Осы аптаның екінші күнінде Сыр елі – Қызылорда өңірінде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Тарихы тереңде жатқан қаладағы бұл басқосудың мәні де, маңызы да жоғары болды. Елдің келешегіне қатысты тағдыр талқысы әңгіме арқауына айналып, құрылтай отырысына әдеттегідей ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның дамуына байланысты ұтымды ұсыныстарын, байыпты бастамаларын, саяси стратегиялық ойларын ортаға салды.
Аралдың қалпына келуі Сыр өңірін көркейтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғысөзінде Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қызылорда өңірінде өтіп жатқанын ерекше атап өтіп, бұл өлкенің тарихына және бүгінгі жағдайына тоқталды.
Осыдан бір ғасыр бұрын ел астанасы атанған шаһарда маңызды шешімдер қабылданғаны белгілі. Кеңес заманында осы аймақтан 100 шақты Еңбек Ері шыққан. Мәдениет пен шаруашылығы да өз алдына өркендеген. Сондықтан қазыналы қаланың елімізде алар орны айрықша. Осыны сөз еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылорда қаласының бүгінгі әлеуетіне де оң баға беріп, облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтің табандылығын көпшіліктің көзінше айрықша атап өтті.
Сондай-ақ Президент Сыр өңірі жайлы сөз қозғап, іргелес жатқан Аралдың да мәселесіне мән берді.
– Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емес. Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Аралдың суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Бірақ бұл тек біздің қолымызда тұрған мәселе емес. Қазақстандағы ірі өзендердің көбі бастауын көрші мемлекеттерден алады. Дарияның басында тұрған елдердің су саласындағы саясатына байланысты Сырдың суы теңізге әр кезде әртүрлі көлемде жетеді. Демек көп түйткілдің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланысты. Қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалды. Түптеп келгенде, Арал ғана емес, Каспийдің, Балқаштың, Ертістің тағдырын шешу үшін көршілермен мәмілеге келіп, келісімдерге қол қоюымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Елдің стратегиялық ресурстарының бірі – су. Оған қатысты мәселемен жүйелі түрде айналысу керек екенін Президент нақты айтты. Осы мақсатта ол БҰҰ аясында былтыр Халықаралық су ұйымын құруды ұсынғанын жеткізді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев осы жылы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтетінін тілге тиек етіп, сол жиында Арал мәселесі талқыға түсетінін мәлімдеді. Нәтижесінде Кіші Аралдың қалпына келуі Сыр өңірін көркейтуге септігін тигізбек.
Президент, сонымен қатар былтырғы экономикалық көрсеткіштің де көңіл қуантқанын сөз етті. Айтуынша, өткен жылды мол табыспен аяқтап, экономикамыз 6,5 пайызға артқан.
– Еліміздің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы үлесі тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет 15 мың доллар болды. Бұл – бүкіл Орталық Азия аймағы бойынша рекордтық көрсеткіш. Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайды. Алтын-валюта қорымыз ең жоғары деңгейге жетіп, 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Алматы облысында жаңа театр бой көтереді
Президент бұл отырыста мәдениет пен өнерге ерекше мән беріп, екі бағытты мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі екеніне тоқталды. Өйткені қоғам жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін. Дәл осылай қадап айтқан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы салада бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар қолға алынғанын және алдағы уақытта жүзеге асырылатынын түсіндірді. Оның ішінде Алматы облысы үшін ақжолтай жаңалықтың бірі – қазақ драма театрының бой көтеруі. Сол сияқты алдағы уақытта Абай, Ақтөбе облыстарына жаңа театрлардың құрылысы басталмақ. Шымкентте опера және балет театрының ғимараты салынады. Ал биыл Қызылордада жаңа драма театрының іргетасы қаланады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы әкемтеатры аталып кеткен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай оның ғимаратындағы күрделі жөндеу аяқталатынын және Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық театырының жаңғыртылатынын мәлімдеді. Одан бөлек алдағы екі жылда 100-ден астам мәдениет ошақ жөнделу жоспарлануда.
