Мемлекеттік рәміздер әр елдің тәуелсіздігін білдіретін, тұтастыққа шақыратын, татулыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, патриоттық сезімді оятатын айшықты белгілер саналады. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран асқақ орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған егемендігіміздің мәнін шын ұғасың. Осыдан 24 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Туы, Елтаңбасы және Гимнның заңнамалық мәртебесін белгілейтін тұңғыш заңға қол қойды. Содан бері республика жұртшылығы мемлекеттік рәміздеріміздің мерейлі күнін асыға күтіп, жоғары көңіл-күймен атап келеді. Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Алтын ауыл мектебінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, бөлім, мекеме басшылары мен округтердің ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты. Жиында алдымен рәміздеріміздің шығу тарихы, олардың авторлары, бейнелерінің мән-мағынасы туралы, сондай-ақ, мемлекеттік рәміздерді пайдаланудағы заң бұзушылықтар, мемлекеттік рәміздерге қатысты қолданыстағы заңнамалар туралы бейнеролик көрсетілді. Мұнан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде сахнаға шығарылып, Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Дулат Мұратұлы қарасайлықтарды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
– Бүгін еліміз үшін үлкен мереке. 1992 жылы алғаш рет еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітілген болатын. Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құндылықтарымыз. Тәуелсіздігіміздің қасиетті белгілерін бірі осы рәміздерімізді де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті, – деді Дулат Мұратұлы.
Мұнан кейін аудандағы мемлекеттік қызметке жаңа кірген жас мемлекеттік қызметшілер Қатира Маликаджанова, Әлихан Қожекеев пен Әсел Жұмаханова Отан алдында абыройлы да адал болуға, бар күш-жігерін салып халыққа қызмет етуге ант берді.
Мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шара соңы аудан өнерпаздарының патриоттық әндерді әуелете шырқаған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.