Дүниежүзінің тарихына көз тастасақ, талай сұм соғыстар мен қанға бөккен майдан даласы жайлы сыр шертуге болады. Кеңес үкіметінің дәуірі жүріп тұрған заманда да талай шайқас ел жадында сақталды. Солардың арасында Таулы Қарабах аймағы үшін қақтығысқан Әзірбайжан мен Армения арасындағы отты арпалысты атап өтуге болады. Екі ел арасындағы шиеленіс бір емес, бірнеше рет қайталанып, соның салдарынан 30 мыңдай жазықсыз азамат қаза тапқан еді. Бұл қан майданға КСРО құрамында болған Қазақстаннан әскери борышын өтеп жүрген қазақ жігіттері де қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсете білді. Олардың біразы бүгінде Қарасай жерінде тұрады.
1991 жылдың 17 сәуірі КСРО әскерінің Таулы Қарабах аумағынан шығарылған күні болғандықтан, бүгінде бұл айтулы датаның өз орны бар. Осыған орай, күні кеше Қарасай ауданы әкімдігінің алдында Таулы Қарабах ұлтаралық қақтығыстарын реттеуге қатысқан азаматтар ардақталып, олардың қатысуымен «Ұлы Отан соғысы» ардагерлері ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Бұл басқосуға құрметті қонақтар мен Таулы Қарабах қақтығысында қару асынып, ерлік көрсеткен аудандағы ардагерлер қатысты. Шара барысында алдымен соғыс даласында қаза тапқан жауынгерлерге құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Одан кейін аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов ардагерлердің ерлігі қашанда ұрпаққа үлгі екенін айтып, батырлықтары әрдайым мақтаныш екенін жеткізді.
Дәл осындай соғыс даласындағы жауынгерлердің ерліктері жайлы ҚР ҰҚК-нің генералы, Алматы облысының Құрметті азаматы Амангелді Құрманғалиев, Қарасай ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Ерлан Абдыкалыков, «Таулы Қарабах қақтығысы ардагерлері мен мүгедектері» қоғамы бірлестігінің Қарасай ауданы бойынша төрағасы Әділбек Қаналиев, Қарасай аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, ауған соғысының ардагері Серік Бертайұлы әңгімелеп, қайсар, өр рухты азаматтардың майдан даласындағы батыл әрекеттері жастарға жігер беретінін жеткізді. Сондай-ақ бұл шарада Таулы Қарабах аумағындағы шиеленіс жайлы бірнеше кітап жазған қоғам белсендісі, журналист Насиха Ғұмарқызы да көпшілікке екі ел арасында орын алған соғыс туралы ойын білідірді. Ардагерлердің батырлығын мақтан тұтып, қақтығыс жайлы өзі жазған бірнеше кітапты аудан әкімдігіне және бірнеше әскери азаматтарға тарту етті.
Шара соңында барлығы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр бабаларымызға тағзым етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.