Жақында Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оны кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ашты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, 2025-2027 жылдарға арналған бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы» экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ж.Ноғайбаев хабарлама жасап, осы бағыттағы істер жайында жан-жақты айтып берді.
Мұнан кейін кеңес мүшелері аудандық электр жүйелері торабының басшысы М.Дүйсеновтың «Қарасай ауданы электр жүйелері торабында (ҚЭТА) атқарылып жатқан жұмыстар туралы» есебін тыңдады.
ҚЭТА электр энергиясын беру мен таратуды Алматы облысы Қарасай, Іле аудандағы, Алматы қаласы Наурызбай, Алатау аудандары бойынша жүзеге асырады. Қарасай ЭТА теңгерімінде 504 дана қосалқы станция, жеке меншікте 2787 дана қосалқы станция бар. Заңды тұлғалар – 4235, жеке тұлға – 61837. Аудан бойынша Қарасай ЭТА теңгерімінде тұрмайтын субабоненттері бар тұрғын үй алаптары мен саяжайлардың қосалқы станция саны – 337 дана, 0,4 кВ желілер ұзындығы 305 км/желі. Басты есептеуіш құралымен төлейтін жеке қосалқы станциялар (саяжайлар мен тұрғын үй алаптары) – 637.
2025 жылы «АЖК» АҚ негізгі және қосалқы жабдықтары мен электр желілеріне жөндеу жүргізу үшін Қарасай ЭТА бойынша 185 млн 871 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның есебінен 145 км әуе желілері бойындағы ағаштарды санитарлық кесу жүргізіліп, бірнеше әуел желілерінде сымдар, муфталар ауыстырылды, Алдағы уақытта 10 кВ әуе желілері бойынша 7 км әуе желілері жөнделеді, 50 дана ағаш тіректер темірбетон тіректерге, механикалық беріктігі бар болат алюминий сымдарына ауыстырылады. Ал 2026 жылға шаруашылық тәсілмен 180 млн 591 мың теңге сомаға жұмыстар жоспарланған,
«АЖК» АҚ инвестициялық бюджеті бойынша 0,4 кВ – 129 км әуе желілерін Іргелі, Көксай, Райымбек, Қырғауылды, Шамалған, Көлді, Мерей, Жалпақсай, Жібек жолы, Алмалыбақ, Бекболат, Қайнар ауылдарындағы және Қаскелең қаласындағы желілерді қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сондай-ақ Қаскелең қаласы мен Еңбекші ауылында фидер 8-94 А, 2-125 А 16,5 км/желіні қайта жаңарту жүргізіледі. Аудан бойынша Қарасай ауданының әкімдігімен бірлесіп қайта жөндеу жұмыстарына Елтай, Жандосов, Жамбыл ауылдық округтері және Қаскелең қаласы бойынша ақаулы актілер жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту жұмыстары жүргізілді, аталған жұмыстар орындалса, апаттық өшірілімдер 25 пайызға азайып, желілердің сенімділік санаты арттырылады.
Келесі кезекте «Жандосов және Іргелі ауылдық округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» Жандосов округінің әкімі А.Жамбауов пен Іргелі округі әкімінің орынбасары Е.Егеубек есеп берді.
Жандосов ауылдық округі бойынша үш орта өндірістік кәсіпорын жұмыс атқарып, 176 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі жоба іске асырылып, жалпы 750 млн. теңге инвестиция тартылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Жандосов ауылдық округінде жеке кәсіпкерлер тарапынан 2024 жылы 19 жобаның өтінімі жинақталып, төрт жобаға 34 млн. 855 мың теңге несие берілді. Сонымен қатар, округ бойынша екі әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативі құрылып, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 59,0 млн. теңге несие алуға құжаттар тапсырылған. Округте шағын және орта кәсіпкерлікпен 747 субъект тіркелген. Шағын кәсіпкерлік саны – 83, жеке кәсіпкерлер саны – 567. Ауыл шаруашылығы саласында 98 шаруа қожалығы жұмыс атқаруда.
