Қарасай халқы Жеңіс күнінде Отан үшін отқа түскен батырлардың бірі Үсенбай Тастанбеков-тың құрметіне көше атауы берілгеніне куә болған еді. Алайда бұл игі істің орындалуы жолында біраз жұмыс атқарылды. Осылайша батырдың ерлігі мен еңбегі ескеріліп, Қаскелең қаласындағы SDU университетінің маңындағы көшеге Үсенбай Бақтиярұлының есімі беріліп, тарихы мәңгіге сақталды.
Жалпы ұлы тұлғалардың құрметіне мемлекеттік нысандарға, қала, аудан, ауыл және көшеге атаулар беру – халық қолдайтын ізгі іс. Себебі ел үшін, жер үшін өзінің жастық шағын арнап, еңбек етіп, ілім жинап білім берген азаматтардың есімі ел есінде мәңгі қалуы керек.
Дәл осындай халқына жарық сыйлаған қарасайлық тұлға Үсенбай Тастанбековты ұлықтап, білім ордасына оның есімін беру ұсынысы жақында аудандық кітапханада өткен жиында талқыланды.
Басқосуға Үсенбай Тастанбековтың көзін көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер-ұстаздар Ақлима Көсемова мен Нағима Сағатқызы, Қарасай аудандық мәслихаттың депутаты Атлана Исаева, Батан ауылындағы орта мектептің директоры Шолпан Оспанова, Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ләззат Болатқызы секілді ауданның зиялы қауымының өкілдері сондай-ақ туған туысқандары қатысты.
Айта кету керек, ҰОС-ның ардагері туып өскен Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батан ауылында осыдан 3 жыл бұрын үлкен мектеп ашылған болатын. Аталмыш білім ошағына әлі күнге дейін ешбір атау берілмеген.
Жиынға қатысушылар бәрі бірауыздан жоғарыда атап өткен ұсынысты жүзеге асыру үшін әр тараптан ұсыныс хат жазылуы керектігін жеткізді. Ендігі кезекте тарихи тұлғаның есімін білім ордасына беру үшін алда үлкен жұмыстар күтілуде. Соның алғашқы қадамы ретінде тиісті мекеме мен бірлестіктерден жеке-жеке ұсыныс хаттар жазылуы қажет.
Ардагер-ұстаз Ақлима Көсемованың сөзіне сүйенсек, Үсенбай Тастанбеков өз уақытында 17 қазақ мектебін ашып, орасан зор еңбек сіңірген.
«Оның заманында осындай жауапты істі жүзеге асыру екінің бірінің қолынан келе бермейтін игі іс еді. Сондықтан да дәл осындай тұлғаға және оның құрметіне арнап білім ордасының атауын беру лайықты іс болмақ», – деді ардагер-ұстаз А.Көсемова.
Шұғыла ТЫНЫС.