Аспантаулар!..
Елшенбүйрек етегі,
Батырлар мен ақындардың мекені.
«Қарасаз» деп аталатын ауылға,
Өнер қонып, құт дарыған деседі…
– деп жазыпты Елеусіз өзінің «Ауылға сәлем!» атты өлеңінде.
Иә, иә, бұл қасиетті қазақтың жан жүрегін өлмес, өшпес жауһар жырларымен әлдилеген, өміріне әр берген, көңіліне сән берген ұлы Мұқағали кең дүние есігін еркеле, ентелей ашқан жер! Онымен қатарлас, қанаттас шыққан шырынды, шырайлы өлеңдерімен, ойы терең поэмаларымен қалың жұртын дүр сілкіндірген Еркін Ібітановтың да кіндігі осында кесілген. Басқа да талантты, талапты қарасаздықтар жетеді. Сол қатардан ойып тұрып орын алатын ардақты азамат Елеусіз Ахметкерімұлы десек, артық айтпағанымыз болар.
***

Елекең де 1955 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданында дәл осы ерекше елді мекен – Қарасазда туған екен. Кішкене кезінен-ақ әрнәрсеге елти қызығатын, өзінше жақсы ісімен балалық өрнек салуға ұмтылатын, қандай жағдайда да қатарынан қалмауға құлшынатын қара баланың талабы таудай болатын. Өзіндік күш, өзіндік талпыныс, өзіндік мақсат оны 1973 жылы Қарасаздағы Энгельс атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін, аялдатпай, алды-артына қаратпай алысқа – жарқын болашаққа ала жөнелді!.. Ол – титтейінен Құдайдың құдіретімен санасына сыналап кірген адам, нағыз адам боламын деген шын ниет, шынайы тілек еді.
… Бірақ, иә, бірақ, жоғарғы оқу орнына алғашқы «жорығы», конкурстан өте алмай, сәтсіздікке ұшырады. Алайда тауы шағылып, жанын алатын тажалын көріп тым-тырақай қашқан қояндарға ұқсап тасаға тығылып қалған жоқ… Ылдым-жылдым қысқа мерзімді курсты бітіріп, сол тұста жаңа құрылған Күрті ауданындағы Статистика басқармасында бір-екі жыл экономист болып істеді.
Ал 1975 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, аталған жоғарғы оқу орнын 1980 жылы «география, биология пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бітіріп шығып, кемел келешегіне адастырмай апарар ұзақ жолының басына үкілеп үкі тақты!.. Бес жыл бойы топтың «бақандай басшысы» – старостасы болыпты. Бұл да оның қабілет-қарымынан хабар берсе керек.
***
Осы тұста бір атап айтарлығы, Елеусіз мектептегі бала күнінен негізінен қазақ тілі мен әдебиет пәнін сүйіп оқыған екен. Одан кейінгі орындарда кең ойлы оғланға география, математика, физика пәндері тұрыпты.
Ол мектепте жүрген шағынан жазуға икемімен көп көріне бастаған. Бұл сөзімізге дәлел – 1972 жылғы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газеті редакциясынан көкөрім жас оқушы Елеусізге жолданған хат. Газет журналисі Ж.Кейкелов қол қойған бұл хатта оның бұрын газетте бірнеше материалы жарық көргені айтылып, алда да белсенді тілші ретінде ауылдағы медицина, мәдениет қызметкерлері және тағы басқа туралы жазып тұруы жөнінде ұсыныс жасалған. Мұндай жылы лебіз Елеусізді, тіпті, қанаттандырып жіберді. Сөйтіп, штаттан тыс тілшінің бұдан соң да жергілікті басылымда талай мақаласы мен өлеңдері жарияланды.
