Бүгінде заман ағымына сай әлем де үлкен жылдамдықпен өзгеруде. Елдер өзара өнімдер мен капиталдар ғана емес, мәдениеттер, идеялар, ақпараттар еркін алмасуда. Мұндай байланыстар, бір жағынан, жаһандық ынтымақтастыққа жол ашуда. Ал екінші жағынан, әртүрлі ықпалдың көбеюіне де әсерін тигізіп отырғаны жасырын емес. Жат ықпалдың кесірінен халқымыздың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз да өзгеріп бара жатыр. Әсіресе, оңды-солын толық танып үлгермеген, әуестенуге бейім балаларымыздың шет елдердің мәдениетіне еліктеуі көбеюде. Әрине, жастарымыздың заманға сай дамып келе жатқандығы қуантарлық, алайда мұның өзінің жағымсыз жақтары да бар. Мәселен, балаларымыз шет елдердің жастары секілді ерте есейеміз деп жүріп, шалыс басып кетіп жатады. Сондай қателіктердің бірі – ерте жүктілік.
Бұл мәселе соңғы жылдары қоғамымызды мазалаған өзекті мәселеге айналды. Ең қорқыныштысы жыл өткен сайын елімізде кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасында жүкті болып, ерте ана атанатындар саны өсіп келеді. Анығырақ айтқанда, ресми деректерге сүйенсек, Қазақстандағы 15 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің жүктілігі мен жасына жетпей ана болу соңғы бірнеше жылда 50,5%-ға көбейген. Егер 2017 жылы 3,4 мың бала туса, 2022 жылдың соңына қарай 5,2 мыңға жеткен. Бірнеше жылдық көрсеткіштерді бақылаған денсаулық сақтау мамандары бүгінде осы мәселе бойынша дабыл қағуда. Себебі, халқымызда қыз баласының оң жақта отырып, ана атануы бұрындары да болған, алайда дәл қазіргідей жаға ұстатарлықтай көрсеткіште емес еді. Ауданымызда 2019 жылдан бері істеп келе жатқан Жастар денсаулық орталығының жетекшісі Дана Тәждинованың айтуынша, бұл мәселе біздің аудан да өзекті болып отыр. Аталмыш орталықта бүгінде медициналық қабылдаушы, гинеколог, уролог, дерматовенеролог, акушер, психолог пен әлеуметтік қызметкер балалармен ашық және жабық түрде жұмыс жасайды. Ерте жыныстық өмірдің басталуы, ата-аналармен түсініспеушілік, құрдастарының қорқытуы секілді мәселелермен соқтығысатын жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жұмыс жасайтын орталық мамандары өсіп отырған ерте жүктілік мәселесіне аландап отыр. Осы бағытта бүгінде мамандар аудандағы барлық колледждер мен мектептерде белсенді түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, орын алуы мүмкін қауіп-қатерлер жайында айтып, ақыл-кеңестерін беруде. Десе де белсенді жүргізілген жұмыстарға қарамастан көрсеткіш төмендей тұр.
Өрімдей қыздардың ерте аналық өмірді бастауына не себеп?
Ауданымыздағы Жастар денсаулық орталығының психолог маманы Сәуле Сұлтанғалиеваның айтуынша, жасөспірімдердің мұндай қадамға баратындығына бірнеше себеп бар. Әрине, оның біріншісі отбасындағы жағдай. Нақтырақ айтқанда, кейбір отбасыларда қазіргідей сананы тұрмыс билеген заманда ата-аналар баласына көңіл бөлуді қойып кеткен. Мұндай отбасылардағы бала «өзіне би, өзіне қожа» болып өседі. Уақытында ата-анасынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйренбеген бала жасөспірімдіктің бір шегінен өту кезінде түрлі қателік жасай бастайды. Енді бір отбасында ата-анасы баласына тым қаталдықпен қарап, еркіндік бермей қояды. Бұл жағдай да жасөспірімдіктің бір шегінде бала бүлік шығарып, отбасынан қашып, дұрыс емес ортаға түсіп кетуі мүмкін. Кейбір ата-ана баласымен «жыныстық қатынас» жайлы сөйлеспей, ол тақырыпқа «табу» ретінде қарап, есейгенде өзі біліп алар деп ойлайтындары да бар. Бұл – өте қате шешім. Себебі базалық ақпаратты ата-анасынан естімеген жасөспірім ақпаратты түрлі сайттардан, желілік парақшалардан оқи бастайды. Ал ғаламтордағы барлық ақпарат шындыққа жанаса бермейді. Жалпы бұл жағдайлардың барлығында да қыз бала жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде барса да ата-анасынан жиі қолдау көрмегендіктен шындықты айтпайды. Бұл жағдайда жасөспірім уақыт өте келе өмірден түніліп, күйзеліске ұшырауы немесе өз-өзіне қол жұмсауы әбден мүмкін.
Тағы бір себеп «алғашқы махаббат» десек те болады. Көбіне жасөспірім кезде гармондар белсенді жұмыс істей бастайды. Осы сәтте оң-солын тани қоймаған қыз балалар ұнатып қалған ер баланың сөзіне еріп, жыныстық қатынасқа түсіп қоюы мүмкін. Ал соңғы деректер көрсеткендей жасөспірімдер қорғаныс құралдары жайлы қатынас болып қойғаннан кейін ғана ойлай бастайды. Жасөспірімдердің ерте жыныстық қатынасқа түсе бастауына тағы бір себебі – дұрыс емес ақпараттың көптігі. Яғни бүгінде еш шектеу қойылмаған ғаламтор желісінде балалар неше түрлі заттарды көре алады. Бұған қоса онда берілген ақпараттың көбі жалған болып келеді.
