Аты аңызға айналған Әлмерек абыз бабамыз Албанның Сары бұтағынан тарайды. Сарыдан Таубұзар (Сүйменді), одан Бозым, Бозымнан Жаншық, одан Әлмерек абыз дүниеге келді. Жазушы Әскер Тойғанбекұлының жинаған деректері негізінде Әлмерек бабамыз 1658 -1754 жылдары өмір сүрген деп көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, Әлмерек бабамыздың өмір сүрген кезеңі Тәуке ханның заманынан басталып, Абылай ханның заманында аяқталды. Тәуке хан таққа отырғанда, яғни 1680 жылы Әлмерек бабамыз 22 жаста екен. Бұл, шын мәнінде, қазақтың қалмаққа қарсы күресінің қызып тұрған кезі. Ол заманда қазақтың игі жақсылары елдің шекарасын сақтап қалуды көздеді. Жоңғар билеушісі Қалдан-Бошақту қоңтайшының кезінде (1670-1697 ж.ж.) ойрат-қазақ қарым-қатынастарының өршуі асқынып, қалмақ қазақ үшін ата жауына айналады. Қалдан-Бошақту қоңтайшы Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларды басып алуға әрекет жасады, сондықтан да оның жорықтары албандар, суандар, дулаттар мен шапыраштылар мекендейтін аймақта өтті. Алайда, Қалдан 1684 жылы Сайрам қаласын алғанымен, Қытай мемлекеті тарапынан басталған соғыс оларды кейін шегіндірді. 1697 жылы Қалдан-Бошақтау өлген соң Жоңғар мемлекетінің тұтқасын оның өте айлакер інісі саясатшы Цебан-Рабдан алды. Ол Қытай елімен өте жақсы қарым-қатынасты сақтап, батысындағы қазақ жерін жаулауды ойластырды. Әсіресе, 1723 жылы қалмақтар Жетісуды жаулауды қарқынды жүргізді. Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің еңбегінде Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада 1101 қоян жылы қалмақ шапқыншылық жасағанда көше алмай жау қолында қалып қойды деп жазды. Бұл мәселе Қожаберген жыраудың «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты жырында да жан-жақты жырланған. Онда мынандай жолдарды кездестіруге болады:
«Күшігі Сыбан Рабтанның Шона Даба,
Халқыма оқ жаудырды келе сала.
Найман мен Жалайырды қуып тастап,
Құрығын тағы салды Дулаттарға.
Өлеңге қостым көрген кепті,
Халқымды қырғын соғыс тентіретті.
Жалайыр, Найман, Қоңырат,
Қарақалпақ,
Жеткізбей жау тобынан ұзап кетті…
Ұзамай Іле бойын Жоңғар алды,
Қаша алмай Албан, Суан жауда қалды.
Дұшпандар зар жылатты Қаңлыларды»,–деп жырына қосқан екен. Осылайша жырлаған атақты жырау Хангелдінің Албан қолын бастап, жаудың қолынан сытылып шығып кеткенін айтқан. Алайда, Әлмерек бастаған Албан елі қалың қалмақтың қол астында қалып қойған. Албандарды қорғау жұмыстарының бәрін Әлмерек бабаның ұйымдастыруына тура келеді. Осы кезеңнен бастап Албандар мекендейтін Жетісу аймағы ұзақ уақыт бойы қалмақтардың қол астында болды. Оларға қарсы шын мәнінде партизандық соғыстар жүргізуге мәжбүр болған. Осы соғыстардың басы-қасында Әлмерек бабамыз болды. Қазыбек бек Тауасарұлы өзінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында «1745 жылы Наурызбай бастаған қалың қол Албан соңында қалмақ құлдығынан құтқару мақсатымен Сапы-Саты көлі арқылы жартысы Доңызтауға, жартысы Мұзартқа қарай бет қойды»,–деп жазды. Осынау азат ету шайқасында Әлмерек бабамыздың ұйымдастыруымен Албан батырлары үлкен ерлік көрсетті. Дәл осы жылы Құмтөкейде 5 күн ұрыс болып, Албанның Оңқа батыры зор ерлік жасады. Үш жүздей жараланған қалмақтан басқа жаудың сарбаздары түгел қырылды. Осылайша Жетісудың оңтүстік жағы жаудан тазартылды. Әлмерек бабамыздың Албандарды азаттық үшін күреске ұйымдастырудағы белсенділігі міне, осы 1723-1745 жылдар аралығында ерекше байқалған. Сондықтан да, Әлмерек бабамыздың жекпе-жекте жоңғар батыры Шонжыны, бірнеше жекпе-жектерде басқа да қалмақтарды жер жастандырды деген сөз бос мақтан сөз емес, анық ақиқат! Осы айтылған кезеңде жаудың қол астында қалып қойған Албандар «Ақтабан шұбырынды» жылдары басқа тайпалар секілді қоныс аударған жоқ. Олар – қалмақтың қол астында табиғи орман-тоғай, таулардың молдығын пайдаланып, жергілікті жерде қарсыласу шайқастарын жүргізді. Бұл шайқастарда Хангелді батыр бастап, оның немересі Райымбекке дейін Албанның бірсыпыра батырлары ерліктің ерекше үлгісін көрсетті. Жалпы, Албаннан шыққан батырлардың ішінде 3 адамның есімі тарихта жақсы белгілі. Олар жоңғар шапқыншылығына қарсы қол бастаған аға батырлар жоғарыда аталған Хангелді, Райымбек және жас батырлардың қатарына жататын албан Малай батыр. Ал, енді бұл батырлардың бәрі Әлмерек бабасының батасын алып, Албанның қолын осы абыздың арқасында жауға қарсы ұйымдастырып, жорық жолдарын басқарған батырлар.
Тарихи тұлға – Әлмеректің ауыз әдебиетінің материалдарында әрі батыр, әрі абыз, баба деп аталуы оның өмірінің кезеңдерін көрсетсе керек. «Белгісіз» жылдар кезеңінде 20 жастағы сарбаз көптің бірі болса, Тәуке хан заманындағы жоңғарларға қарсы күрестерде әбден ысылған, тәжірибелі сарбаздан тайпаның не жүздің қолын бастар батырға айналады. Тәуке ханнан кейін хандық тарихында орталық билік жойылып, бытыраңқылық дәуір басталады. Осы кезден бастап жоңғарлардың да жорықтары күшейе түседі. Ел мен жерді қорғау ісі көбінесе Әлмерек секілді батыр бабаларымыздың басты міндетіне, мұратына айналды. Осы кезеңдерде жасы алпысты алқымдап қалған Әлмерек батыр өзінің жеке басындағы қадыр-қасиеті, қарымы мен қабілетінің арқасында ел ішінде абыз атана бастайды. Абыз сөзі – арабтың хафиз сөзінің қазақша айтылуы, мағынасы – Құранды жатқа айтушы, көптеген хадистерді білушы және түсіндіруші дегенді білдіреді. Ал, қазақ халқында абыз сөзі – Құранмен, хадистермен қатар, барлық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарды білуші, оларға түсініктеме беруші адамды айтқан. Жалпы, қазақтың түсінігінде абыз – қазақ қоғамында дін жағынан да, дәстүр жағынан да ең білімді, ең парасатты, ең сауатты адам болып саналады. Әлмректей абыз бабамыздың осындай қасиеттерге ие болуы, әсіресе, көріпкелдік және ерекше киелі қасиеттері оны батырлығымен қоса, абыз атандырса керек. Ауыз әдебиетінде Әлмерек бабаның асыл қасиеттері туралы көптеген аңыз әңгімелер сақталған. Тіпті бабамызды қазақтың көптеген батырларын тәрбиелеуші болғаны, оларға ақ батасын бергені туралы әңгімелер көп таралған. Бұл бекер емес. Рас, хандық тарихындағы бытыраңқылық кезеңнің «Ақтабан шұбырынды», «Аңырақай», «Екінші Ақтабан» деп аталатын оқиғаларында Әлмерек бабамыздың жасы 60-80 жас аралығында болады. Бұл кезеңдерде Әлмерек абызға жасының үлкендігіне қарай баба атауының қосыла бастағаны ақиқат. Өйткені, баба сөзінің белгілері – батырлығымен, қолбасшылығымен, білімділігімен, киелі деп танылуымен, көріпкелдігімен, болжағыштығымен