Көз жанарынан айырылса да қоғам өмірінен тысқары қалмайтын зағип жандардың жаратылысы бөлек. Тек түйсіктің сезімталдығы арқылы олар барлық іске икемділігін көрсете біледі. Олардың мейірімі, көзқарастары, ой-тұжырымдары, түйсіктері ерек. Бойдағы күш-жігер, іштегі бұлқыныс оларды өмірді ынта-шынтасымен сүюге жетелейді. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобы – ерекше қажеттілігі бар жандар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», – деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажеттігін тапсырды. Осыны негізге ала отырып, «IT-services & Education» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Қапанов әлеуметтік жоба ұсынған болатын. 2021 жылы бұл бастама сол кездегі Алматы облысының әкімі (Жетісу мен Алматы облыстары бөлінбеген кез) Амандық Баталовтың көңілінен шығып, аймақ басшысы оның жүзеге асуына қолдау білдірді. Аталған жоба аясында Қарасай ауданының орталығында орналасқан Қаскелең мәдениет колледжінде сегіз зағип жан «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша оқуға мүмкіндік алды.
Аталған әлеуметтік жобаның авторы Қуаныш Болатбекұлы – Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны, өзі де зағип жан. Ол бойындағы шектелген мүмкіндігіне қарамастан белсенді. Білімді азамат кітап нәрімен сусындап, оқу, жаңа ақпаратты меңгеруге жаны жақын. Дегенмен, өкінішке орай, елімізде ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған кітапханалар тек облыс орталықтарында ғана бар. Осы мәселемен бет-бет келген Қуаныш Қапанов әр ауылда болмаса да, кем дегенде аудан орталықтарында ерекше жандарға бейімделген, кітап қоры жинақталған оқу орталықтары болса деген ниетті көкейінде қалдырмай, жүзеге асыруды жөн санады. Бұл бастаманы негізге ала отырып, жүйеленген жоба жасады. Сонымен қатар, мұндай орталықтарда өздері сынды ерекше қажеттілігі бар жандар кітапханашы болса, оларды да жұмыспен қамтуға жақсы мүмкіндік болатыны жайлы ой келді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында «Кітапханашы» мамандығын оқыған азаматтар жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан алдыңғы кезекте ерекше жандарды кәсіби түрде мамандық игеру мәселесі туындайды. Қуаныш Болатбекұлы аталған әлеуметтік жоба аясында туындаған мәселелердің барлығын қамтып жүйеге келтіріп, облыс басшылығына ұсынды. Бастама бірден қолдау тауып, оқуға ниетті азаматтардың тізімі жинақталды. Ал, ерекше жандар кәсіби білім алу үшін ауданымыздағы Қаскелең мәдениет колледжімен келісім-шарт жасады. Өз кезегінде жоба авторы Қуаныш Қапанов алдыңғы кезекте қолдау білдірген сол кезде Алматы облысының әкімі болған Амандық Баталовқа және Қаскелең мәдениет колледжінің директоры Саят Ақбасовқа ерекше алғысын жеткізді.
Осылай аталған жоба аясында Қаскелең мәдениет колледжінде сегіз зағип жан «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша оқуға мүмкіндік алды. Олардың төртеуі Жетісу облысынан болса, ал қалған жартысы Алматы облысының тұрғындары. Биыл аталған орта білім ордасының алғашқы ерекше түлектері дипломдарын қолдарына алып, мамандық иесі атанды.
«Кітапхана ісі» мамандығы тобының кураторы Алтынай Салқынованың айтуынша, тобындағы 25 студенттің 8-і ерекше жан. Оларға инклюзивті оқу бағдарламасы арқылы дәріс беріліп, Платонов және Брайл сынды жобалар ерекше студенттерінің оқуын әлдеқайда жеңілдеткен, кейбір сабақтарды қашықтан оқуға мүмкіндік алған. Білім алуға ұмтылған, ерекше түлектердің үлкені 52 жаста болса, ең кішісі 20 жаста екен. Орта жастан асқан шағында білім алуға құштар болған Іле ауданы Қосөзен ауылының тұрғыны Талғат Байболов топтағы жасы ең үлкен студент. Соған қарамастан, сабақты жібермей қатысып, берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындаған. Осы уақытқа дейін өзінің жеке кәсібімен айналысып келгенімен, көзінің көруі жыл сайын нашарлаған. «Сондықтан кітапханашы болып істейсің дегенде қуандым» – дейді Талғат өз сөзінде. Ал, оның топтасы Нұрбол Абдуллаев та Іле ауданының тұрғыны. Олар көптің сөзіне қарай, білім алып, дамуды таңдаған.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде бұрынғымен салыстырғанда елімізде барынша мүмкіндік жасалған. Әсіресе, Қуаныш Қапанов ұсынған бұл жоба біз сияқты жандар үшін үлкен көмек, қолдау болды. Қаскелең мәдениет колледжінің директоры мен ұстаздар қауымына өзімнің және топтастарымның атынан үлкен алғысымды білдіремін. Біздің ерекше қажеттілігімізге қарамастан, білім алуымызға бар мүмкіндік жасай білді. Дипломдарымызды қолымызға тапсырып, жаңа өмірге қадам басуға жол ашты. Десе де қазіргі уақытта бірқатар қиындыққа тап болдық. Мәселен, диплом алғаннан кейін жұмыс жоқ демейміз, ұсынылып жатыр. Десе де тұрғылықты жеріміз бойынша емес. Қарасай ауданының кітапханасына Іледен келіп жұмыс істеу өте қиын, – деді өз сөзінде Нұрбол Шайғазыұлы.
Өмірге құштар ерекше қажеттілігі бар жандар колледжді тәмамдаған соң жұмысқа орналасу барысында туындаған жалғыз мәселе бұл емес. Айтуларынша, мамандық бойынша кітапханаға кіргенімен, қоғамдық жұмысшы ретінде келісімшарт арқылы алты ай немесе 1 жылға ғана тіркеледі екен. Қоғамдық жұмыс бұл уақытша болғандықтан, мерзімі аяқталған соң мүмкіндігі шектеулі жан бұл орынды босатуы қажет болады. Сонымен қатар, тұрақты жұмыс орны болмағандықтан бұл жағдайда еңбек демалысына немесе ауырып қалған кездерінде ақы төленбейді. Өздерінің ерекше қажеттілігі бар жандардың мұндай талаптарда жұмыс істеуі өте қиын. Сондықтан аталған жоба өз кезегінде жүйелі шешімін тапса екен деген ниет бар.
Зерттеулерге көз жүгіртсек, зағип жандар қоршаған ортаны көзбен көрмесе де, кейбір дені сау адамдардан артық белсенді жұмыс атқарады екен. Олар қоғамға масыл болғысы келмейді. Сол себепті, қолдарынан кез келген жұмыстан қашпайды. Барлық жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.