Осы ретте Сәуле Тұребекқызы қаламаған ерте жүктілік – жыныстық тәрбиенің дұрыс жүргізілмегенінің және де қатаң бақылаудың болмағандығының нәтижесі екенін айтып, ата-аналарға балаларының телефонын тексеріп отыруды кеңес етеді.
Ерте жүктіліктің жас ағзаға әкелетін кауіп-қатері
Жыныстық даму қыздарда 9-10, ұлдарда 10-12 жастан бастап байқалады. Осы ретте аталмыш орталықтың гинеколог дәрігері Әсел Өтепбергенованың айтуынша, ерте жүктілік қыз балалардың денсаулығына аса қауіпті. Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді – жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен салмақ түседі екен. Мұның қиындығы жасөспірімнің гармондық қайта құрылуы жүктілік қайта құрылуға жүктелгенінде болып тұр. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоздар туындайды.
Балғын қыздардың ағзасы мұндай жүктемелерге дайын болмайды. Жас қыз баланың денесі жүктілікті көтере алмаған жағдайда оған екі таңдау беріледі: түсік жасау немесе баланы қалдыру. Бұл арқылы ол өзін және нәрестені кауіп-қатерге тігеді. Толық қалыптаспаған ағза жүктілікті және босануды көтере алмауы мүмкін, сондықтан мерзіміне жетпеген нәресте немесе денсаулығында кінәраты бар бала тууы мүмкін. Ең жаманы қанша жерден медицинамыз дамыған болса да ерте жаста түсік жасатқан қыз бала болашақта бедеу болып қалуы мүмкін.
Бұдан бөлек ерте жыныстық қатынасқа түскен жасөспірім инфекциялық ауруды жұқтырып ала алады. Мәселен, ВИЧ (ЖИТС), сифилис, гепатит С, герпес және т.б. инфекциялар. Сондай-ақ ерте жақындастықта болған қыз балада жатыр мойны обыры (рак шейки матки) ауруына шалдығу мүмкіндігі екі есе көбейеді.
Сақтану жолдары?
Проблемамен күресудің ең үздік тәсілі – оның алдын алу. Яғни жыныстық өмірді ерте бастамау және жасөспірімдер арасындағы «жыныстық қатынас сауатсыздығын» азайту керек. Бүгінде мамандардың көбі бұл дерттің дауасын табу үшін қыз да, ұл да бұл істе ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін мектепте үйренуі керектігін алға тартып отыр. Ауданымыздағы Жастар денсаулық орталығының басшысы Дана Тәждинованың айтуынша, орталық бүгінде ауданымыздағы барлық колледждер мен орта білім мекемелерімен байланыс орнатып, айына бір рет балалармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, медициналық тұрғыда ненің қалай болатынын, өз ағзасында не болуы мүмкін екенін, сақтану құралдарын қажеттілігі жайлы ғылыми түрде мәлімет беруде. Бұған қоса баланың қалауымен онымен анонимді түрде жеке жұмыс жасайды. Алайда әлі күнге дейін кейбір ата-аналар мамандардың оқушылармен бұл тақырыпта сөйлесіп, контрацептивтер туралы ақпарат беруге қарсылық танытуда. Осы ретте орталық жетекшісі Дана Тәждинованың айтуынша, мектептерде балалармен тұрақты түрде қосымша сабақтар өткізіп отыру қажет. Бұған қоса осы бағыттағы жұмыстарға жасөспірімдермен жұмыс істейтін барлық мекемелер мен ата-аналарды біріктіру керек.
Ерте жүктліктің салдары
Жалпы біздің қоғамда ерте жүктілікке жаман көзқараспен қарағандықтан көптеген ата-ана қызын қолдаудан бас тартып жатады. Нәтижесінде өз мәселесімен жалғыз қалған қыз бала оқуын тастап, жұмыс істей бастайды. Жоғары білімнің жоқтығынан жақсы жұмысқа орналаса алмай, баланы тұрмақ өзін де баға алмай қалады. Осының бәрі жалғыз бір жас анаға ауыр болатындықтан, көп жағдайда олар баласын Балалар үйіне өткізіп жатады. Ал бұл, өкінішке орай, ерте жүктіліктің салдарынан болатын жиі кездесетін оқиға. Енді бірі жұмысқа орналаса алмай жеңіл жүрісті өмір бастайды. Ең өкініштісі, осы жолға түскен қыздардың көбі кейіннен ол жерден шыға алмай қалады. Бұдан бөлек көбі әке-шешісі мен айналасының сынына, қолдаусыз өмірдің қиындығына шыдай алмай өзін-өзіне қол жұмсап жатады. Мұның бәрі уақытында шешілмеген бір мәселеден екінші үлкен мәселеге апаратындығын көрсетеді.
Жоғарыда келтірген деректерге қарасақ ерте жүктілік мәселесінің қаншалықты өзекті екенін түсінуге болады. Жалпы мамандардың айтуынша, бұрын ерте жастан жүктілік мәселесі негізінен жағдайы төмен отбасыларда орын алады деген түсінік болса, қазір жағдай олай еместігін көрсеткен. Сондықтан да жасына жетпей ана атанатындардың мәселесін шешу үшін ең бірінші кезекте ата-аналар тарапынан балаларының өміріне дұрыс көңіл бөліп, сенімді қатынас орнатулары қажет. Себебі әр баланың өмірге деген көзқарасы ең бірініші кезекте отбасынан бастау алады.