елге танымал болған, жасы ұлғайса да халқына рухани адал қызмет жасаған адамға берілетіні анық. Қазақ-жоңғар қатынасы тарихында 1745 жылдан бастап белсенділік қазақтар жағына өтеді де, керісінше Жоңғариядағы саяси жағдайларға байланысты оның қуаты әлсірей бастайды. Ос кезден бастап қазақ жерлерін азат ету ісі жүргізіледі. Бұл кезде Әлмерек бабаның жасы сексеннен асып, тоқсанға таяп қалады. Абыз ақсақал, батыр бабаның ақ батасымен талай-талай батырлар рухтанып, жеңісті жорықтарына аттанып, жауын жеңе бастайды. Әрине, олар өз жеңістерінің барлығын Әлмеректей бабамыздың ақ батасынан деп ұғынады, бағалайды. Сөйтіп, халық жадында Әлмерек баба рухымен, батасымен жоңғарларды жеңген тұлға болып саналады. Албанның ортақ ұранына айналған Райымбек батыр да өз тұсында Әлмеректей бабасынан бата алғаны белгілі. Ел аузында есімі мәңгілік сақталып қалған Әлмеректей бабамыздың бүкіл ғұмыры хандық дәуірдің күрделі кезеңдерінде ел мен жерді қорғау жолында өтеді. Тіпті, қартайған шағында да батырларды рухтандырып, ақ батасымен жол көрсетіп отырды. Рас, 1643 жылдан бастап «Орбұлақ» шайқасындағы жеңістен кейінгі, ірі ұрыс Қарадала алқабындағы 1683 жылғы Жоңғар – Қазақ шайқасы болды. Себебі, жоңғар батыры Шонжының 10 мың әскерін Әлмеректей батыр бабамыз қолбасшылық еткен 6 мың әскердің ойсырата жеңуі тарихта жазылмаған тарихи жеңіс еді. Әлмеректің жанында мыңбасылар, жүзбасылар Албан Хангелді, Шапырашты Түрікпен, Дулат Өтеғұл, Биеке, Байсейіт, інісі Олжай батырлармен тізе қосып, жоңғарлардың 10 мың қолының тоз-тозын шығарып, жерімізден түре қуып тастады. Ереуіл аты мен егеулі найзасы қолынан түспей Алматының маңы, Қорам, Шелек, Сөгеті, Бұғыты, Көкпек, Торайғыр, Қулық, Қату, Сарыбастау, Жабыр маңында қалмақтарға ойсырата соққы беріп, өзінің үрім-бұтақтарын қоныстандырған.
Әлмерек бабамыз ел ішінде би деген құрметті атауға де ие болған бірегей жан. Өз тұсында, өмір сүрген кезеңінде ел ішіндегі даулы мәселелерді орнықты шешіп отырды. Ағайын арасындағы бітіспес дүниелерді ретке келтіріп, оңды шешіп, көпшіліктің алғысын арқалады. Міне, сол үшін де Әлмерек бабамыздың артында батыр, абыз, би, батагөй қария секілді тұлғасына жарасып тұрған атаулар айтылып келді. Және сол атауларымен жүректерге ұялады, елдің үлкен сеніміне бөленді. Құрметін, сый-сияпатын арқалады. Ұлтымыздың тарихында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын әдет-ғұрыптық ережелеріне негізделген заңдардың жалғасы болып табылатын «Тәуке ханның жеті жарғысы» деп аталатын заң болды. Тәуке ханның «Жеті жарғысын» түзеуге Ұлы Жүзден Төле би, ол Төбе би болып саналды. Орта Жүзден Қазыбек би, Кіші Жүзден Әйтеке би қатысады. Сонымен қатар, осы Қазақ хандығының Ата Заңын талқылап, бекіту үшін үш жүздің мықты деген 42 биі қатысқан. Осындай саяси ойшылдардың, дала данышпандарының алдыңғы қатарында Албан руының өкілі ретінде Әлмерек Жаншықұлы бабамыз болып, өзінің келелі ойларын осы заң баптарына енгізді. Бұл бабамыздың ел ішіндегі, ауыл-аймақтағы даулы мәселелерді шешумен ғана шектелмей қоғам тұрғысында, мемлекет тұрғысындағы мәселелерді шешуге қатысқан озық ойлы, көсемдік-шешендік, даналық-даралық қасиеттерге, болмыс-бітімге ие парасатты, ақылман қарт болғанын дәлелдейді.
