Өмірде өз орнын айырықша алатын, халық та ерекше қастерлейтін ең ардақты да, құрметті мереке – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жақындаған сайын оған деген адамзат баласының сүйіспеншілігі одан әрі асқақтай түсті. Олай болатын жөні де бар. Бейбіт күннің берекесін сыйлаған Жеңіс мерекесінің аты да, атауы да еліміз үшін өзіндік ерекшелігімен дараланып тұрады.
Жақында осынау айтулы мерекеге байланысты облыстық іс-шараға Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектеп ұжымы, Жамбыл ауылдық округінің әкімдігі мен осы ауылдық округ аналар кеңесі ұйымының ұйытқы болуымен «Ерлікке таусылмас тағзым» атты тақырыпта кең бағдарламалы іс-шара өтті.
Салтанатты жиынның ашылу рәсімі Қазақстан Гимнің орындалуымен және мектеп алдындағы саябақтың ішіндегі Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған және ауылына аман-есен оралып, кейіннен қайтыс болып кеткен соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Көпшілік алдында бірінші болып сөз алған аудан емес, облысымызға кеңінен танымал, өмірі ұлағатты ұстаздықпен өткен, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, облыстық ассамблеяның Еланасы, бүгінгі күні аудандық аналар кеңесінің төрағасы Ақылия Бекбайқызы сөз алып, халқымыз бастан кешкен соғыстың мәні мен маңызына нақты мысалдарды келтіре отырып, көпшіліктің көңілін толқытып жіберді. Содан соң осы жерде туып-өскен, қазір Шамалған ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Бәтиха Нұртаева сөйлеп, әкесінің соғыс ардагері болғанын және қарсы алдында тұрған ескерткіште әкесінің де, қаруластарының да аты-жөндері бар екенін айтып, елдің ет-жүрегін елжіретіп жіберді.
Бұдан кейін сөз алған ауыл әкімі Еламан Өмербаев, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер ұстаз Ақлима Көсемова, мектеп директоры Бақыт Қуанышева, Жамбыл ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Құралай Сайбырова және тағы басқа да адамдар сөйлеп, Жеңіске қатысты ағынан ақтарыла көкейлерінде жүрген көптеген ойларын бүкпей ортаға салып, Жеңістің құндылығы мен қуаттылығы елдің жұдырықтай жұмылған бірлігі мен ұтымды ұйымшылдығында екенін тебірене әңгімеледі. Мектептің «Серпер» халық аспаптар оркестірі, мен «Назерке» бишілер тобы соғыс тақырыбына арналған шығармаларды нақышына келтіре орындады. Сол сияқты соғыстағы көріністерді ұстаздар мен оқушылар тамаша тапқырлықпен алып шыққандары ізденістерінің игілігі екенін дәлелдеді.
Осы жерде аталған іс-шараның мазмұнды да мағаналы өтуіне шынайы шығармашылықпен атсалысқан Кенже Халықова, Назира Омарова, Қамар Үмбетәлиева, Шолпан Сәрсенғалиева, Гүлбану Жұматаева, Әбіл Қарасаев, Алмас Нышанов, Әсем Игілік сынды ұстаздардың өнерлері көрермен қауымға қошеметпен қол соқтырып, дән ризашылыққа бөледі. Сондай-ақ майдан даласындағы ақиқат пен аңызды сахналық көріністер арқылы бейнелеп берген мектептің өнерпаздар тобының мүшелері Айбар Мұхтаров, Бекзат Кемелбай, Айым Шылманбет, Ерлан Ерқұлан, Сүйіндік Інжу, Қайсар Толқын, Оңғар Дәулет, Жүсіп Мұхаметжандар өздеріне жүктеліп берілген рөльдерді өз дейңгейінде асқан шеберлікпен мүлтіксіз орындап шықты.
Осы бағытта мектеп оқушылары да өнерлерімен өрге жүзген балғындар екен. Ал ұстаздар жағынан «Ана туралы баллада» әнін орындаған Бота Жанадылова, «Әлия» әнін шырқаған Бекәлі Аружан, Меруерт Нүсіпова, «Жеңіс» әнін әуелеткен Дамира Айкоеева мен Алмас Төреханұлы да талайды тәнті етіп тастады.
Осынау игілікті іс-шараның ойдағыдай өтуіне ортақ үлестерін қосқан мектеп директоры Бақыт Қуанышеваның, оның салалық орынбасарлары – Лаура Тойшыбаеваның, Айдана Амандықтың, Индира Жапекованың, Ақмарал Тәтібаеваның, Нұрсұлтан Шылманбеттің, Наргүл Қыздарбекованың, Айгүл Бұтабаеваның, Айман Сейітжанның, Бану Сұлтанмұратованың аянуды білмейтін еңбектерін айтпаса тағы болмайды. Бұлардың осындай жерде алғыс арқалап жүргендерінің өзі зор мәртебе.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист.