Шара Қанатқұлқызы. Өңінен жылы шуақ төгілген, жарқын жүзді, жайдары мінезді, ақпейілді, ақниетті бұл кісіні қарасайлықтар өте жақсы біледі. Өйткені, қашанда елге ортақ игі істердің бел ортасынан табылады, қоғамдық жұмыстарға белсене, белшеше араласады. Түрлі жиын, кездесулерге қатысып, ой-пікірлерін ашық білдіреді, жастарға ақылын асықпай айтады, керекті кеңесін береді. Олай болатыны, өмірден көргені де көп, түйгені де мол.
Қарасайлықтармен ауылы аралас, қойы қоралас дегендей, көршілес жатқан Жамбыл ауданында қазір атақты Сұраншы батырдың атымен аталатын елді мекен бар. 1939 жылы 13 шілдеде Шара апамыз, міне, осы жерде дүние есігін ашыпты. 1953 жылы сол ауылдағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Алматыдағы әйгілі №12 мектепке ауысады да, оны аяқтаған соң екі жылдай әртүрлі жұмыс істейді.
– Кілең қазақ тұратын туған ауылымда кішкентай кезімнен ана тіліміздің уызына жарып өстім, – дейді Шара апа. – Осы орайда сондағы жетіжылдық мектептегі Бәтима Қорабаева, Алматыдағы атақты №12 мектептегі Әлия Дүйсенова сияқты ұлағатты ұстаздарымды да ешқашан ұмытпаймын. Олардың шәкірттерін әдебиетті сүюге, кітапты көп оқуға баулуы, әлемде теңдесі жоқ ғажайып қазақ тілінің қыры мен сырын терең ұғынуға ұмтылдыруы керемет еді. Бірақ, ауылымнан екі ауыз орысша сөз білмей-ақ алысқа аттанған менің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеруімнің өзі, қазір ойлап қарасам, шынында, қызық!
1958 жылы ЖенПИ-дің (Қыздар педагогикалық институты) филология факультетіне түседі. Алайда, бірінші семестрден кейін-ақ үйленіп, Сыр өңірінен бір-ақ шығады. Яғни, Қызылорда педагогикалық институтына ауысып, онда «орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқиды.
Бұл жастық шақты қойсаңшы! Осындай кездерде ғой, жүрегіңе күн сәулесіндей ыстық сүйіспеншілік сезімінің нұры толассыз құйылып, жаныңның алдағы арман күндерді аңсап жай таппайтыны…
Шара қыз да сонда өзінің өмірлік жарына жолыққан-ды. Ол Сырдың жас батырының бірі, Қазақ ауылшаруашылығы институты агрономия факультетінің студенті Құрманғали Досмағанбетов еді.
Екеуі 1957 жылы әдемі бір кеште танысқан болатын. Сөзі мен ісі қабысқан, салмақты, сабырлы, жақсы ән айтатын, түр-түсі де келісті жігерлі жігіт пен асқақ Алатаудың аруы бір-бірін қатты ұнатып, көп ұзамай отау тігіп, шаңырақ көтерген.
1963 жылы апамыз Қызылордадағы институтты бітіріп, ағамыз Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (КИЗ) аспирантурасына түсіп, екеуі қайтадан Алатау баурайындағы ауданға оралады. Содан жас мұғалім келіншектің ұстаздық ұзақ жолы басталып, Жамбыл атындағы мектепте жемісті қызмет етеді.
…Адамның басына түсер тағдырдың сын-сынағы да аз болмайды-ау кейде. Мұны айтып отырғанымыз, 1969 жылы Талдықорғандағы тәжірибе шаруашылығында қызмет ететін ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Құрманғали ағамыз кенеттен дүние салды. Бұл қаза, әрине, Шара апамызға өте ауыр тиді. Бірақ, тірі адам тірлігін істеу керек, балаларды өсіріп жеткізу қажет, өлшеулі өміріңдегі өзге де өз міндетіңді абыроймен атқаруға тиіссің.
Сондықтан да белін бекем буып, Жамбыл мектебіндегі мұғалімдік жұмысын жақсы жалғастырып әкеткен.
Ал, 1977 жылдан 1993 жылға дейін Қаскелең педучилищесінде ұстаздық етті. Ол жабылған соң, 1994-2002 жылдары аудан орталығындағы А. Пушкин атындағы орыс мектебінде орыс тілінен, қазақ тілінен сабақ берді.
2004 жыл Шара апамыздың өміріне өзіндік өзгерісін әкелді деуге әбден болады.
– Осы жылы, – дейді тағы ол кісі, – ауданның өте құрметті қариясы, аса қадірлі азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Үсенбай аға Тастанбеков мені өзі басқаратын «Қазақ тілі» қоғамына жұмысқа шақырды. Содан бері осы жердемін, Үсекеңнің адамдығынан, адалдығынан, білім-білігінен үйренгенім көп! Әйтеуір, аудандағы ана тіліміздің жай-күйін айрықша ойлап, адамгершілік, имандылық тәрбиесі, жастарды отаншылдыққа баулу тәрізді ізгі істермен қоян-қолтық бірге, бірлесе, барымызды салып, батыл айналысып жүрдік қой.
Шара апай мен марқұм Құрманғали аға екі ұл, екі қыздың ата-анасы атанған. Үлкен ұлы Мұрат ішкі істер саласының қызметкері болып, көп жыл полицияның аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі ретінде талай қылмыскердің жолын кескен. Қазір құрметті демалыста, яғни, зейнеткер. Кіші ұлы Мақсат, өкінішке орай, 1991 жылы өмірден өтіпті. Света білікті педагог, ҚазМУ-ді бітірген, кезінде біздің газетте де қызмет атқарған. Шолпан тәрбиеші, қазір Қаскелең қаласындағы «Ерке-нұр» балабақшасында істейді. Олардан алты немере, екі шөбере көріп отырған жайы бар.
Бүгінде сексен жастың биігіне алқынбай шығып отырған Шара апаның кеудесінде «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі және бірнеше мерекелік медаль жарқырайды. Қарасай ауданының Құрметті азаматы атағының да иегері.
Әлі күнге дейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамын байыпты басқарып келеді. Қашан көрсен де туған тілдің жағдайын ойлап, ұлғайған жасына қарамай тынымсыз әрекеттеніп, жүгіріп жүргені.
Тіпті, бұл реттегі ерекше еңбегіне қарап отырып, қазақ тілінің мәртебесінің көтерілуі, мерейінің өсуі үшін қандай қиындыққа болса да баруға әрдайым әзір, деп атап айтамыз біз, ол кісіге алабөтен ризашылық білдіріп. Сонымен қатар, ел-жұртқа сыйлы, құрметті, өмірі, еңбегі жастарға үлгі-өнеге.
Жасай беріңіз, шаршамаңыз, Шара апа!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.