Әлмерек абыз бабамыздың жүріп өткен жорық жолдарына көз жүгіртсек, оның туған жері Жамбыл облысының орталығы Әулие ата маңайында туылып, Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде жауынгерлік жорықтармен жүргені, қазақ хандығының іргесін бүтіндеуге атсалысқаны қазіргі күнге дейін біздерге келіп жеткен жер атауларынан байқауға болады. Алматы облысының Жамбыл ауданына қарайтын Қоғамшыл, Шиен дейтін елдімекендердің оңтүстік-батыс жағындағы Суықтөбе деп аталатын тау қойнауында Айттөбе деген тау жотасының, «Албандар қонысы» деп аталатын кең, терең сайдың, «Әлмерек өзені» мен «Әлмерек сайының» бары анықталды.
Әлмеректен бес бала тараған: Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі. Ұрпақтарының ішінде елге сыйлы батырлар, би-шешендер шықты. Жетісу жеріндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Албан-Қарқара көтерілісі басшыларының бірі Ұзақ батыр, атақты күйші Қожеке Назарұлы, классик жазушы Бердібек Соқпақбаев Құрманнан тараса, ал, қалмақтарға қарсы күрескен Байсейіт батыр, Пұсырман би, орыс отаршылдығына қарсы тұрған Тазабек, Жақыпберді, Әубәкір сияқты тұлғалар Әлмеректің үлкен ұлы Жәнібектің тікелей ұрпақтары. Әлмеректің екінші баласы Бабадан – Қашаған, Тұрысбек, Тоқаннан – Баржық батыр, Адыр шешен, кенжесі Қаракісіден – Қорам және Бекбау сияқты батырлар шыққан. Әлмерек бабамыздың ұрпақтары республикамыздан бөлек Қытайда, Монғолияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда тұрып жатыр. Халқымыздың жадында Әлмерек бабамыздың шығарған даналық сөздері, қара өлең шумақтары сақталған. Іле ауданындағы бұрынғы Гагарин станциясы, Покровка ауылы 2000 жылдан бері Әлмерек бабамыздың есмімімен аталады. Қазір мұнда Әлмерек бабамыздың кешенді кесенесі, мешіт, мейманхана жұмыс істеп тұр. Әлмерек бастауының суын дәрулікке, емдікке пайдаланады. Бүгінде әруағына бас иіп, тәу етушілердің қатары күн сайын үзілген емес.
Шүкір, Тәуелсіз мемлекетіміздің құшағында Әлмеректей батыр, дана, абыз, әулие бабамыздың есімі жарқырай түсті. Покровка ауылына бабамыздың аты берілуі, кесенесінің тұрғызылуы – бабамызға көрсетілген үлкен құрметтің, үлкен қуаныштың, жақсылықтың біріне айналды. Соңғы жылдар аумағында батыр бабамызға ескерткіш тұрғызу төңерегінде үлкен жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның басы қайырылатын күн алыс емес. Бабамыздың ел дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан еңбегі мемлекет тарапынан да ескеріліп отырғаны үлкен қуаныш десек, артық айтпаймыз. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылынының кіреберісіндегі тоғыз жолдың торабының тұсынан арнайы жер беріліп, ескерткіш тұрғызылатын жер белгіленіп қойылды. Ескерткіштің айналасын гүлзарға, адамдар демалатын орынға айналдыруға мемлекет тарапынан қомақты қаражат қарастырылып, қойнымызға қуаныш тола түсті. Енді үлкен шаруа, бабамыздан тарайтын барлық ұрпақ «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» баба ескерткішін тұрғызу үшін қаражат жинауымыз ғана қалды. Алла қаласа, күз айында ескерткіші орнатылып, үлкен ас беріліп, түрлі-түрлі шаралар жалғасын тауып, баба әруағын риза етер үлкен тарихи оқиға болмақ. Сол күнге аман-есен жетейік! Ең бастысы, бабамыздың ескерткіші үшін қол ұшын беру, қолдау көрсету – Әлмерек баба ұрпағының абзал борышы.
Болат ТАУБАЛДИЕВ,
Ұзынбұлақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы,
Кеген ауданының Құрметті азаматы.