Жаныңа жақын іспен айналыса білу, әрі жеткен жетістігіңмен өзгелерге үлгі болу кімге де болсын жарасымды-ақ. Әсіресе, артыңдағы ұрпақ өзің жасаған ізгілікті ісіңнің ізін жалғастырып, әулеттің атын шығарып жатса бір мәртебе емес пе?! Осындай игі істі спорт түрімен сабақтастыра білген отбасылардың да қатары аз емес. Оған дәлел ретінде жақында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың спорт залында өткізілген «Алтын доп» атты республикалық турнирді айтуға болады. Сайыс шағын футбол түрінде ұйымдастырылып, тартысты, бәсекелі ойынға ұласты.
Жалпы, турнир «Алтын доп» деп аталғанымен, жыл сайын болатын дәстүрлі дода көптің көңілінде «Бір атаның балалары» деп жатталып қалған. Оған еліміздің барлық аймағынан 32 команда қатысып, әулеттің намысын арқалаған аяқдопшылар лайықты ойын өрнегін көрсете білді. Айтулы турнирге аудан абыройын асқақтатуға Елтай ауылдық округінен Суанбек атаның ұрпақтары да қатысты. Аладопты серік еткен Суанбековтер әулеті 32 команда ішінен жүлделі II орынға ие болып, арнайы республикалық турнирдің Алғыс хаты мен кубогын еншіледі. Әр өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған отбасылық командалармен бақ сынасып, терезесі теңдей ойын дәрежесін көрсеткен Суанбековтердің мұндай жеңісі көпке үлгі болары сөзсіз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.