Қазақ елінің спортшылары үшін қашанда әлемдік додада топ жару – қанына біткен қасиетпен тең. Қай байрақты бәсекені алып қарасақта, елдің беделін биікке көтерер спорт саңлақтардың саны жетіп артылады. Олардың арасында біздің ауданнан жасындай жарқырап жүрген, астын сызып тұрып көрсететін есімдердің де аталып жүргені баршылық. Оған айқын дәлел болатын ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде тұратын, спортқа жаны құмар, өмірге деген құштарлығы ерекше байқалатын Дидар Есбергеновті айтуға болады.
Бадминтоннан ҚР спорт шебері, жас саңлақ, батыр Дидар мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткізілген Азия чемпионатына қатысып, елдің абыройын қорғап қайтты. Қазан айының 28-і мен қараша айының 4-і аралығында өткен кіл мықтылар бақ сынасатын бұл жарыс Малайзия мемлекетінің Куала-Лумпур қаласында өткізілді. Әртүрлі спорт түрінен сынға түскен сайысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден аса спортшылар қатысты. Олардың ішінде чемпионат қожайыны ретінде Малайзия, Тайланд, Оңтүстік Корея, Индонезия, Тайпей, Сингапур, Индия, Жапония елдері және біздің мемлекеттің атынан Айжан Ақмолданова, Дархан Оразалиев (Алматы қаласынан) пен ауданымыздың мақтанышы Дидар Есбергенов болды.
Жалауын көтерген Азия чемпионаты көптеген спорт түрін қамтыды. Ал, біздің Дидар бадминтоннан жекелей және жұптық ойындары бойынша бағын сынап көрді. Әр кезеңнен сүрінбей, қарсыластарын шаң қаптырып келе жатқан бадминтоншының ширек финалға келгенде асығы алшысынан түсе алмады. Спорт болғасын әркімнің бағы мен бабы қатар шаппасы анық. Дидардың бұл 1/4-финалға жетуінің өзі мақтануға тұрарлық көрсеткіш. Қаншама хас мықтылардың арасынан осындай кезеңдік ойынға келіп, сүрінудің өзі қай спортшыға болсын жарасады. Өйткені, бұл Азия ойындарына жай командалар қатыса бермейді. Әр құрлықтан мықты деген саңлақтар таңдалынып, өз елінің намысты міндетін атқаруға келеді. Біздің шебер спортшымыз Дидар қалың қазақтың аманатын асқақ абыроймен атқарды деп білеміз.
Жалпы, бұл Азия чемпионатында ел мақтанышы Дидар үшін тілеулес жандар көп болды. Өз кезегінде Дидар Есбергенов те осы байрақты бәсекеге қолдау көрсетіп, атсалысқан Қарасай ауданының әкімдігіне, ауданның спорт бөліміне және барлық демеушілік көрсеткен жомарт жандарға ерекше алғысын жеткізеді. Сонымен қатар, Азия ойындары өткен Малайзия мемлекетіне жол бастап барған ауданымыздың спорт бөлімі басшысы Серік Қамзанов пен аудандық «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының президенті Тәжіғали Ходжамұратовтың да еленер еңбектері бар. Оларға да спортшымыз ерекше ризашылығын білдіреді.
Дидардың келешекте әлі талай дүбірлі додада дүлдүлдер қатарынан көрінетініне сеніміміз мол. Қазақ жұртының мерейлі мақтанышы бола беруіне тілектеспіз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.