Жылдың ең жылы уақыты жаз мезгіліне дейін аз ғана уақыт қалды. Күннен-күнге ауа райы жылынып барады. Бұл көптің күтетін мезгілі болғанымен жаздың кезінде өрт қаупі күшейе түседі. Әсіресе, далалық алқаптар мен ормандарда табиғи өрттің шығу ықтималдығы екі есеге артады. Мұндай оқыс оқиғалар сол жердің ғана емес, сондай-ақ жақын маңайда орналасқан елді мекендер үшін де қауіпті. Сондықтан да күннің ысуына жеңіл-желпі қарамай, әркез абай болу керек.
Апатты жағдайлардың алдын алу, оны тоқтату бағытында жұмыс жасайтын еліміздегі төтенше жағдайлар мекемелері жыл сайын өрттердің алдын алу бойынша жоспарлы түрде іс-шаралар өткізіп отырады. Аптаның сейсенбісі күні Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі аталған жоспарға сәйкес аудан аумағында ауқымды түрде өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Аталған шара «Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің Ақсай филиалы, аудандық төтенше жағдайлар және Қаскелең қаласының № 5 өрт сөндіру бөлімі, аудандық полиция басқармасы, аудандық жедел жәрдем қызметкерлері және бірқатар ауылдық округтерінің ерікті өрт жасақшыларының қатысуымен саптық жиыннан басталды. Оның барысында ерікті өрт сөндіру және құтқару қызметтерінің дайындығы тексерілді. Оған арнайы келген Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжеханұлы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбековпен, аудандық прокуратура өкілімен бірге сапта тұрған әр мекеменің дайындығын, қызметкерлердің әзірлігі мен қажетті құрал-жабдықтардың сапасын тексеріп шықты. Сондай-ақ тексеріс барысында байқаған мәселелерді сөз етіп, жиналғандардың киімдері мен құралдары бойынша қандай өзгерістер енгізу қажет екенін айтып өтті. Жалпы саптық жиынға 102 адам мен 13 арнайы техника жұмылдырылды.
Мұнан кейін өртті сөндіру әдістерін үйрету және ондай кезде әрекет ету қажет іс-қимылды жақсарту бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді. Тактикалық жаттығу кезінде «Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің және округтерде құралған ерікті өрт сөндіру жасақтары далалық жерде өрт пайда болған сәтте қалай әрекет ететіндерін, өздерінің тілсіз жаумен күресу кезінде қолданатын әдістерін көрсетті. Сондай-ақ тәжірибе алмасып, өрт кезінде істеу керек өзара іс-қимыл дағдыларын жетілдірді.
Бұған қоса бұл күні жас еріктілер құтқарушылармен бірге топқа бөлініп, бір сектордағы үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздіктің негізгі талаптарын, үй маңындағы аумақты қоқыстан және құрғақ шөптен тазарту кезеңінде қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін түсіндіріп, отпен байланысты қауіпті жағдайлардың алдын алуға бағытталған жадынамалар таратты. Сонымен қатар ауаны тексеру және өрт ошақтарын жедел анықтау үшін учаскенің Шығыс және Батыс бөліктеріне дрон ұшырды.
Насихаттық жұмыстардан кейін Іле-Алатау Түрген филиалында орман өрттерінің алдын алуға бағытталған дөгелек үстел ұйымдастырылды. Оның барысында қатысушылар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын және өрттің алдын алу шараларын талқылады.
Ауқымды түрде өткен шара соңында Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Самат Кенжеханұлы оқу-жаттығуды қорытындылап, атқарылған жұмысқа және дайындық деңгейіне оң бағасын берді. Дегенмен, алдағы уақытта далалы аймақтарда өрттің орын алмауы үшін табиғат аясына демалысқа шыққанда жаққан отынды қараусыз қалдырмау, темекі тұқылын тастамау, қураған шөптердің айналасына күнге тез қызатын шыны құтыларды лақтырмау керектігін ескертті. Сондай-ақ аудан тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын күшейту қажеттігін де жеткізді.
Осылайша аудан аумағында жүйелі түрде ұйымдастырылып отыратын оқу-жаттығулардың кезекті жиыны өткізілді. Бұл қарасайлық құтқарушылардың және де мекемелер қызметкерлерінен жасақталатын еріктілердің тілсіз жаумен күрес бойынша дағдыларын пысықтап, жылдам әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.