Жандосов ауылдық округінде 2025 жылдың 9 айдың қорытындысына сәйкес салықтың 8 түрі бойынша түскен түсімі 278 млн. 734 мың теңгені құрады. Аталған ауылдық окрукте үш орта білім беретін мектеп, оның ішінде бір жеке меншік мектеп және бір өнер мектебі бар. Ал ауыл тұрғындарына екі дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда Шалқар ауылының амбулаториясы жалға алынған ғимаратта қызмет көрсетуіне байланысты ауылда жаңа 50 келушіге арналған амбулатория салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджеттік комиссияның қарауына 688,6 млн. теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды.
Қайрат ауылында медициналық мекеме жоқ болғандықтан, облыстық бюджеттік комиссияның қарауына ауылда блокты модульдік конструктор салу үшін 120,0 млн теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. Қажетті жер телімі дайын. Сонымен қатар Жандосов ауылында 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, облыстық бюджеттік комиссияның қарауына құрылыс жұмысына қажетті 774,9 млн. теңгеге бюджеттік өтінім берілді.
Іргелі ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, мұнда төрт ірі өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп, 400 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Одан бөлек 357 пәтерден тұратын «Terekti park» тұрғын үй кешенінің ІІ кезегінің аяқталуы жоспарлануда. Оның инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. «Big City Market» ЖШС «Алтын Орда» әмбебап базарының жаңғырту жұмыстары аясында 3-ші павильонның құрылысын аяқтауды жоспарлауда. Инвестиция көлемі – 1,2 млрд. теңге. Сонымен қатар, Көксай ауылында «Архиметал» ЖШС темір бұйымдарын өндіретін зауытының құрылысы, Алюминий өндеу зауыты, ауданы 7000 шаршы метр құрайты логистикалық қойма, Кемертоған ауылында жер көлемі 4,0 га жерде жылыжай және көкөніс сақтау қоймасының құрылыстары жүргізілуде.
Іргелі ауылдық округінде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 8085 субъект тіркелген. Шағын кәсіпкерлік саны – 1110, жеке кәсіпкерлер саны – 6773. Ауылшаруашылығы саласында 172 нысан жұмыс атқаруда, бүгінгі күні аталған кәсіпкерліктерде жалпы алғанда 15312 адам жұмыспен қамтылған. Іргелі ауылдық округі бойынша «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлер тарапынан 30 жобаның өтінімі жинақталып, бүгінгі күнге 7 жобаға 62,6 млн. теңге несие берілді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес салықтың 8 түрі бойынша түскен түсім 1 млрд. 701 млн. теңгені құрады. Ағымдағы жылы округ бойынша бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, «Асыл Арман» тұрғын үй кешені жанындағы 2000 балаға арналған «Номад» мектебі және Көксай ауылында 600 балаға арналған «Ақылды бала» метебінің ашылды.
Іргелі ауылдық округінде үш дәрігерлік амбулатория және бір фельдшерлік-акушерлік пункт орналасқан.
Іргелі ауылдық округінің 101,1 шақырым ауыл іші жолдардың 34,8 шақырымына на жөндеу жүргізілген, 22 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда, 44,3 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Жиында қаралған мәселелер жөнінде кеңес мүшелері Орынбай Жанәділ, Несіпбала Әбділдаева, Қаныбек Айтжанов, Назгүл Әбілезова, Тұрғанбек Оразалиев, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов және тағы басқалары сөйлеп, ой-пікірлерін жеткізді. Ұсыныстардың ішінде электр желілері торабы басшысының сұрауы бойынша, техникадан көмек беру, «Қаскелең қаласы – Қайрат ауылы» бағытындағы №2 «А» автобусының маршрутын Жандосов ауылына созу сияқты мәселелер бар. Ал Қаныбек Айтжанов қоғамдық кеңес мүшелерін «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға шақырды.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
