«Отаншылдық рухы бізге ауадай қажет» (Н. Назарбаев)
Елдің бірлігі мен тұтастығына нақты қазық болатын – екі буын. Олар – көнекөз қариялар мен келешегі бар, елдің тізгінін ұстауға жарар жастар. Осы орайда алдыңғы буынның жастарға тарихты жеткізіп, түсіндіре алғаны да бір ғанибет. Елбасы айтқандай: «Өткен жолын жетік білетін қауым, алар асуын да айқын елестете алады».
Біздер, Елбасының сыныптастары мен курстастары, кейінгі екі ғасырды қамтып өмір сүріп келеміз. Бүгінде үлгі-өнегеміз көп жасқа жеткен сияқтымыз.
Тұңғыш Президенттің ХХ ғасырды халқымыздың қасіретке толы дәуірі болды, дегені ақиқат. Дегенмен, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды, жетістіктер де аз емес. Нағыз ұлттық жаңғыру бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жетіп, Елбасының стратегиясының негізінде басталды. Басты идея – болашақ пен өткенді үйлестіріп, «Озығын алып, тозығын тастау» негізінде сабақтастырылды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында өте өзекті мәселелер көтерілген. Бұл ретте тарихты, өнерді, мәдениетті жастар санасына сіңіру өте маңызды. Ұлттық бітім-болмысымызды, салт- дәстүр, діни тәрбиені, діл, адамгершілік мәселелерін түбегейлі сақтап қалудың да мәні үлкен. Жастар тәрбиесіне отбасының да ықпалы мол. Түрлі діни ағымның кері жетегінде жүрген түсінбеушілік те кездеседі. Сонымен қатар, еліміздегі аз ұлттардың тілін, дінін кемсітіп, ұлттық ерекшеліктерін аяққа таптап, құрдымға жіберуге болмайтынын да жастар түсінуі керек. Міне, осы саясатты ту етіп ұстаған Елбасының: «Біздің жастарымыз Отанға адалдық пен оны қорғауға әзір болуы жөнінен бабаларынан және аталарынан өнеге алса игі» – деген сөзін маңдайалды етіп, жастарға жүйелі түрде насихаттау жолында, тәрбие мәселесінің өзектілігін аңғара отырып, біздер, Елбасының сыныптастары мен курстастары, «Елбасы жолымен» деген ұранмен көптеген іс-шаралар өткізудеміз.
Жобаның алғашқы шарасын өзіміздің Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге оқыған Қаскелеңдегі Абай атындағы мектеп-гимназиясынан бастадық. Өткен жылғы осындағы «Соңғы қоңырау» мерекесіне қатыстық. Ол өзіміз оқып, кәмелеттік аттестат алған мектеп ғимаратында, қазіргі Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Сыныптастар сыр шертеді» деген тақырыпта өтті. Сондай-ақ, Елбасының кіндік қаны тамған Шамалған ауылында босағасын алғаш аттаған Фурманов атындағы (қазіргі Қарасай батыр) мектеп оқушыларымен сұхбат және тарихы жаңа ғана басталған осындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында жастармен кездесу болды.
Сол сияқты, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен, студенттермен кездесу-сұхбат ұйымдастырлды. Ал, сәуір айының басында Шамалған ауылында халықпен кездестік, содан соң Қаскелеңдегі сыныптастармен балалық шақты еске алып, ол көңілді де әсерлі отырыс болды. 8,9,10 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігінің шақыруымен, Шымкент, Түркістан қалаларында, Отырар ауданында жастармен кездесулер ұйымдастырылды.
Осы орайда мұндай іс-шараларды жақсы өткізуге ықпал еткен Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталовқа, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Ермекұлы Далабаевқа, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахимовқа Елбасының сыныптастары, курстастары ұйымы атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Қызметтеріне оң іс, дендеріне саулық тілейміз. Сөз соңында осындай іс-шаралардың басы-қасында жүріп ұйымдастырған ініміз Сертеков Бақытжан Бейсекеұлына, оған қолғабысын тигізіп жүрген Иманғожин Мақсат Отжанұлына да рахметімізді айтамыз!
Елбасының сыныптастары мен курстастары ұйымы
мүшелерінің атынан Рая СИРАЗИТДИНОВА.