Тәуелсіз еліміздің іргетасы шайқалмай берік болуы — ел тыныштығын күзеткен әскерилердің арқасы. Әскер – әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышы. Қарулы Күштердің қатарында қызмет ету жас буынның жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың бойында патриоттық рух пен табандылықты қалыптастырады. Осыған орай сәрсенбі күні Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде күзгі әскерге шақыру науқаны аясында жас сарбаздарды Отан алдындағы борышын өтеуге шығарып салу рәсімі өтті.
Жиынға құрметті қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, запастағы полковниктер Мәлік Калиев пен Мақсүт Аймашов, Алматы облысының Құрметті азаматы, Ауған соғысының ардагері Серікқали Ыбытаев қатысты.
Мемлекеттік Гимннен басталған салтанатты шарада алғашқы сөз Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Ерлан Абдықалықовқа берілді. Ардагерлер әскери міндеттің жауапкершілігі, оның Отан алдындағы абыройлы міндет екенін айтып, ақыл-кеңестерін берді.
– Халқымызда «Отан мен отбасы – егіз ұғым» деген даналық сөз бар. Отанды қорғау елдің ержүрек азаматтарына жүктелетіні белгілі. Тек елжанды, патриот азаматтар ғана елге қалтқысыз қызмет етеді. Елімізде тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауы, көк аспанымыздың ашық болуы мына сіздерге байланысты. Осыны ұмытпай, әскерде үйренгендеріңізді үнемі жетілдіріп отыруларыңыз қажет. Сіздер әскери борыштарыңызды ойдағыдай өтеп, ел қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, абыроймен оралатыңдарыңызға сенімім мол, – деді Ерлан Төлеуғалиұлы.
Шара барысында «Үшқоңыр» триосы жігіттерге рух сыйлар әндерін шырқады. Сонымен қатар жоғарыда атап өткен құрметті қонақтардың бірі жас сарбаздарға сәттілік тілесе, енді бірі ізгі тілегін айтып, ақ батасын берді.
Ерлан Абдықалықовтың айтуынша, ауданымыздан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 19 сарбаз аттанды. Бұл рәсім – жас сарбаздар үшін үлкен сын мен жауапкершіліктің бастамасы. Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған әрбір азамат бейбіт елдің қорғаны екенін ұмытпауы тиіс. Олардың бұл міндеттері өзінен кейінгілерге үлгі әрі өнеге болмақ.
Қарасайлық жас сарбаздардың әскер қатарында абыроймен қызмет етіп, аман-есен елге оралуы – ата-ана, туған-туыс және ел үшін үлкен мәртебе деп білеміз.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
