Былғары қолғап шеберлері бақ сынайтын байрақты бәсеке 1996 жылдан бері ауқымды түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын Елбасы жүлдесі үшін алыс-жақын шетелдік жас боксшылардың басы бірігетін бұл турнирдің өскелең ұрпаққа берері мол. Елорда күні қарсаңында аталып өтілетін спорттық шара биыл да тұрақты көрерменіне жол тартып, бокс сүйер қауымды тағы бір қуантты.
Дәстүрлі додаға айналған, жасөспірімдер арасында өтіп тұратын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін бокстан турнир өткен аптаның сенбісінде біздің Қарасай ауданында ұйымдастырылды. XХІІІ халықаралық жарысқа қатысушы 2003-2004 жылғы спортшылар аудан орталығы Қаскелең қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық алаңында кездесіп, 15 салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынады. Халықаралық турнир болғандықтан айтулы жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, Алматы, Қарағанды облысынан және Алматы қаласынан сондай-ақ, жарыс қожайыны ретінде қарасайлық жас боксшылар да қатысты.
Елорда күніне орай өткізіліп жатқан спорттық шара барысында аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов және Дүниежүзілік «Ахыска» түріктері қауымдастығының төрағасы Зиятдин Касанов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Әбденалиев сияқты құрметті қонақтар арнайы шақырылып, айтулы спорттық жарыстың маңыздылығын түсіндіріп, оның ғұмырлы болуын тіледі. Әсіресе, белгілі боксшы, қазақтың мақтанышы Ермахан ағамыз мұндай турнир талай таланттылардың бағын ашқанын тілге тиек етті.
– Осындай жарыстар жастарға өте қажет. Маңызы да зор. Себебі бұл турнир арқылы талай даңқты боксшыларымыз түлеп ұшқан. Олардың ішінде Геннадий Головкин, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев сияқты мақтаныштарымызды айтуға болады, – деді Сидней олимпиадасының чемпионы.
Турнирдің бас демеушісі «Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы болғандықтан айтулы қауымдастықтың төрағасы Зиятдин Исмиханұлы сөз арасында қазақ елі бауырмашыл халық екенін айтып, ізгі ілтипатпен «Қазақстандағы түріктер қоғамының куәлігін» осы жарысқа арнайы шақырылған бірқатар қонақтарға табыстады. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылдық «Сәт» мешітінің бас имамы, запастағы подполковник, спорт ардагері Сейітқали-Серік қажы Ыбытаев, сондай-ақ, осы жарыстың негізін қалаған, бокстан жоғарғы санаттағы халықаралық төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Құрметті спорт ардагері Сададин Усеинов, аудандық жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Валерий Хациев және спорт журналисі Элла Цой болды.
Өткен аптаның сенбісінде бастау алған ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған XХІІІ Халықаралық турнир үш күнге жалғасты. Соңғы күндегі финалдық ойындар өте тартысты болып, бабы мен бағы қатар шапқан жас боксшылар бапкерлерінің үмітін ақтай білді. Ал, осындай спортты доданың бас супервайзері міндетін халықаралық дәрежедегі үш жұлдызды AIBA төрешісі Ермек Сүйеніш атқарғанын айта кеткен жөн. Жарыс нәтижесіне көз жүгіртер болсақ, жалпы есептік көрсеткіш бойынша өзбекстандық спортшылар аз ғана басымдықпен алға шыса, жерлестеріміз де қонақтардан кейін жеңіс тұғырынан көріне білді.
Жүлдегерлердің барлығына қаржылай сыйлықтар мен мақтау қағаздары табыс етілді. Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімін аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов пен атылмыш турнир өткізілген №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мәди Данағұлов жүргізіп, шара барысында өз белсенділіктерін танытты. Сонымен қатар, осындай спорттық доданың негізін қалаушы, қашанда боксшыларға жанашырлық танытып жүретін, жарысты дәстүрлі түрде өткізуге атсалысатын, спорт ардагері Сададин Алисұлтанұлы этно-мәдени орталықтың атынан жарысқа атсалысқан жандарға кәдесыйлар табыстаса, шетелдік, қазақстандық төрешілерге демеушілердің атынан ақшалай сыйлықтарын тапсырып, құрмет көрсетті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.