Өткен жексенбіде Қарасай ауданындағы ең ірі кәсіпорындар шоғырланған Елтай ауылдық округінде жергілікті әкімнің сайлауы өткен болатын. Оның нәтижесі бойынша саяси додаға қайта түскен, 2021 жылдан бері осы уақытқа дейін округті басқарып келген Біржан Махатов сайлаушылардың сеніміне ие болды. Осылайша дауыс беру қорытындысына, сондай-ақ «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 36-бабының 4-тармағына сәйкес аудан әкімінің өкімімен Біржан Манатұлы Елтай ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалды.
Округ әкімін ресми түрде қызмет орнына отырғызу үшін сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек Елтай ауылдық округінің әкімдігіне арнайы барды. Біржан Махатовты ауыл белсенділерінің алдында құттықтап, алдағы ісіне сәттілік тілеп, округті дамыту жолындағы жұмыстарын одан әрі жемісті жалғастыратынына сенім білдірді.
Біржан Манатұлы 1994 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. 2016 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша бакалавры дәрежесін, ал 2017 жылы Д.Қонаев атындағы университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 2016 жылы жоғары оқу орнында білім алып жүріп, бүгінде өзі басқарып отырған Елтай ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып бастаған. 2017-2018 жылдары Ұмтыл ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман, 2018-2019 жылдары қайта Елтай ауылдық округінің бас маманы болып еңбек еткен. 2019 жылы Іргелі ауылдық округі әкімі аппаратында әкімнің орынбасары, 2019-2021 жылдар аралығында Қарасай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы ретінде қызмет еткен. Ал 2021 жылдың 27 шілдесінен бастап бүгінгі күнге дейін Елтай ауылдық округінің әкімі лауазымында жұмыс атқарған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