Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Тасашы ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылының маңында орналасқан Тоқтарбек Баймолдаев басқаратын «КегенМясПром» ЖШС ет өңдейтін комбинаттың құрылыс жұмыстарымен және оның алдағы жоспарымен танысып қайтты.
Тыныс-тіршілігі ауылшаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына негізделген Кеген ауданында ет және сүт өңдейтін кәсіпорындардың жоқтың қасы. Соның түйіні шешілетіндей. Анығын айтқанла, «КегенМясПром» деп аталатын аудан аумағынан ет өңдейтін комбинаттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Кеген ауылының күн шығыс жағынан салынып жатқан комбинаттың ғимараты бой көтеріп келе жатқаны қуантады. Өңір тұрғындарынан, малшылардан қолайлы бағамен төрт түлік мал сатып алып жатса, тиімді болмақ.
Жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба жүзеге асырылса, үлкен игілік болмақ. Ет комбинаты тәулігіне 50 бас іріқара, 150 бас қой, 10 бас жылқыны сою алаңына қабылдай алады. Жылына 3мың тонна ет өңделеді. Жыл ішінде 331,5 тонна шұжық, 66 тонна консерві өндіру жоспарланған. Комбинат іске қосылған кезде 80 адам жұмыспен қамтылмақ.
Айта кетейік, бұл ет өңдейтін комбинат жақын күндері ел игілігіне берілетін болады.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.