Ісмерлікті, шеберлікті, шынайы талғамдылықты қажет ететін ата-бабамыздан қалған қолөнерді бағалайтын қазақтар арасында ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп, тігін тігіп, бұйымдар жасап жүрген шеберлер елімізде аз емес. Бүгінде олардың көбі заман ағымына сай өнерлерін дамытып, осыған дейін мән бермеген өзге де материалдарды қолдану арқылы тың дүние жасап шығаруды қолға алған. Солардың бірі ретінде он саусағынан өнері тамған қаскелеңдік шебер Гүлназ Қайыпованы айтуға болады.
Мемлекеттің қолдауы арқылы бір жылдан бері ерекше кәсіп түрімен айналысатын шебер түрлі кәдесыйлар мен ақша жинауға арналған қобдишалар, мүсіндер сағаттар жасайды. Бұл өнер түрін ол интернеттен қарап жүріп үйренген. Одан әрі білімін шеберлік сабақтарына қатысу арқылы жетілдіріп, аз уақыттың ішінде оны жақсы кәсіпке айналдырып үлгерген.
Гүлназ бала кезінен шығар-машылыққа жақын болған. Тігін тігіп, құрақ құрастырумен айналысқан әжесіне көмекші болып жүріп, өзі де осы тігіншілік өнерін меңгерген. Кейіннен бұл оның қызығушылығына айналып, арасында көрпе, құрақ көрпе секілді өзіне қажет нәрселерді тігіп үйреніпті. Дегенмен оның бұл қызығушылығы тұрмысқа шығып, бала туғанға дейін жай ғана хобби болып қала берген.
Нақтырақ айтқанда, Гүлназ біраз жылдар бойы Алматы қаласындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Ұстаздық қызметте жүріп арасында тапсырыс бойынша тігін тігіп, моншақтардан түрлі бұйымдар жасаған. Кейіннен бірінші баламен декреттік демалысқа шыққан. Жұмысқа қайтып оралам деп жүргенде екінші баласына аяғы ауыр болып мектептегі жұмысын тастауға мәжбүр болыпты. Әр күнін бос өткізбей, уақытың пайдалы жұмсауды ұнататын Гүлназ балалармен отырып қалған кезінде үйден шықпай-ақ табыс әкелетін кәсіппен айналысуды ұйғарған.
– Жалпы өзім айтып өткендей, ұстаз болып жүріп біраз уақыт әжемнен үйренген тігіншілікпен қатар моншақтардан сөмке, ваза, әртүрлі заттар қоятын ыдыстар жасаумен айналысқан едім. Кейіннен декретке шығып, өзімнің кішірігім кәсібімді дамытуды ұйғардым. Әрі ойланып, бері ойланып кәсіпкерлік мақсатта берілетін гранттық конкурсқа қатысуды жөн көрдім.
Сөйтіп, аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында берілетін қайтарымсыз гранттың конкурсына қатысып, 400 АЕК көлемінде қаражатты ұтып алдым. Көп адамның ішінде жеңіске жетіп, мемлекет тарапынан ақша алғаннан кейін қандай іспен айналысатынымды ойлана бастадым. Біраз ізденістен кейін гипстен мүсіндер жасауды шештім. Солай қасыма бір көмекші алып, үйді әсемдеуге және бақшаға арналған мүсіндерді, тиын жинағыш секілді сыйлық ретінде беруге лайықты дүниелерді шығара бастадым. Бұған қоса эпоксидті смола арқылы әртүрлі пішіндегі сағаттарды жасауды да қолға алдым. Бұлардан бөлек тойдың заттары бойынша да тапсырыстар қабылдаймын, – дейді кәсіп иесі.
Қолөнершінің айтуынша, жұмысының бастапқы кездері дайын пішіндерді қолданған. Кейіннен өзгелерден ерекшелену үшін селикон арқылы жаңа пішіндер жасап, өзінің ерекше мүсіндерін шығара бастаған. Жалпы егер оны ешкім мазаламаса бір күнде гипстен 100-ге жуық заттар жасауға болады екен. Ал эпоксидті смола арқылы жасалатын сағаттарға келетін болсақ, мұнда өте мұқият болу керек. Өйткені эпоксидті смола өте улы болғандықтан жұмыс жасау барысында арнайы бетперде қолдану қажет.
Бүгінде еңбегін әлеуметтік желі арқылы жарнамалап, еліміздің әр аймағынан тапсырыс қабылдап отырған келіншектің ісі көз сүйсінтеді. Алғашында тек Қаскелең қаласы бойынша тапсырып қабылдаған Гүлназ қазіргі уақытта Алматы мен Қаскелеңдегі бірнеше үлкен ойын-сауық орталықтарымен келісімшарт жасасып, солардан тапсырыс қабылдап отыр. Мұнан бөлек бүгінде жұмысы өрге басып келе жатқан Гүлназ көптеген сұранысқа байланысты шеберлік сыныптарын да өткізіп отырады.
– Қазіргі таңда өзім секілді көпбалалы аналарға шеберлік сыныптарын өткізіп үйлерінде отырып-ақ пайда табуды үйретудемін. Олардың көбі қазір өзінің кәсібін де бастап үлгерді. Айта кетерім, менің сабақтарымда тек эпоксидті смоламен жұмыс жасау ғана көрсетіледі. Себебі гипстен мүсіндерді кез келген адам істей алады. Ал эпоксид өте улы материал. Онымен аяғы ауыр әйелдер айналысуға мүлдем болмайды. Оның үстіне оны қолдану кезінде өзінің мөлшерлемелерін ескерту қажет. Тіпті бір түсті шығару үшін де жеке техниканы қолдану керек. Міне осының бәрін аналарға шеберлік сабақтарында үйретемін, – дейді Гүлназ.
Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында болашақта жүзеге асыратын жоспарының аз еместігін білдік. Түсінгеніміздей, қолға алған жұмысын жандандырып, өзінің қазіргі кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Қазіргі уақытта қолөнер шеберінің жоспары – өткен жылы үйінің ауласында сала бастаған шеберханасын аяқтап, қосалқы төрт жұмысшы жалдау. Сондай-ақ дайындаған дүниелерін көрсету үшін Гүлназ Қаскелеңнен кішігірім дүкен ашуды да ойлап отыр. Осыған байланысты ол бүгінде қаладан дүкенге арналған нысан іздеуде. Жалпы жоғарыда аталғандардан бөлек қолөнер шебері алдағы уақытта балалар мен аналарды қолөнерге үйрететін дамыту орталығын ашуды көздеп отыр.
– Әлбетте, кез келген қолөнер кәсібі өте төзімділікті қажет етеді. Тапсырыс берушінің әрбір талғамына сай дүние жасау үлкен жауапкершілік. Сондықтан қолым қалт етсе, ізденіс үстінде жүремін. Ең бастысы, тұтынушыларым бар, сапаға мін айтқанды көрмедім. Алдағы уақытта осы кәсіпті жақсы деңгейге көтеріп, үлкен бизнес ретінде дамытсам деймін. Жоспар көп, тек уақыт қажет, – дейді қолөнер шебері.
Бала қарап, үйдің шаруасын да атқарып өз кәсібін дөңгелетіп отырған біліктілігі мен іскерлігі мол көп балалы Гүлназға жұмысына тек сәттілік тілейміз. Мемлекеттік қолдаудан қапы қалмай, істің көзін таба білген кәсіпкердің әр бастамасы берекелі болғай.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.