Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына – 31 жыл. 1992 жылдың 7 мамырында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының айбынды әскері құрылған болатын. Аталған мереке қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесі – Отан қорғаушылар күніне орай іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов, Ауған соғысының ардагерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім басшылары мен жетекші мамандар қатысты.
Салтанатты жиында аудан басшысы сөз алып, көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Отан қорғаушылар күні – еліміздегі барлық буын өкілдерінің басын біріктіретін мейрам. Біз Отанымыздың тарихындағы ерлікке толы кезеңдерді әрдайым қастер тұтып, батыр әкелеріміз бен қаһарман аталарымыздың жанқиярлық ерлігін мәңгілік есте сақтайтын боламыз. Сонымен қатар, бүгінде тыныштық сақшысы болып, елдегі бейбіт өмірдің күзетінде тұрған азаматтарымызға құрметіміз шексіз. Сондықтан, сарбаздар, сіздердің ел мен жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз, бойларыңыздағы патриоттық рух бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға үлкен тәрбие, өнеге! – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мұнан кейін аудан әкімі ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып жүргені, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау міндетін абыройлы атқарғаны үшін бір топ азаматты марапаттады.
Атап айтар болсақ, Қарасай ауданы әкімінің атынан Құрмет грамотасы Жандос Кулжабеков пен Малик Қалиевке табысталды. Ал, дәл осындай мәтіндегі Алғыс хаттармен Ермек Естаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің Алматы облысы Қарасай ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Бекмырза Жүсіп, Қарасай ауданы прокуратурасының аға прокуроры Даурен Раимкулов, Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкері Бексұлтан Икрамов, Қаскелең шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, лейтенант Арман Тұраров, Қарасай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Марлен Наурызбаев, Қарасай аудандық білім бөлімінің әдіскері Ерлан Сеилханов, Қарасай ауданының жұмыспен қамту орталығының бас маманы Өмірбек Құбиев марапатталды.
Мерейлі басқосудың соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты. Концерт барысында аудандық Мәдениет үйінің әншілері патриоттық рухты көтеретін әндер шырқап, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.