Тәу етер Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырғанымызға биыл 30 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан астам уақытта еліміз талай сындардан өтіп, жетістіктің жолында бейбіт ғұмыр кешуде.
Мемлекетіміз азат ел атанған уақыт – бүгінгі ұрпаққа тағылымы мол тарих. Сол бір тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бері ес біліп, алаңсыз өмір сүріп келе жатқан жас ұрпақ бүгінде 30 жасқа аяқ басты. Олар мемлекеттің дамуына үлес қосып, әр салада табандылық танытып келеді. Осындай азаматтардың қатарында ауданымызға әншілігімен танымал, «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің әншісі Эльдар Омаров та бар. Тәуелсіздіктің төл құрдасы деп танып, бүгінгі Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында жас өнерпаз жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.
Шырайлы шығыстың Семей қаласында дүниеге келген Элдар Омаров – өнерлі отбасынан шыққан үйдің кенжесі. Өзінен бір жас үлкен әпкесі Мақпал Омарова да Элдар сияқты ата-анасының жолын қуып, музыка әлеміне бет бұрған.
Элдар Серікболұлы туған жері Семейдегі №7 лицейде 9 жылдық білім алып, осы қаладағы қаржы- экономикалық колледжіне оқуға түскен. Оны 2010 жылы тәмамдап, «қаржыгер» мамандығын жетілдіру мақсатында оқуын Елордадағы «Нархоз» университетінің филиалында жалғастыруды жөн санайды. Иә, байқағанымыздай, өнерді сүйетін Элдар Омаровтың негізгі мамандығы әншілікке мүлдем қатысы жоқ. Алайда, музыканы жанына серік еткен сол кездегі қаржыгер бүгінгі күнге дейін түрлі байқауларда өзінің бағын сынап та үлгерді. Көптеген телевизиялық жобаларға қатысып, шыңдалып, 2014 жылы «Жас қанат» байқауында да жасындай жарқылдады. Республикалық аталмыш доданың сол жылы жеңімпазы атанып, өнерін одан әрі шыңдай түсті. Осы шабытпен халықаралық өнер бәйгелерінде де төбе көрсетті. Әзірбайжанның астанасы – Баку қаласында өткен әлемдік жарысқа арнайы барып, 20 мемлекеттің ішінен үздік бестіктен көрінді. Елдің атын шет мемлекеттерде танытқан Элдар 2015 жылы белгілі әнші Сиви Махмұди продюсерлік еткен «Саламат» деген трионың құрамына кірді. Қазақ эстрадасында аты шыққан бұл топта екі жылдай өнер көрсетіп, еліміздің бірқатар қалаларында жеке концерттерін берді.
Бүгінде Элдар Омаров қарасайлық өнерпаз атанып, ауданның мәдениетін арттыруға үлес қосып жүрген жандардың қатарында. Мецанат Болат Әбішұлы негізін қалаған «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамбльдің әншісі болып қызмет атқаруда. Биыл, міне, Шымкент қаласындағы А.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетін музыкалық білім бойынша тәмамдағалы отыр. Осылайша бала арманынан алыстамай өнер жолын жалғастырып келеді. Эстрада әншісінің ән қоржынында қазіргі таңда 8 авторлық ән бар.
Әңгіме барысында қарасайлық өнерпаз әр саланың өзіндік қызығымен қоса, шыжығы да бар екенін жеткізді.
– Әнші болу сырт көзге оңай болып көрінгенімен бұл мамандық талай еңбекті талап етеді. Бүгінгі таңда бойыңда қанша талант тұнып тұрғанымен, ел арасында өтімді, яғни, қазіргі тілмен айтқанда «хит» болатын әнің болмаса нәпақа табу оңай емес. Сондықтан шығармашылық ізденіс, күн-түн демей талаптануға тура келеді. Міне, осы бағытта арманымды асқақ етіп, қазақ өнеріне тамшыдай болсын үлес қоссам деген ниетпен өнер жолынан таймай келем. Өйткені, Алланың берген бұл дарыны әкенің қанымен, ананың сүтімен бойыма дарыған қасиет сияқты көрінеді, – деп Элдар Серікболұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Біз әңгімеге арқау еткен тәуелсіздіктің құрдасы, жас өнерпаз Элдар Омаровтың бүгінгі күнге дейін жүріп өткен өмір жолы осындай. Армандарын ақиқатқа айналдырсам деп жүрген қарасайлық әнші мереке қарсаңында әріптестерін құттықтап, ақ тілегін де білдірді.
– Мәдениет пен өнер саласында қызмет етіп жүрген барлық жандарды айтулы мерекелерімен құттықтаймын! Еңбектері еленіп, ел алдында абыройлары артып, бақтары жана берсін. Сонымен қатар, биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы да құтты болсын! Азаттығымыз мәңгілік болып, береке-бірлігіміз артып, Тәуелсіздігіміз баянды болғай, – дейді қарасайлық әнші жылы лебізін білдіріп.
Жас өнерпазға біз де бар жақсылықты тілейміз. Ән көгінде қанаты талмай, өнер жолында жемісті жетістіктері көп болсын дегіміз келеді! Төл мерекеңіз құтты болсын, Элдар Серікболұлы!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.