***
Бірақ әдебиетті, әдемілікті сүйетін әдепті жігіт көбіне басқа салаларда жұмыс істеді. Ұзақ уақыт мұғалім болса да, Қарасаз ауылдық әкімдігінде, Мұқағали Мақатаевтың мұражайында қызмет етсе де бүйрегі жазушылыққа қатты бұрылып тұратын, қолы қалт етсе, басына сыймай жүрген ой-толғауын сыртқа шығару үшін, қаршығаша қадала қаламын алып, маңызданып мақала, өртеніп өлең жазатын…
Әйтсе де, Жалғас Келдібекова, Рысалды Қасенғазина, Бекетай Әбітов, Клара Смайылова, Күлсара Батырханова сияқты мықты мұғалімдерден сабақ алған, жоғары сыныпта Жұмаш Өтеева (кейіннен филология ғылымдарының кандидаты атанған) сынды ұстаздан тәлім алған Елеусіздің (әрине, өзінің де талап-талпынысының арқасы ғой) елден озбасқа амалы жоқ еді! Ал өте білімді, аса білікті маман, географ Омар Нәбиев «жазушы» баланың басты бағытын осы салаға бұра білді. Содан ғой, оның осы пәннен мұғалім болып ерекше еңбек еткені.
***
Елден озуды да ойлайтын Елеусіз 1995 жылы Талдықорған заң техникумын да бітіріп алды. Бұл да оның мына ғажабы мен ғажайыбы көп өмірде жан-жақты болғысы келетінін анық көрсетсе керек, тегінде.
Жан-жақтылық демекші, Елекеңнің қай қасиетін айтып тауысарсың!.. Осынау қырандай самғайтын, сұңқардай сұлататын, бүркіттей бүретін тау баласы ең алдыменен институтта алған мамандығы бойынша айтқанда, мықты педагог. Нарынқолда да, Қарасайда да мектептерде білгір ұстаз, білікті мұғалім болып еңбек етті.
Екіншіден, ол – жан-тәнімен ұлы жерлесіні
ң шығармаларын зерделей зерттеп, өзіндік ой түйген мұқағалитанушы. Осы орайда талай мәнді де мағыналы мақала жазды. Ең бастысы, 2013 жылы Алматыдағы «Мерей» баспасынан «Мұқағали ақынның атамекені» атты кітап шығарды. Сонымен қатар, «Мұқағали» энциклопедиясы авторларының бірі.
Үшіншіден, журналист-жазушы. Яғни, Елекең Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының білдей бір мүшесі. Ал мұндай дәрежеге әркімнің қолжеткізе бермейтіні де анық. Бұл үлкен еңбекпен жететін деңгей десе де болады. Осы жолда ол талай қалам қайрат-күшін жұмсады. Мәселен, Мұқағалиға арнаған кітабынан бөлек, 2023 жылы Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан «Көңіл көкжиегінде», биыл ғана «Дәстүр» баспасынан «Дәуір дауысы» деген кітабы жарық көрді.
Төртіншіден, өз жерін өле сүйген өлкетанушы, сан алуан өңірді асықпай аралаған саяхатшы. Мамандығы географ болғаннан ба, жоқ, білсем, біле түссем деген адами ынта-ықыласынан ба, ол, әйтеуір, көп жерді көргісі келіп, көп жерде саяхат жасауды ұнатады. Бұған «Кавказдағы Есенин мұражайы», «Жетісуды басып, Сарыарқа асып», «Сарыарқа сахарасына сапар», «Алатау – Алтай арасы», «Ташкент – Самарканд сапарында», «Күреңбелдің сырлары көп», «Анталия сапарында», «Керімағаш шипажайында» және тағы басқа мақала, жолжазбаларын мысалға келтірер едік.
Айтқандай, сазы мен сөзін өзі жазған «Қарасазым – Қарашалғын» әніне авторлық куәлік алып та айды аспанға бір-ақ шығарған.
Бұл дегеніңіз «Талантты адам бәрінен де талантты» деген мағынадағы орыс халқының нақыл сөзіне сәйкес келетін секілді!..
Осы жоғарыда айтқанымызға біз оның жақсы жар, жақсы әке екенін де ешбір ойланбастан қосар едік.Иә, көп жылдан бері Елекең шығыстың шынары (Найман елінен дегеніміз ғой) Қауия Есбаева екеуі бірігіп, бірлесіп жұрт қызығарлықтай орнықты отбасының түтінін түзу шығарып келеді.
