Ауданда Волонтер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті
2019 жылдың соңғы айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу рәсіміне қатысып, «2020 жыл – Волонтер жылы» деп жариялаған болатын.
Ел Президентінің игілікті идеясын жетісулық жастар да қолдап, өткен айда республика бойынша алғашқылардың бірі болып салтанатты шара ұйымдастырған еді. Мұны қарасайлық жастар да ыстық ықыласпен қабыл алып, жақсылыққа бастайтын шараны қолға алды.
Кеше осы айтылған бастаманы жүзеге асыру мақсатында аудандық Мәдениет үйінде Волонтер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, онда қарасайлық еріктілер мен жас буын өкілдері бас қосты. Мәдени шараның ұйымдастырылуына аудандық Жастар ресурстық орталығы мен бір топ жас қарасайлықтар ұйытқы болды.
Біздің ауданымызда қоғамдық ортаға ерікті де ынталы түрде пайда тигізуді мақсат етіп жүрген азаматтардың қатары аз емес. Шынтуайтына келгенде, олардың ақысыз атқарған елеулі істерін кейбір қалталы азаматтардың өзі саналы түрде атқара алмайтыны жасырын емес. Міне, осындай ерікті істерге мұрындық болып, көптің көңілін жақсы істерге бағыттап жүрген еріктілер үшін бұл ұйымдастырылған салтанатты жиынның өтуі орынды деп білеміз. Айтулы жиынға аудан әкімі Жандарбек Далабаев та арнайы қатысып, белсенді Қарасай жұртшылығымен Волонтер жылының ашылуын бірге атап өтті. Алдымен аудан басшысы Мәдениет үйінің фойесінде шет мемлекеттер мен республикаға танымал аудандық қолөнершілердің еңбектерімен етене жақын танысып, ашық әңгіме барысында жеткен жетістіктерінен де құлағдар болды.
Салтанатты шара жастардың ынта-еріктерін жігерлендіретін «Біз біргеміз!» атты бейнероликпен басталды. Одан кейін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы құттықтау сөз сөйлеп, қарасайлық еріктілерге деген ізгі тілегін білдірді. Арасында аудан басшысы келешек жастардың қолында болғандықтан, үкілеген үміттермен қатар, артылар жүктің де солардың мойнында екенін айтты. Осылайша, жауаптылық ретін қозғаған аудан басшысы мемлекет саясатында жастардың мәртебесін көтеру де бар екенін жеткізіп, оларға қашанда қолдау болатынын түсіндірді. Сондай-ақ, ауданда атқарылатын қандай да бір іске келгенде бір кісідей жұмыла жұмыс атқарып, қолғабыстық қасиет көрсету керек екенін алға тартты. Сөз соңында аудан әкімі өңір ішінде еріктілікпен айналысып жүрген жандардың ісін тілге тиек етіп, алғысын білдірді.
Жандарбек Ермекұлының осындай жүрекжарды сөзінен кейін жиынға арнайы қатысқан Алматы облысы Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Дәулет Ауданбаев шараға қатысты ойын білдіріп, жас буын өкілдерінің бүгінгі таңда жетістікке жету жолындағы мүмкіншіліктері жоғары екенін айтты. Яғни, жастар үшін елімізде түрлі жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, жан-жақты қолдау көрсетілуде. Айтылған бастамалардың маңыздылығын Дәурен Бірлікұлы айта келе, ауданымыз бойынша жастар саясатын ілгерілету жолында еңбек етіп жұрген бірқатар жастарға облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратастың атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Бұл жиында елеулі істерін көпшілікке үлгі етіп, бірқатар бастамаларды насихаттап жүрген еріктілердің де сөз алғанын айта кеткен жөн. Алдымен Алматы облысы «Жетісу еріктілері» волонтерлер ұйымының жетекшісі Жазель Дакубаева барша қарасайлықтарды еріктілер жылымен құттықтаса, одан кейін Сулейман Демирел университетінің жанынан құрылған «Лига Волонтеров Казахстана» атты қоғамдық ұйымның жетекшісі Аружан Мейірхан мен «Жан Шуағы» еріктілер тобының президенті, «Жарқыра» ұйымының жетекшісі Еркін Надимов сынды жалынды жастар өз ойларын айтып, осы уақытқа дейін атқарған істеріне де тоқталуды жөн санады.
Қос еріктінің айтылған ойларынан кейін жиналған көпшілік жастайынан еріктілікпен айналысып жүрген елтайлық Әлия Сатпаевамен жақын танысып, осы уақытқа дейін атқарған істерінен хабардар болды. Негізінен жерлесіміздің ауыз толтырып айтатын көпке үлгі еңбектері әлеуметтік желі арқылы белгілі. Мәселен, тұрмысы төмен отбасылардың біріне баспана алып беруге себепкер болса, басқаларының да жағдайына алаңдап, олардың түрлі мұқтаждықтарына барынша көмегін тигізуде. Осындай жақсы істі жанына серік қылған қарасайлық ерікті жиын барысында атқарған жұмыстарының барлығы жұбайы Әсет Сатпаевтың қолдауы арқылы және бірігіп атқаратынын да ерекше атап өтті.
Осылайша, ауданымыздың Волонтер жылының ашылу рәсімінде жақсылыққа жаны құмар бірқатар жандардың ізгілікке шақыратын орамды ойлары тыңдалынды. Шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласса, соңында Талдықорған қаласындағы волонтер жылының ашылу салтанатында бастау алған «Мен қазақпын» әні челендж ретінде қабыл алынып, қалың көпшілікпен бірге шырқалды. Жетісулықтардың сәлемін қабыл алған жас қарасайлықтар бұл эстафетаны Жамбыл ауданының жастарына жолдады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.