Рысбек Мақсұтов бүгінгі тарихи сәтке куә болып, жас сайлаушылардың қатарынан табылды. 9 ай бұрын 18 жасқа толған қарасайлық азамат Шамалған ауылындағы №462 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
Жас сайлаушы дауыс берудің жауапкершілігін жоғары деп санайды. Сол себепті халықпен бірге белсенділігін танытып, азаматтық міндетін орындады.
– Қазақстан жастардың қолында деп сенемін. Дауыс беру – әр азаматтың парызы. Елдің болашағы үшін Президенттің рөлі зор. Сол себепті осындай тұлғаны таңдау үшін әрбіріміз жауапкершілік танытуымыз қажет, – деп спортшы ойын білдірді.
Рысбек Қайратұлы – Шамалған ауылының тумасы. Қаскелең қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледжінде білім алады. Каратэ киокушинкайды еркін меңгерген. Осы спорт түрі бойынша оның жетістігі жетерлік. 2019 жылы Қазақстан Республикасы кубогының күміс жүлдегері атанса, 2021 жылы Азия кубогының қола медальге ие болған. Биылға – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қарасай аудандық «Jastar ruhy» жастар қанатының мүшесі.