Бүгінде жасым сексеннің төртеуіне таяп қалды. Осы уақыттың ішінде өмірдің сан бел-белесінен өттім. Талай қызықты да, қиындықта да басымнан кешірдім. Құдайға шүкір, мағыналы ғұмыр кешіп келе жатырмын деп ойлаймын. Әйтеуір, барлық жерде де, барлық қызметте де жүктелген міндетті үнемі үлкен жауапкершілікпен атқара біліп, өзімді әрдайым абыройлы болдым деп есептеймін.
Міне, биыл қасиетті қазақ елінің Тәуелсіздік алып, өз алдына жеке, дербес мемлекет атанғанына 30 жыл толғалы отыр. Содан бері республикамыз қай салада болсын, айтарлықтай жетістікке жетіп, даму, өркендеу үстінде. Қазіргі кезде берекелі бейбіт өмір, бірлік, ынтымақ салтанат құрған Қазақстанды бүкіл әлем біледі, ол ішкі, сыртқы салмақты саясатының арқасында әлем елдері арасынан өзінің орнын ойып тұрып алды.
Өз басым тәу етер Тәуелсіздігіміздің баянды болуына, осы орайдағы істердің тұғырлы болуына азды-көпті үлесімді қостым деп есептеймін. Бұған өмір және еңбек жолымнан көп дәлел келтірер едім.
Егемендіктің елең-алаңында маған Қаскелең (қазіргі Қарасай) аудандық білім бөлімін басқару сеніп тапсырылды. Сөйтіп, 1992-2000 жылдары осы қызметті атқарып, аймақтағы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жұмысын ұйымдастырдық. Бұл бір, шынын айтқанда, қиын кезең еді. Бұрын бәрін ортақ Одақ шешетін болса, енді барлық мәселені де Қазақстанның өз мойынына алуына тура келді. Орталықпен экономикалық, мәдени, оқу-ағарту байланыстары үзілген. Қаржы да, басқа да тапшы болды. 5-6 ай бойы айлық алмаған кез де кездесті. Сондықтан да мектептердің қалыпты жұмыс істеуі үшін бар жиналған тәжірибе, қайрат-жігер жұмсалды, әсіресе, қандай ауырлық басқа түссе де, білім беру сапасын төмендетпеу жолында тер төктік. Қиындыққа төзбеген өзге ұлт өкілдері тарихи Отандарына кеткенде, олардың орнын толтыру үшін өзіміздің кадрлар резервін жасақтадық. Әйтеуір, бүкіл істі де ұтымды ұйымдастыруға ұмтылып, білім мекемелерін төбеден төнген нарық қыспағынан алып шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мәселен, мектептерге жер бөлгізуге жол ашқыздым, ол қосалқы шаруашылықтар құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, көптеген қиындыққа қарамастан, аса қадірлі қария, марқұм Үсенбай Тастанбеков және т.б. ардақты азаматтардың қолдауымен қазақ тілді мектептердің санын сегізге (бұрын тек Абай атындағы орта мектеп қана бар еді) жеткіздік.
Білім саласында өзім жетекшілік еткен кезде, әрине, басқа да көп жұмыс атқарылды. Оның бәрін санамалап шығу аса қажет емес деп ойлаймын. Ең бастысы қиындықтарда, яғни, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінде осы саладағы міндетімізді абыроймен атқардық десем де артық айтқандық болмас еді.
Жалпы, адам баласына тән бір қасиет – әрдайым алға ұмтылады, жаңа биікке шығуға тырысады. Мақтанғаным емес, мен білім бөлімінен бұрын талай жауапты қызметтерде істедім.
Сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында астанамыз Алматыдағы ұлттық жоғарғы оқу орындарының қарашаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түскеннен бастап-ақ, қоғамдық істердің қақ ортасында жүрдім. Комсомолдың, кәсіподақтың белсендісі атандым. Талғар ауданында мұғалім, мектеп директорының орынбасары болдым. Мұнан, кейін білім-білігімді, күш-жігерімді анық аңғарған болуы керек, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметіне шақырылдым. Онан кейін Қаскелең ауданындағы «Прямой путь» ауылындағы мектептің директоры болып ауыстым, сондай-ақ, Қаскелең қаласындағы мектеп-интернаттың директорлығына жіберілдім.
Ендігі кезекте, яғни, 1974 жылы алдымда Каменка ауылдық кеңесінің төрағалығы қызметі күтіп тұрған еді. Маған, шынын айтқанда, кемшілігі көп болып тұрған оның жұмысын өрге бастыру ұсынылды ғой. Жоғарыдағы басшылардың сол үлкен сенімін де ақтауға тырыстым. Тынымсыз еңбектің, жауапкершілікті барынша арттырудың, бәрін де ойластырып шешудің, ұтымды ұйымдастыра білудің нәтижесінде Каменка ауылдық кеңесі барлық көрсеткіші бойынша 1981 жылы ауданда бірінші, 1982 облыста, 1983 жылы республикада бірінші орынға шықты! Әрине, бұл ретте жұмыстың бәрін де тек өзім атқардым деп әсте айта алмаймын, оған басшылардың көмегі, халықтың қолдауы, қызметтестерімнің ұйым-шылдығы, барлығымыздың бір-бірімізді түсіне іс-қимыл жасауымыздың арқасында қол жеткені шындық.
Иә, осы ауылдық кеңесте 18 жыл бойы төраға болыппын. Осында жүріп бірнеше рет аудандық кеңеске депутат болып сайландым. 1985 жылы елге арналған еңбегім бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталдым.
Зейнеткерлікке шыққаннан бері осы округтің, онан кейін Алматы қаласына қосылған соң Наурызбай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып келемін. Мұнда да, яғни, осы алып шаһарда да біздің қоғамдық ұйым үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүр десем, артық болмас.
Ендігі айтарым, бізге Тәуелсіздіктен қасиетті, қымбат ештеңе жоқ. Иә, халқымыздың сан ғасыр бойы аңсаған азаттығына қолы жетті. Сондықтан да оны барынша бағалайық, еліміздің іргесінің мықты, керегесінің кең болуына барлығымыз да еңбегімізді сіңіре білейік, ардақты ағайын!
Мәдениет ҚАРКЕНОВ,
Қарасай ауданының Құрметті азаматы,
еңбек ардагері.