Елімізге танымал әншілердің ауданымызға келіп, шығармашылық кештерін өткізулері жиі болып тұратыны рас. Қарасай жұртшылығы да қашанда өнерпаздардың мерейін үстем етіп, ыстық ықыласпен қабыл алуда. Сондай талантты жандардың қатарында талай хит әндерімен тыңдаушысын тапқан жас әнші Ернар Айдар да бар. Танымыл эстрада жұлдызы ауданымыздың 90 жылдығына орай, осы аптада аудандық Мәдениет үйінің алдында, яғни, Жастар саябағында қарасайлықтарға жақсы көңіл-күй сыйлап, тамаша әндерін көпшілікпен бірге шырқап, шығармашылық кеш өткізді.
«Жақсы көрем осы қалпыңмен» деп аталатын ән кешінде Ернар Айдар өзінің бұрын жарық көрген бірқатар хит әндерін шырқап қана қоймай, соңғы кездері жастар арасында кеңінен тараған «Күнім, сен сөнбеші», «Ғашықпын», «Бала ғашық», «Ұнатамын» сияқты танымал әндерін де көпшілікке тарту етті. Тіпті, сиясы кеппеген жаңа туындылары да жиналған жұртшылыққа ұсынылды.
Әншінің шығармашылық кешінде құрмет пен ізгі ілтипатын аямаған аудан тұрғындарының қарасы аз болмады. Күннің салқындығына қарамаған олар Ернар Айдардың белгілі әндерін қосыла шырқап, жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, концерттен түскен қаржының барлығы қайырымдылыққа жұмсалады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.