Биыл Екінші дүниежүзілік соғыс аталған алапат зұлымдықтың аяқталғанына, Ұлы Жеңіс мерекесіне 78 жыл толды. Қазіргі таңда сол жеңістің қуанышын ауданымызда небәрі үш ардагер ғана қарсы алып отыр. Соңын бірі – Адиш Абдраимов. Бір ғасырды артқа тастап, биыл 9-шы мамыр күні жеңістің 78 жылдығымен қатар соңғы құжатында көрсетілгендей 102-ші көктемін тойлайын деп отырған Адиш атамыз бүгінде ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында тұрып жатыр.
Ардагер қариямыз 1918 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған (бұрынғы атауы Яны-Курган) ауданында дүниеге келген. Алайда кейінгі жылдары құжаттарын жоғалтып алып, қайта қалпына келтірген кезде атамыздың туған жылын 1921 деп көрсеткен.
Соғыс кезінде, бірнеше рет әскери тұтқынға түсіп, азаптың барлық түрін көрген Адиш атамыздың балалық шағы да оңай болмаған.
– Бастапқыда біздің отбасымыз өте жақсы тұрған болатын, – деп балалық кезін еске алды Адиш ата. – Кейіннен қазақ байларын қудалау басталған кезде отбасымызбен Ауғанстан жеріне көшуді ұйғардық. Алайда, жарты жолда әкем: «Өлсем, туған жерімде өлемін» деп жеткен жеріміз Мақтааралда қалып қалдық. Біраз уақыт өткеннен кейін әке-шешем қайтыс болып, ағамның қарауында қалдым. Есейген кезімде Мәскеуге оқуға кеткен ағама «троцкист» деп айып тағылып, шет елге айдауға жіберілді. Кейіннен ол сол жерде қайтыс болды. Осылайша жас кезімде жақындарымнан айырылдым.
Адиш ата 1938 жылы Украинадағы Харьков қаласындағы фармацевтикалық институтқа оқуға түсіп, 1939 жылы денсаулығына байланысты Ташкенттегі институтқа ауысқан. Бірақ бұл жердегі оқуын аяқтай алмаған. Себебі 1940 жылы үшінші курста оқып жүргенде Ташкент қаласының Куйбышев аудандық военкоматынан Кеңес Армиясы қатарына шақырылыпты.
Қатардағы жауынгер Абдраимов 1940 жылдың қарашасынан 1941 жылдың маусымына дейін 180-ші запастағы атқыштар полкінде, 1941 жылдың маусымынан Орлов әскери округінің 173-ші атқыштар полкінде қызмет еткен. Сол жылдың тамыз айында өзі қызмет етіп жүрген полкімен бірге Смоленск облысының Рославль қаласына жақын жерде жаулардың қоршауында қалып, тұтқынға түскен. Біраз уақыт Германияда, Гамгург маңындағы Бергиндорф қаласындағы әскери тұтқындар лагерінде, одан кейін 1945 жылдың сәуірінен 9 мамырға дейін Гамбург жанындағы Ноянгамме концлагерінде болған.
Ардагердің қызы Баян апайдың айтуынша, әкесі үшін соғыстың ең қиын кезеңі ол тұтқында болған уақыты екен.
– Бала кезімізде біз әкімізден соғыс жайлы көп сұрайтынбыз, бірақ есейе келе ол кісі үшін бұл тақырып қаншалықты қиын екенін түсіндік. Кейіннен сұрауды да қойдық. Бір білетініміз біздің әкеміздің соғыс майданындағы ең жаман естеліктері оның тұтқында болған уақытымен байланысты. Тіпті, қазір біраз уақыт өтсе де әлі күнге дейін шайқас кезінде тұтқынға түскендер жайлы киноларды көп көргісі келмейді, – дейді ардагердің қызы.
Жеңіс таңы атып, тұтқыннан босап шыққаннан кейін Адиш атамыз жат жерде қалып, Шверин қаласындағы фильтрациялық пунктінде жұмыс істеп, өзі сияқты соғыс тұтқындарын қабылдап, еліне қайтуға көмек көрсеткен. 1945 жылдың желтоқсанында 14-ші жұмысшы батальонының құрамында Кострома облысына іс жүргізуші болып келді. Ал 1946 жылдың қаңтарынан 1947 жылға дейін Кострома облысының Антроповский ауданында Долматов ағаш кесу зауытында хронометраж, клуб меңгерушісі болып жұмыс істеген. Тек 1947 жылдың қазанында КСРО Министрлер Кеңесінің КСРО азаматтарын елге қайтару жөніндегі басқармасының және КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Әскери қызмет басқармасының рұқсатымен, сондай-ақ «Химлеспром» тресінің бұйрығымен туған жері Қызылорда облысына қайтып оралды.
Жастайынан білімге құмар, Адиш атамыз соғысқа бармай тұрып өз өмірін ғылыммен байланыстырғысы келген.Сондықтан туған жеріне қайтып келген кезде арманын іске асырып, ғылым саласына ден қойған.1948 жылы қыркүйек айында Ташкент қаласында орналасқан Ленин атындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің (ОАМУ) биология және топырақ факультетінің екінші курсына оқуға түсіп, оны 1952 жылы тәмамдаған.
Аттестатталған маман атанған Адиш ата 1954-1958 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Қазақ кешенді тәжірибе станциясында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. 1958 жылдың желтоқсанынан 1961 жылға дейін аспирантурада оқып, одан кейін 23 жыл – 1961 жылдың желтоқсан айынан 1985 жылдың желтоқсан айына дейін Пахта-Арал тәжірибе стансасының өсімдік физиологиясы зертханасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ұрпақ тәрбиелеу ісімен айналысқан, ағайын-туыстарымен тығыз байланыс орнатқан.
1946 жылы құдай қосқан жары Гүлбану апамызбен тату-тәтті өмір сүріп, екі ұл мен екі қыз өмірге әкеліп, оларды аяқтандырып, немере-шөберелерін көріп, әкелік-аталық парыздарын орындаған.
Соғыстың, фашисттік тұтқынның барлық азабын тартып, берілмей өзін жоғалтпай өскелең ұрпаққа үлгі болып отырған атамыз бүгінде өзінің балалары мен немере, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.