Осыдан бір апта бұрын аудандық Мәдениет үйінде Энергетиктер күніне арналған «Елеулі еңбек» атты салтанатты шара өтті. Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтың қатысуымен өткен мерекелік жиында өңірдің энергетикалық жүйесін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген сала мамандарының іскерлігі айтылды. Сондай-ақ еңбектеріне құрмет көрсетіліп, бірқатары марапат төрінен көрінді.
Шараның шымылдығын ашқан аудан басшысы жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізумен қатар энергетика саласының қызметкерлері ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүргендерін атап өтті.
– Қарасай ауданы – Алматы облысындағы ең серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде ірі және орта кәсіпорындар жалпы өнеркәсіп өнімінің 90 % құрап, 6,5 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұндай қарқынды даму энергетика саласының тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуін талап етеді. Осыған байланысты ауданда электр желілерін жаңғырту, ескі қосалқы станцияларды қайта жаңарту, жаңа қуат көздерін іске қосу және электр желілерінің өткізу қабілетін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Аудан әкімдігі тарапынан бұрын жекеменшік және иесіз болып келген жалпы саны 249 трансформаторлық қосалқы станция мемлекет теңгеріміне қабылданып, олардың бір бөлігі «Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының сенімгерлік басқаруына берілді. Соның нәтижесінде «Асыл Арман», «Алтын ауыл», «Өмірұзақ» тұрғын үй кешендері мен ықшам-аудандарындағы мыңдаған абоненттің электрмен қамтылу сапасы айтарлықтай жақсарды. Оған қоса Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» ықшам ауданының трансформаторлық қосалқы станциясы жаңғыртылып, электр энергиясының тұрақтылығы қамтамасыз етілді.
Энергетика саласындағы жұмыстар түнгі жарықтандыру бағытымен де тығыз байланысты. Осы ретте 2025 жылы аудан бойынша 13 елді мекеннің 38 көшесіне яғни, 31 шақырымға жарықтандыру жүргізіліп, қолданысқа берілді. Биылғы жылы аудандағы нысандарға жылу беру маусымы уақтылы басталды. Қаскелең қаласында білім беру мекемелері мен аудандық аурухананы жылумен қамту үшін блокты-модульдік қазандықтар орнатылып, «Қарлығаш» ықшам ауданындағы қазандықтар толық жаңартылды, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Құттықтау сөзінен кейін аудан әкімі бір топ маманды облыс әкімінің және өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Шарада өзінің жылы лебізін аудандық электр жүйелері торабы басшысының орынбасары Азамат Тезекбаев та білдіріп, бірқатар қызметкерлерге мекеме басшысының атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен тәмамдалды.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
