Өткен жылдың 28 жел-тоқсанында Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Ескелді Қасымов Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізді. Аталған бас қосуды ашқан аудандық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов алдымен атқарылған көптеген жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар жайында жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар, кеңес мүшелерімен таныстырды.
Мұнан кейін Ескелді Құдайбергенұлы жиналғандар алдында сөйлеп, егемен еліміздегі қазіргі реформалар мен өзгерістерге, жаңа әділетті Қазақстанды құру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды, осыған орай Қоғамдық кеңестерге де үлкен маңыз беріліп отырғанын атап көрсетті.
Бұл ретте халықпен тығыз байланыс жасау, ел-жұрттың мұң-мұқтажына жедел көңіл бөлу, шешімін күткен мәселелерге жіті назар аудару, оларды жергілікті атқарушы органдар алдына тұрақты қойып отыру керектігін мүдделі тұрғыда сөз етті. Өзінің аудан-ауданды аралап, халықтың жағдайын, Қоғамдық кеңестердің жұмысын жақсы білгісі келгенін жеткізді. Осы жиын алдында аудан әкімі Жасұлан Естеновке кіріп шыққанын айтты.
– Қоғамдық кеңестер, – деді одан әрі Ескелді Құдайбергенұлы – ең алдымен ел мүддесіне, халық талабына сай жұмыс істеуі тиіс. Халық арасындағы ауызбіршілікке, тыныштыққа үлес қосуы керек. Қоғамдық татулыққа баса назар аударып, тұрақтылықтың туын жоғары көтеруі қажет.
Облыстық төраға сондай-ақ, облыс орталығы – Қонаев қаласын дамыту жөнінде де әңгімеледі. Аудандық кеңес мүшелерінің өзімен тікелей хабарласуына болатынын айтты.
Кездесуде аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, мүшелері Әмина Абдраманова, Орынбай Жанәділ, Күлжан Дүйсенова, Бекжан Сүнбеков, Қордай Әбілбеков және Жарқынай Садуова облыстық кеңес төрағасына сұрақтарын қойып, жұмысты жақсартуға, оны нақты атқаруға байланысты ой-пікірлерін айтты, ұсыныс-тілектерін білдірді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.