Тарихқа сүйенер болсақ, сонау XIX ғасырдың ІІ жартысында қазақ мектептерінің қандай болуы, оның құрылуы қолға алына бастаған. Тіпті, 1919-1920 жылдары қазақ мұғалімдерінің саны артып, ұлт мектептерін ана тілімізде оқыту жағы қарастырылған. Алайда білім ошағының жоқтығын, оқулықтың жетіспеуін айтпасқа тағы болмас. Дәл осы мәселе сол кездегі ұстаздар үшін кедергі болмады. Олар ұрпақтың келешегін, білімді болуын ойлап, ағартушылық жолын жалғай білді. Солардың қатарында қазақ ауылдарында мектеп ашып, алғаш сабақ берген Бағман Кенжекеев бар.
Ұлы Отан соғысына қатысып, мұғалімдік міндетті жалғастыра білген, ауданның білім саласын арттыру жолында көп жылдар қызмет еткен, талай білікті шәкірт тәрбиелеген осындай тарихи тұлғаның еңбегі елеулі деуге болады. Оның артындағы ұрпақтарының ендігі арманы – аталарының есімін ұлықтап, ел жадында мәңгі сақтау.
Тілге тиек етіп отырған ұлағатты ұстаз Бағман Кенжекеев – қазіргі Павлодар облысына қарасты Қызылжар ауылының тумасы. 1902 жылы дүниеге келген. Жастайынан күресті жанына серік етіп, балуан болған. Кереку қаласындағы мұғалімдер курсын бітіріп, Қызылағаш жеріндегі №3 ауылға жұмысқа орналасқан. Сол кездегі жалындап тұрған жас ұстаз мектеп ашу қажет екенін халыққа түсіндіріп, белсенді жұмыс атқарыпты. Оның осындай жігерлі ынтасын жергілікті тұрғындар бірден аңғарып, балаларын осы ұстазға оқытуды жөн санаған екен. Сонымен Бағман Кенжекеев жас ұрпақтың болашағын ойлап, 1920 жылы Кереку уезінің №3 ауылында тұңғыш кеңестік мектеп ашқан. Аталмыш білім ұясында 38 ер бала оқуға ниет танытқан.
Өз заманында Бағман Кенжекеев қарапайым, кішіпейіл, иманды, турашыл, қамқоршыл қасиеттерімен халық арасында құрметке бөленіп, абыройлы болған. Өнерге де жақындығы байқалған. Өткен күннің дерегіне сүйенсек, халық музыкасын насихаттаумен айналысқан, атақты композитор Александар Затаевич Бағман Кенжекеевтің әнге деген әуестігін естіп, оны өзі іздеп тауып, түрлі қазақ шығармаларын орындатып, халық әндерін нотаға түсірген.
Бағман Кенжекеевтің ұстаздық жолындағы біліктілігі жоғары жақтағы басшылықтың көзіне түсіп, оның оқу-тәрбие жұмысын жетілдіруге деген қабілеті жоғары бағаланыпты. Осылайша ол 1927 жылы Солтүстік өңірдегі Шөптікөлде тұңғыш ашылған мектептің басшылық қызметіне тағайындалған. Заман ағынымен ағартушылығы бір арнаға тоғысқан соң Бағман Кенжекеев мұғалімдік қызметін жетілдіруді жөн санап, Алматы қаласындағы жаңадан ашылған Абай атындағы педагогикалық институтына оқуға түскен. Осында білім алып жүріп, кейіннен аталмыш оқу ордасына енді түсіп жатқан студенттерге дәріс оқыған.
Уақыт өте келе пионер қозғалысы кеңінен етек алып, халық комиссариатының ықпалымен республикада аға пионер вожатый дайындайтын мектеп ашылды. Ол Қаскелең селосында орналасқан екен. Сол жылдары пединститутты бітіргелі тұрған Бағман Кенжекеевке аталмыш республикалық мектепті басқару міндеттеледі. Одан кейін білікті ұстаз 1937 жылы осы Қаскелеңнен тұңғыш қазақ мектебін ашып, басшылық қызметін бастапты. Бүгінгі таңда бұл Абай атындағы мектеп-гимназиясы болып аталатынын айта кеткен жөн.
Ұлы Отан соғысы басталған жылы Бағман Кенжекеев ел алдындағы борышын өтеу үшін қан майданға аттанған. Жауынгерлік ерлігін танытып, Жеңіс туының желбіреуіне үлес қосты. Азаматтық міндетін орындап, Отанға оралған соң батыр Бағманды аудандық білім бөлімі жауапты қызметке, яғни, оқу инспекторы ретінде жұмысқа алды. Өйткені ІІ дүниежүзілік соғыстың кесірінен талай боздақтар мүгедек ретінде елге оралса, кейбірі, тіпті, хабар-ошарсыз жоғалып, қайтып келмеді. Мұның бәрі мектептер үшін өте ауыр соққыға айналды. Сондықтан Бағман Кенжекеевтің жоғарыда айтқан лауазымды қызметке тағайындалуының маңызы зор болды. Бір жағынан оның бұрынғы мұғалімдік біліктілігі сол жылдары тәжірибесі аз жас мамандарға ауадай қажет екені білінді.
Осылайша Б.Кенжекеев өзіне жүктелген оқу инспекторлық міндетін абыроймен орындап, 6 жылдан кейін жұмыстан кетуді жөн санады. Оның үстіне соғыстың кесірінен денсаулығы сыр бере бастады. Сөйтіп бұрынғы өзі ашқан Абай атындағы қазақ орта мектебіне оралды. Мұнда мектеп жанындағы интернатты басқарды. Тәрбиеші болып, ұстаздық жолын жалғастырды.
Иә, Бағман Кенжекеевтың ағартушылық жолында атқарған еңбектері елеулі. Бұл кісіден білім алған, тәлім-тәрбиесін көрген шәкірттері – елдің мақтаныштары. Солардың бірі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, ақын, жазушы Құрманғали Ұябаев, полковник Ахат Айнабеков, республикалық Журналистер одағының мүшесі Үсенбай Тастанбеков, ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов сияқты бірқатар дара тұлғалардың есімін ерекше атап өтуге болады. Олардан бөлек басқа да салада қызмет еткен ғалымдар, еңбек ардагерлері де бар.
Бағман Кенжекеевтің қызметтік жолдағы табандылығы айрықша бағаланған. «Құрмет белгісі», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталған. 1960 жылы «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мұғалім» деген абыройлы атақтар берілді. Дегенмен бұл мәртебелі құрметтен бөлек, ер есімі елдің жадында мәңгі сақталса деген артындағы ұрпағының арманы бар.
Батыр атанған Бағман Кенжекеевтің Қасқелеңдегі Гоголь мен Ағынтай батыр (бұрынғы Советская) көшелерінің қиылыстарында біраз жыл өмір сүргенін ескере кету керек. Осы немесе Қасқелең қаласының орталығынан басқа бір көше атауы оның есімімен аталса деген жақындарының ұсынысы бар.
Расымен де, елдің ертеңі үшін еңбек еткен, жерін қорғаған жауынгердің есімі қашанда ұлықталса, несі айып? Сондықтан бұл бастама өте құптарлық деп білеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.