Президентіміз осы айтылғандардан бөлек, басқа да рухани-мәдени жұмыстардың жай-жапсарына мән берді. Мәселен, әл-Фараби, Яссауи, Абай ілімдерін дәріптеуге қатысты жобалар мен ғылыми жиындарды өткізуді қажет екенін ескертті. Қ.Тоқаевтың сөзінше, бұл бастамалар ең алдымен өзіміз үшін маңызды.
Биыл Астана мен Алматы сияқты алып мегополистерде кітапханалардың құрылысы басталу көзделуде. Оны да ел Президенті ерешке атап өтіп, бұл нысандар тек кітап жиналатын жер емес, қазақтың тарихын, мәдениетін, өркениетін насихаттайтын озық орталықтарға айналу керек екенін алға тартты.
Білім, ғылым және жоғары технологияға қомақты инвестиция салынады
Бүгінгі таңда цифрландыру мен жасанды интеллект түбегейлі жаңа орта қалыптастырып келеді. Сол үшін елімізде цифрландыру ісіне аса ден қойылған. Тіпті, қазірдің өзінде бұл бағыт қарқынды дамып, жеке және қоғамдық өмірдің барлық саласына ЖИ енгізіле басталды.
Ал білім, ғылым және жоғары технологияны дамыту күн тәртібінен түспейтін маңызды міндеттердің біріне айналған. Оны Президентіміз де айтып, бұл адам капиталының сапасын арттыратынын түсіндірді.
– Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет, – деді Қ.Тоқаев.
Жоғары технология демекші, оған негізделген энергияны көп қажет етпейтін жаңа экономика құру маңызды. Президенттің пайымдауынша, ол үшін мықты инфрақұрылым қажет. Мемлекет басшысының ендігі тапсырмасы – АЭС құрылысы аяқталғанын күтпей-ақ, жаңа қуат көздерін іске қосу.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы көмір қорының мөлшеріне де сенім артты. Қазіргі уақытта елімізде 33 млрд тоннаға жуық көмір қоры бар. Егер осы қарқынмен өндірісті жалғастырсақ, ол мөлшер 300 жылға жетеді. Ал жыл сайын Қазақстанда 110 млн тоннадан астам көмір өндіріледі.
– Бұл көрсеткіш бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекеттердің қатарына кіреміз. Көмір – біздің стратегиялық активіміз. Оның қоршаған ортаға зиянын түгел жоятын заманауи технологияны қолданып, көмірді толық пайдалану керек, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарының құрылысын жеделдетуді тапсырды. Өйткені әрбірі маңызды жобалар болып саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев осындай маңызды жұмыстарды тізбектей келе, энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, көлік-логистика кешені мен әуе жолдарын дамыту сияқты ауқымды жобаларды да атап өтті. Әрбіріне қатысты жұмыс жоспарын нақтылап, мақсат-міндеттер қойды.
Парламентте нағыз отаншыл азаматтар отыру қажет
Еліміз алдағы кезеңде саяси жаңғырудың қадамын басады. Парламентттік реформа орын алып, біраз өзгерістер орын алғалы тұр.
Осы уақытқа дейін белгілі болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерген еді. Содан кейін арнайы Жұмыс тобы құрылып, сол арқылы елдің ұсыныс-тілектері ескерілген.
Парламент құру мәселесі бүгінгі күнге дейін әлі ел ауызында талқыланып келеді. Президенттің сөзінше, көпшілік бір палаталы Парламентке оң көзқараспен қарайды. Қоғамдық пікір бойынша пайымдар мен ұсыныстар талқыға түскен. Соған байланысты терең зерделеу болып, батыл шешімдер қабылданған.
Қазақстанның жаңа Парламентіне қатысты Мемлекет басшысы пікір білдіріп, атауы мен құрамындағы депутаттар санына тоқталды.
– Болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.
Ал депутаттар санына келсек, бұл мәселе де қызу пікірталас туғызды. Ең көп пікір қайшылығы осы мәселеге қатысты болды. Бірінші тарап еліміздегі халық санына қарай пропорционалды уәкілдік идеясын ұсынды. Екінші тарап депутат санын 500-ге дейін арттыру қажет деді. Біздің негізгі мақсатымыз – шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құру. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс. Әлемдегі озық тәжірибелерге қарасақ, бұл үшін депутат санын көбейтудің еш қажеті жоқ. Сондықтан, мәселе – санда емес, сапада! Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс!
Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек, – деп түсіндірді Қ.Тоқаев.
Парламентті жасақтау тәртібіне келер болсақ, депутаттар енді пропорционалды жүйе бойынша сайланады. Ал аймақтардағы мәслихат депуататтарында мажоритарлық жүйе сақталады.
Сонымен қатар депутаттарды сайлау кезінде Президентке де, Қазақстан халқы Ассамблеясына да тиесілі квоталар болмайды. Бірақ жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квота қалады. Бұл әлеуметтік әділдік қағидатының айқын көрінісі болып саналмақ. Одан бөлек халық қалаулыларының ішінде арнайы тағайындалған «танымал тұлғалар» болмауы қажет.
Партиялардың Парламентке өту межесіне келер болсақ, ол бұрынғыдай 5 пайыздық көрсеткіште қалады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл партияластар арасындағы бәсекелестікті арттырады.
Жаңа жасақталған Парламентте, яғни Құрылтайда депутаттар 5 жылға сайланады. Заң қабылдау үш кезеңді қамтиды. Біріншісінде, халық қалаулылары заң жобасын жалпы мақұлдайды, одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды.
Президенттің айтуынша, Парламенттік реформа елдің әлеуетін арттырып, әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсартады.
Ассамблея мен Ұлттық құрылтайдың миссиялары аяқталды
Реформалардың жаңа кезеңінде биік мінбердің қажет екені анық. Бұған да Мемлекет басшысы ерекше назар аударып, ел бірлігін нығайтатын қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдар бір платформада тоғысуды жөн деп тапты. Осы мақсатта Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың жұмысы аяқталып, жаңа мемлекеттік орган құрылады. Ол «Қазақстанның Халық Кеңесі» деп аталады. Президенттің сөзінше, 126 адамнан тұратын институттың құрамы этномәдени орталықтардан, ірі қоғамдық бірлестіктерден және мәслихаттар мен аймақтардағы қоғамдық кеңестерден тұрады, яғни осы аталғандардың әрбірінен 42 өкіл Қазақстанның Халық Кеңесінің мүшесі атанады.
Қазақстанда Вице-президент болады
Құрылтай отырысының соңында ел назарын аудартқан тағы бір жайт орын алды. Мемлекет басшысы өз сөзін қорытындылай келе, осы уақытқа дейін жүзеге асырылған және келешекке жоспарланған саяси немесе басқа да саладағы өзгерістер асығыс қабылданған шешімдер емес екенін мәлімдеді. Одан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы көпшілікке маңызды ұсыныс тастады. Анығын айтқанда, Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын құру туралы ойын білдірді. Айтуынша, бұл лауазымды Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының көпшілігінің келісімін ала отырып, тағайындайды. Ал оның құзыретін Президенттің өзі белгілейді.
Жалпы, Вице-президент деген кім? Осы сұраққа жауап берер болсақ, ол да Президент тапсырмасы бойынша қызмет атқарады. Яғни, ол халықаралық форумдарда және шет мемлекеттер делегацияларымен өткізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді, Парламентте Президенттің атынан өкілдік етеді, еліміздің және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады және Президенттің басқа да тапсырмаларын орындайды.
Мемлекет басшысы осындай ойын білдіріп, құрылтайды қорытындылап, әрбір шешім мен бастама елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып, халыққа алғысын білірді.
– Азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жұмыспен айналысу мен үшін бәрінен маңызды. Халықтың қамы, ұлттың, мемлекеттің мүддесі – мен үшін баға жетпес құндылық. Алдағы уақытта да елімізді дамытып, Тәуелсіздігімізді нығайта түсу жолында бар күш-жігерімді салып еңбек ете беремін. Осы орайда, стратегиялық бағдарымды үнемі қолдап келе жатқан барша халыққа және осы залда отырған еліміздің лайықты азаматтарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін және зор алғысымды айтамын, – деп ел Президенті сөзін түйіндеп, осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтайдың қызметіне белсене атсалысып, реформалардың табысты жүзеге асырылуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
