Білім берудің ерекше түрін қажет ететін балалардың сана-сезімін, ой-қиялдарын жан-жақты қалыптастыруды мақсат еткен №17 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің бүгінгі таңда жұмысы басталып, жандана жалғасып келеді. «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған бұл орталық алдағы уақытта ерекше балалармен жұмыс істейтін дефектолог, психолог, логопед, массаж, тифлопедагог, сурдопедагог сияқты білікті мамандардың қатарын арттыруды көздеп отыр. Бір айта кетерлігі, мұнда тәрбиеленуші балалар тұрғылықты жері бойынша тегін қызмет алып, ой-өрістерін қалыптастыра алады.
Қазіргі таңда мекеменің ауласында ерекше білім алушыларға арналған жеңіл түрде шынығатын ойын алаңы бар. Оған қоса, өткен аптада осы орталықтың ішіндегі арнайы кабинетке «Гросс» жаттығу құрылғылары орнатылды. Бұлшық ет қызметін жақсартуға арналған бұл спорттық құрал-жабдықтардың авторы Юхан Гросс екенін айта кеткен жөн. Мәскеулік азамат өткен аптада аталмыш мекемеге арнайы келіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ата-аналарға, сондай-ақ, Алматы облысы бойынша ашылған түзеу кабинеттерінің емдік дене шынықтырумен айналысатын мамандарына шеберлік сабағын өткізді. Оның барысында Юхан Артурұлы буындардың қалыпты қозғалуына қатысты кеңесін беріп, бірнеше жаттығу үлгілерін де көрсетті. Осыдан кейін білікті ресейлік маман арнайы кабинетте орнатылған «Гросс» жаттығу құрылғыларын таныстырып, оның қолдану тәсілдерін де үйретті. Жалпы, бұл спорттық жабдық тірек-қимыл жүйесіне түсетін жүктемені жеңілдетіп, буындардың қалыпты қозғалуына ықпал жасайды және тік бағытта жаттығу жасай алмайтын балалардың қозғалуына мүмкіндік береді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.