Бұл жылы ұядан бүгінде Қазақ ұлттық агроуниверситетінің аға оқытушысы қызметін атқарып жүрген Гүлнұр қыздары және жол, байланыс, құрылыс саласының білікті мамандары атанған Нұрбол, Нұрқанат, Нұркен ұлдары қияға қанат қағып ұшып шықты. Екеуінің оларға берген тәлім-тәрбиесі нәрлі, нәтижелі болды деуіміз керек. Себебі бәрі де адамгершілігі жоғары, өзіне де, өзгеге де тигізер пайдасы көп азаматтар болып өсіп-жетілді. Бұдан артық не керек, ағайын?!
Енді ентелеп отырып екі ғашыққа келейік. Иә, иә, екеуі сонау жастық шақтың махаббат маусымында, бір-бірін құлай сүйген, бір-бірінің артынан қуалай жүрген, сөйтіп, түйісіп, түсініскен, көп ұзамай «жасырынып сүйіскен»…
Елекеңнің жаһан дүниеден жалғыз өзі іздеп тапқан аяулы жары Қауия да көп жыл мұғалім болып, еліміздің «ертеңін» тәрбиелеген жанның бірі.
Бүгінде Елеусіз бен Қауияның балалар мен немерелердің қызық-қуанышына тоймай, берекелі де мерекелі, шаттығы мол шаңырақ атанып отырған жайы бар, ардақты ағайын! Лайым, алда да солай жақсы жалғаса берсін дейік.
Жоғарыдағы сөзімізді жалғасақ, Елекең – ақын адам. Ол сонау есте елес болып қалған жастық кезінен бері өлең де жазады екен. Мәселен, 1973 жылы Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде жарияланған «Он сегіз жас» деген өлеңінде:
Тулайды жас жүрегім, себебі не,
Махаббаттың жалынын сезеді ме?
Балауса балалығым артта қалды,
Жігіттіктің тас жарған кезеңінде!…
– деп жазыпты.
Ал енді кейінгі бір өлеңіне де кешіктірмей кезек бергеніміз дұрыс болар.
Қарасуым,
Қайнар бұлақ суың қандай,
Іше бергің келеді шөлің қанбай.
Бозқараған, тал-терек тоғайыңды
Аралаушы ек құс қуып, түгін қоймай.
Шағылыңа жағаңда аунап жатып,
Бала кезде шомылған сенде талай…
– деп толғанып, толқып туған жерінің биігінен бір хабар береді.
Ендеше, біз Елеусізге өрелі өнерінің бірі ретінде нағыз ақын деп ат қойып, айдар таққанымыз жөн деп ойлаймыз.
***
… Кейіннен Аспантаулар аясынан асқақ Алатау баурайына қоныс аударған. Елекең мұнда да үнемі ел мүддесін ескеріп, қоғамдық жұмыстардың қақ ортасынан көрініп жүрді.
Атап айтқанда, біздің Қарасай ауданындағы үлкен елді мекен – Райымбек бабаның атын иеленген ауылдық округіне қарасты Бұлақты ауылында тұратын ол қашанда жақсы істердің басы-қасынан табылады. Аталған елді мекенде өзі тұратын көшенің «Хантәңірі» аталуына мұрындық болып, оның асфальтталуына, су, жарық сияқты инфрақұрылымының тартылуына атсалысты. Елмен бірге осы сияқты шаруалардың үнемі басы-қасынан табылып, жұрттың сөзін тиісті мекеме өкілдеріне жеткізіп жүреді.
Одан бөлек әртүрлі жай-жағдайлар қаралатын, ел-жұрттың тілегі, ұсыныс-пікірлері ортаға салынатын жиын-жиналыстарда міндетті түрде шығып сөйлеп, орын алған олқылықтар мен жіберілген кемшіліктер жөнінде, халықтың өмір-тұрмысына, басқа да ортақ шаруаны өрге бастыруға қатысты мәнді мәселелер жайында әңгіме қозғайды. Бұл дегеніңіз бәрін де ой елегінен өткізіп отыратын, қандай істерде болсын әманда сергектік танытатын жоғары білімді мұғалімге тән қасиеттің бірі-ау дейміз.
