Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы ел экономикасын жаңғыртуға бағытталды. Осыған байланысты Үкіметке тиісті тапсырмаларды міндеттеді. Жолдауда елді елең еткізер жаңалықтың бірі – 2024 жылдан бастап ең төменгі жалақының (ЕТЖ) көтерілуі. Жалпы Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында осы мәселеге көп көңіл аударып келеді. Мәселен, Президенттің тапсырмасы бойынша ЕТЖ биыл 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге артса, келер жылы оны 85 мың теңгеге көтеру міндеті тұр. Бұл өзгеріс халықтың әл-ауқатына және елдің экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Осы сауалға жауап алу мақсатында белгілі экономист Мақсат Халықпен тілдесіп, ойын білген едік.
Экономистің айтуынша, негізінде бізде ең төменгі жалақыны анықтап, бекітіп беретін арнайы профильдік министрлік бар. Яғни, бұл экономика министрлігінің міндеті.
– Ең төменгі жалақының өсуіне келер болсақ, соңғы үш рет болған өзгеріс – 42500 теңгеден 60 мың теңгеге, сосын 70 мың теңгеге, енді 85 мың теңгеге артуы Президенттің нұсқауымен жүзеге асырылуда. Негізінде олай болмауы тиіс. Министрліктің тарапынан Президенттің өзіне ұсыныс айтылу керек. Бірақ біз профильдік министрліктен ондай дүниені көріп тұрған жоқпыз. Менің есебім бойынша ең төменгі жалақы 112 мың теңге болу керек. Ол – әлемдік тәжірибеде бойынша орташа жалақының үштен бір бөлігі. Ал бізде орташа жалақы, соңғы мәліметтер бойынша 360 мың теңгеге жақындады. Олай болса, ең төменгі жалақы 120 мың болады деген сөз. Егер осылай болса, едәуір халықтың әлеуметтік жағдайын кішкене болсын көтерілуіне септігін тигізе аламыз деп есептеймін, – дейді Мақсат Халық.
Десе де экономист бұл мәселенің екінші жағы бар екенін де айтты. Мәселен, бюджет ол жағын көтере алады ма деген сауал туындайды. Мақсат мырзаның сөзіне сүйенсек, бюджет көтереді.
– Иә, қазір бюджетте тапшылық бар. Бірақ та оны тура осындай есептемелер арқылы кіргізсек, оны көтеруге болады. Тек бюджеттің тиімсіз шығындарын оптимизациялап, көлеңкеде жүрген ақшаның қайтуын, заңдастырылуын қамтамасыз ету керек. Сол арқылы бұл мәселе шешіледі. Бұл ретте инфляцияға әкелмейді ме деп сұрақ болады. Көп жағдайда азаматтардың жалақысын өсірсе, содан инфляция болып, азық-түлік бағасы қымбаттап кетеді деген түсінік қалыптасып қалған. Рас, белгілі бір дәрежеде әсері бар шығар. Азаматтардың төлем қабілеті сәл артса, сұраныс инфляциясы пайда болады. Бірақ осы жолы байқасақ, Президенттің Жолдауына мұғалімдердің, дәрігердің жалақысын көтереміз деген сөз айтылған жоқ. Бұл жолғы өсейін деп тұрған шама – ең төменгі еңбекақы мөлшері. Осыған мән беру керек. Ең төменгі жалақының 15 мың теңгеге артуы соншалықты көп тауардың бағасын қымбаттатып жібереді деп айтуға асықпау керек, – деп ойын жеткізді белгілі экономист.
Сонымен қатар, Мақсат Халық елдегі азық-түлік бағасының қымбаттап, инфляцияның болып жатқанының негізгі себебін ақша массасының көптігімен байланыстырды. Мысалы, Ұлттық қордан өте көп аударымдар жасалып, оның бәріне теңге сатып алынады. Ковид кезінде де 10 млрд доллардан астам жұмсалды. Осылайша айналымдағы теңге көбейіп, инфляцияны тудырып жатыр. Экономистің айтуынша, негізгі мәселе осыдан туындап тұр.
– Ұлттық банк ақша массасының көлемін азайтуға кішкене көңіл бөлу керек. Ал Үкімет елімізде тауар өндіру мәселесін жолға қою керек. Өзіміздің өндіріс саясатымыз дұрыс болғанда азық-түлік бағасы сондай қатты шарықтамаушы еді,– дейді Мақсат Халық.
Айта кету керек, Президенттің жүктеген міндеті бойынша еңбекақының ең төменгі мөлшері осылайша үш жыл ішінде екі есеге көбеймек. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл экономикалық серпіліс елдегі 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.