Жылда дүниежүзінде жаз маусымының алғашқы күні, яғни маусым айының бірі әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам – Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтілетіні белгілі. Балғын бүлдіршіндерімізге арналған мейрам қарсаңында ауданымыздың орталық Мәдениет үйінде «Балауса бағым, шаттық пен қуаныш ордасы» атты мерекелік іс-шара өтті.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған кеш ерекше күтім қажеттілігі бар өнерлі балғындарға арналды.
Мерекелік шараны аудандық Мәдениет үйінің директоры Анар Бесікбайқызы ашып, өнерлі бүлдіршіндерді келе жатқан мерекелерімен құттықтап, оларға деген ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, жалпы алғанда бөбектерге қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек белгіленген бір күн емес, әрқашан да үлкендердің назарында болуы тиіс екендігіне тоқталып өтті.
Шығармашылық фестивалінде мүмкіндігі шектеулі жас жеткіншектер өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Түрлі-түсті әдемі киімдерді киген балғындардың кейбіреулері қоларбада отырып-ақ жиналғандар алдында ән орындаса, енді біреулері би биледі, әсерлі көркемсөз оқығандары да болды. Өнерлерін көрсеткен әрбір өнерпаз жұртшылықтың ыстық ықыласына, зор қошеметіне бөленді.
Шара соңында Мәдениет үйінің директоры мерекелік кешке қатысып, бар дарындарын көрсеткен балаларға ризашылығын білдіріп, өз атынан Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар тарту етті.
Осылайша бұл шығармашылық фестиваль өнерлі бүлдіршіндердің жүрегіне қуаныш, көңіліне шаттық, жүздеріне күлкі сыйлады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.