Иә, жоғары білімді мұғалім дегендей, Елекең сонау Тәңіртаулар баурайын жайлап жатқан туған жеріндегідей, бұл жерде де ел қорғаны болған Қарасай батыр атын алған ауданда да көп уақыт бойында ұстаздық етіп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие берген тәжірибелі педагог.
Райымбек батыр мен Қарасай батыр атындағы өңірлердің арасын әдемі жалғастырған жан деп атап айтуға келерліктей азамат мұнда алдымен Ушинский, Абай атындағы мектептерде қызмет істеді.
Одан соң аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернатта да ұлағаты мол ұстаз бола білді. Бұл білім ұясында да өмір көрген, көңіліне көп нәрсені түйген Елекең ерекше оқушыларының жан-дүниесін терең түсінетін, оларды жақсы оқуға, жақсылыққа ұдайы ұмтылдыратын, әрқашан қанаттандырып отыратын мықты мұғалімнің бірі атанғаны анық.
Осындай жауапты жұмыс істеп жүріп ол өзінің шығармашылығын да әсте есінен шығарған жоқ. Өйткені жазу, одан ләззат алу өте үлкен өмір қызығының бірі ғой, мұндай адамдар үшін! Аудандық, облыстық газеттерге ұлттық тарих, ел мен жерді жаудан қорғаған баһадүр батырлар, өзі саяхатшы ретінде аралаған өлкелер жайындағы жазбалары бірінен соң бірі жарияланып жатты.
2013 жылы жоғарыда айтқанымыздай, «Мұқағали ақынның атамекені» атты кітабы да шығып, оның Қарасай аудандық орталық кітапханасында өткізілген тұсаукесер рәсіміне қатысқанымыз да жадымызда жаттаулы тұр.
Енді, міне, қаламдас достары, ниеттес жолдастары, ағайын-туысқандарының қатысуыменен үшінші кітабы – оңтүстік астанадағы «Дәстүр» баспасында жарық көрген «Дәуір дауысы» кітабының тұсаукесерін өткізгелі отыр. Бұл іс-шараның да сәтті болуына тілектеспіз.
Алда да үнемі осылай жолың болып, жоғарыдан көріне бергін, қадірлі Елеке!
***
Бәрінен де, иә, бәрінен де Елекең – жүрегі таза, жаны нәзік те шуақты, шабыты шалқар да қуатты, көңілі көлдей, сезімі селдей, бірақ ойы орнықты, сөзі салмақты, мақсаты биік, адамгершілігі өте мол жайдары жан. Былайша айтқанда, адам деген атты әрдайым биік ұстап келе жатқан айналамыздағы тұғырлы тұлғаны бірі.
Жан жары, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» атағы бар Қауия екеуінің (Сарқан ауданында туған, Жаркент педучилищесі мен Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітірген) қазіргі кезде бірнеше немеренің ардақты атасы, асыл әжесі атанып та мына дүниедегі бақыттың бағын асықпай аралап жүрген жайлары бар!
***
Бүгінде 70 жастың биігіне шығып отырған Елеусіз Ахметкерімұлы – елге аса сыйлы адам, жаны тек жақсылықты сүйетін жанның бірі. Мәселен, ол Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Есімі Алматы облысы құрметті азаматтарының «Құрметті кітабы» энциклопедиясына енгізілген. Қазақстан Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен, «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медалімен, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Ұлағатты ұстаз», «Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл», «Еркін Ібітановтың туғанына – 90 жыл» төсбелгілерінің иегері.
Мұқағали музейінде шығармашылық кеші өткен ақын.
Сөз соңында шығармашылық жолы сонау туған жеріндегі Елшенбүйрек етегінен бастау алған осы орайда талай өрді бағындырған, өмірі өнегелі іске толы Елеусіз досқа: «Жасай бер, алда да тың туындыларыңмен көріне бер, Қауия екеуің балалар мен немерелердің қызық-қуанышына тоймай, аман-есен болыңдар!» деген шын ниет, шынайы тілегімізді білдіреміз.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
