жүрген Қазақстанның белгілі дизайнерлері талапкерлерді ұлттық киім үлгілерімен таныстыра отырып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан киім тігу өнерінің қыр-сырына үңілуге мүмкіндік бергені сөзсіз. Екінші «Ұлы дала өрнектері» бөлімінде Қазақ хандығы тұсындағы ұлттық киім көрсетілімі, оның ішінде ерлерге, әйелдерге, жастарға және балаларға арналған ұлттық киім үлгілерінің, дала элитасы мен батырлардың киім үлгілерінің дефилесі болды. Үшінші «Ата өнері – ұрпаққа мұра» деген бөлімінде қолмен жасалған бірегей заттар жәрмеңкесі өткізілді. Қонақтар ағаштан, жүннен, қайыстан, моншақтан, шиден жасалған күнделікті тұрмыста пайдалануға болатын бұйымдарды кәдесый ретінде қуана алып жатты. Иә, осындай фестиваль арқылы халқымыздың тамаша дәстүрін басқаларға жақсы танытамыз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.