Аптаның сәрсенбісі күні аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Аудан әкімі Жасұлан Естенов, кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары қатысқан жиын барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстар, пошта мәселесі, алда келе жатқан жаңа Конституция бойынша референдум мәселесі талқыланды.
Аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жанат Исағұлов ашып жүргізген отырыста алғашқы баяндаманы аудан басшысы оқып, 2025 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және ауданның 2026 жылға қойған міндеттер туралы сөз етті.
Нақтырақ айтқанда, Жасұлан Тоққожаұлының айтуынша, ауданымызда бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісі 669,1 млрд. теңгеге жетіп 3%-ға өсті, 253,9 млрд теңге инвестиция тартылып 7,6%-ға артты. Бюджетке түскен салықтар 152 млрд теңгені құрап 45,6 %-ға өсті. Жаңа кәсіпорындар ашылғанның арқасында 2300 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ ауданымызда Абай, Үштерек, Қаратөбе ауылдарында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, таяуда жаңа ғимараттардың қолданысқа берілуі жоспарлануда.
Мәдениет саласына келер болсақ, екі жылда екі өнер мектебі мен Жастар орталығы ашылды. Оған қоса екі мәдениет үйінің құрылысы қолға алынған. Бүгінгі күні 6 ауылда су жүйесін жаңарту бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар биыл 21 елді мекендегі 77 көшенің 68,5 шақырымын жөндеуге 2,6 млрд. теңге бөлінді.
Жалпы өз баяндамасында Жасұлан Естенов осы және өзге де ауданды дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды. Аудан әкімінен кейін аудандық пошта торабының басшысы Ерболат Сәлімбайұлы халыққа қызмет көрсету жағдайын жаңарту мақсатындағы жұмыстар жайлы баяндады.
Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда Қарасай аудандық пошта байланыс торабының аудан бойынша 30 пошта байланыс бөлімшесі, оның ішінде 3 қалалық, 27 ауылдық тұрғындарға қызмет көрсетуде. Жалпы қызметкерлер саны штаттық кесте бойынша 135 адам, оның ішінде 20-сы аудандық қызмет саласында білікті жетекші маман. Олар қызметтерімен қатар зейнетақы, жәрдемақы төлеу, банк қызметтері, интернет-дүкендермен жұмыс (логистика) сияқты міндеттерге де жауапты.
Қызмет алушыларға келер болсақ, соңғы көрсеткіштер бойынша зейнеткерлерге зейнетақы және басқа да әлеуметтік жәрдемақы алушылар саны қазірге 10100 адамды құрайды, оның ішінде әлеуметтік жәрдемақы алатын саны – 388, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мекеменің жалпы кірісі 205895,9 млн. мың теңгені құраған.
2026 жылдың қаңтар айынан бастап Абай, Жібек жолы, Үшқоңыр және Райымбек пошта бөлімішелерінде елге қызмет, яғни ХҚКО саласы бойынша қызметтер ашылды.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек, Ерболат Сарқұлов пошта саласында туындаған мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде аудандағы 14 пошта байланыс бөлімшесі жалға алынған. Жалдау ақысы жыл сайын артып жатқандықтан, бұл кейбір бөлімшелердің жабылуына әкелуі мүмкін. Мекеме басшысы осы мәселені шешуде аудан әкімінен және жиналған халық қалаулыларынан қолдау сұрады.
Ерболат Сәлімбайұлының баяндамасын тыңдаған кеңес мүшелері пошта басшысы мәселені ашып айтқанымен, оның шешу жолдарын ұсынбағанын тілге тиек етіп, тағы бір мәрте талдау жасап, келесі отырыста нақты ұсыныс дайындауын сұрады. Соған сай мәселені шешу бағытында қолдауларын көрсететінін жеткізді.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов баяндады.
Жуырда елімізде жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Бұл өзгерістердің барлығы саяси жүйені жаңартуға бағытталған. Осыған байланысты алдағы уақытта елімізде жалпыхалықтық референдум өткізіледі деп жоспарлануда. Ауқымды сайлау басталмас бұрын республиканың өзге аумақтарындағыдай Қарасай ауданында да арнайы құрылған топ мүшелері енгізілетін өзгерістер бойынша алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осы ретте Қаныбек Құлжабайұлы жиынға қатысып отырғандарды алдағы ақпараттық жұмыстардың кең көлемді әрі жүйелі өтуіне белсенді түрде атсалысуларын сұрады.
Үш маңызды мәселе талқыланған отырыс соңында кеңес мүшелерінің ұсыныс-тілектері тындалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
