Жұмысы қызып тұрған шаруашылықтар тұсында да, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін де Аспантаулар өлкесінде ет өңдейтін құрылымдар болған жоқ. Райымбек ауданында май зауыты, сауын фермалары жұмыс істеді. Ал, Кеген ауданында Шырғанақ май зауыты игіліктің көзі болды. Бұл өндіріс орны зауыттың атауымен аттас Шырғанақ ауылда тұратын Серік Саниязовтай азаматтың қарамағында. Толықтай сатып алған жоқ. Іске қажетті құралдары сақтаулы, оны өз меншігіне сатып алды. Серіктің оны қайтадан жүргізуге мүмкіндігі болмай тұр. Шын мәнінде, зауытты сатып алу, күрделі жөндеуден өткізу – оңай қаражатқа тіреліп тұрған жоқ. Мемлекет тарапынан қолдау болса, аталған азамат 100-200 бас сиыр ұстап, сауын фермасын ашуды, май зауытын қайта іске қосуды жоспарлап, шын мәнінде армандап жүр. Райымбек ауданындағы Өрнек өңіріндегі май зауытының ескі ғимаратының сиқы кетіп барады. Тоналып біткен.
Былтырғы жылдан бері қарай Т. Баймолдаев басқаратын «КегенМясПром» ЖШС-і Кеген ауданынан ет өңдейтін комбинаттың жұмысын, атап айтқанда құрылысын қолға алды. Бұл игілікті жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрап отыр. Ет комбинаты тәулігіне 50 бас іріқара, 150 бас қой, 10 жылқы союға қабылдай алады. Жылына 3 мың тоннаға дейін ет өңдейтін болады. Атап айтқанда, 331,5 тонна шұжық, 66 тонна консерві өндіру жоспарланған.
– Бұл ет өңдейтін комбинат таулы өлкенің тұрғындарына жасалып отырған жақсылық десек, артық айтпаймыз. Комбинатты осы өңірден салу себебіміз, теңіз деңгейінен 2 мың метрге дейін биіктікте, таулы, орманды, бұлақты, құрақты өңірдегі кез-келген малдың еті жұғымды, майлы, сапалы келеді. Бұл жердің малының етіне, майына, маңызына, қымызына, құртына қызықпайтын ел жоқ. Шын мәнінде сұраныс мол. Сол үшін де осы таулы өлкеден ет өңдейтін комбинат тұрғызып жатырмыз. Алла қаласа, биыл құрылыс жұмыстары аяқталып қалады деп күтілуде. Біз комбинат іске қосылғаннан кейін тұрғындарды, малшыларды ренжітпейтін бағада малдарын қабылдап алып, жұмысымызды жүргізетін боламыз. Ет комбинатының толыққанды жұмысы үшін қосымша жоспарлап отырған жұмыстарымыз, мақсаттарымыз бар. Әрине, ол үшін өзіміздің де мал бордақылау алаңдарымыздың болғаны тиімді, – дейді «КегенМясПром» ЖШС-нің директоры Т. Баймолдаев.
Рас, ет өңдейтін комбинат іске қосылса, Алматы қаласынан, облыс орталығынан ең шалғай шекара шетіне қоныстанған малды ауыл үшін қолайлы болмақ. Бұл өлке ежелден өрісіне сән берген жер қайыстырған төрт түлік малымен белгілі. Екі ауданда бүгінгі есеппен 128188 бас ірі қара, 76229 бас жылқы, 514207 бас қой-ешкі бар екен. Бұл жақсы дүние. Шаруашылықтар тұсында қой малы өте көп болғаны белгілі. 1969 жылы Нарынқол ауданында 589 мың қой болған екен. Ал іріқара мен жылқы шағындау ұсталған. Демек, ет өңдеу комбинаты іске қосылған кезде екі ауданның, тіпті көршілес аудандардың да малшылары төрт түлік малын жақын жердегі қомбинатқа қолайлы бағасымен өткізіп, көп қиындық көрмейтін болады. Сол үшін де осынау игілікті шаруаны өңірдің өзінен жүзеге асырып жатқан Т. Баймолдаев бастаған «КегенМясПром» ЖШС-нің атына жүрекжарды алғысымызды айтамыз. Комбинат іске қосылғанда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл ет өңдейтін құрылымның шапағаты ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына да оңды әсерін тигізері анық.
Бұрым ОРЫНБАСАР.