Efes Kazakhstan компаниясы өндірістік қуатын арттырып, жақында Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында орналасқан зауытта жаңа құю желісін іске қосты. Ауқымды жобаға тартылған инвестицияның көлемі 4 млн АҚШ долларын құрады.
Жаңа технологиялық құю желісінің ашылуы рәсіміне ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов, Түркия, Германия және АҚШ-тың бас консулдары, әлемге танымал түрік Anadolu Group компаниясының бас директоры Онур Алтурк, сондай-ақ Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Шараның ресми кезеңінде құрметті қонақтар сөз сөйлеп, әрбірі Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ елдің экономика үшін инвестициялар көлемін арттыруға ерекше назар аударды. Anadolu Efes компаниясының бас директоры Онур Алтурк өз сөзінде компанияның Қазақстанда алғаш қалай өндірісін бастағанын еске алды. Айтуынша, 1997 жыл жылы түрік компаниясы Қарағандыдағы «Колос» сыра зауытын сатып алған. Содан бері ынтымақтастық одан әрі нығайып, өндіріс ауқымы кеңейе түсті. Одан бөлек Efes Kazakhstan зауытының Қарасай жерінде 2003 жылы нөлден бастап салынғаны айтылды.
Аталған компания қаншама жыл бойы тұрақты өсім қағидаттарына негізделген тәсілді қолдана отырып, Қазақстан экономикасына инвестиция салып келеді. Соның тағы бір айқын дәлелі – осы жаңа құю желісінің іске қосылуы. Бұл өндірістік мүмкіндіктерді нығайтып, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттырады. Онур Алтур, сондай-ақ компанияның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын таныстырды. Байқағанымыздан, 890 млн-нан астам тұтынушы, әлемнің алты еліндегі 21 сыра зауыты, 12 елдегі алкогольсіз сусындар өндіретін 33 кәсіпорын ашу сияқты жоспарлы жұмыстар бар.
Ал ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов компанияның жаңа құю желісін іске қосу жобасы Қазақстан мен Түркия арасындағы инвестициялық әріптестікті кеңейту мен тереңдетудегі ерекше қадам екенін атап өтті. Сонымен бірге бұл жоба өңірдің тұрақты дамуына және экспортқа бағдарланған өндірісті дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларыында компания өнім экспортының көлемін 43%-ға арттырған.
Құрметті қонақтардың қатарында болған Anadolu Efes компаниясының халықаралық бизнес бағыттары бойынша бас директоры Эртан Курт шараны түйіндеп, жаңа құю желісіне салынған инвестициялар Efes Kazakhstan-ның елдегі сыра өнеркәсібінің көшбасшыларының бірі ретіндегі позициясын нығайтатынын айтты.
Жалпы, спикерлердің сөздеріне сүйенсек, Anadolu Group компаниясының инвестициясы Түркиядан тыс алғаш рет дәл Қазақстанға салынғаны ерекше атап өтілді. Одан бөлек біздің елді Орталық Азия мен Қытай өңіріне арналған Anadolu Efes компаниясының халықаралық қызметі мен сараптамалық бастамаларының ірі хабына айналдыру туралы ойлар айтылды. Бұл қадам компанияның экспорттық әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік бермек.
Шараның ресми бөлімінен кейін зауыт цехтарына экскурсия ұйымдастырылып, оның барысында салтанатты жағдайда біз сөз еткен бөтелкедегі сыра өндіретін жаңа құю желісі іске қосылды. Мұнда жабдықтарды таңдау кезінде неміс технологияларына басымдық берілген. Өйткені олар өндірістік қуатты 25%-ға арттыруға, форматтарды қайта баптау уақытын 30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз нарық сұраныстарына жедел әрі икемді жауап беруге жағдай туғызады. Одан бөлек көмірқышқыл газын тұтыну азайып, электр энергиясы мен суды пайдалану едәуір үнемделеді, қоршаған ортаға түсетін жүктеме төмендеп, өндірістік процестің автоматтандыру және цифрландыру деңгейі артады.
Бүгінде Anadolu Efes компаниясы Еуропадағы көлемі бойынша бесінші, ал әлемде оныншы ірі сыра өндіруші болып табылады. Бұл жөнінде Efes Kazakhstan компаниясының корпоративтік қатынастар және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директор Шыңғыс Қаскеев мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа өндірістік желі өнім сапасын жақсартып, компанияның нарықтағы көшбасшылық позициясын одан әрі нығайта түседі.
Жалпы бұл жобаның іске асырылуы аудан экономикасы үшін де маңызды оқиға. Өйткені ол индустриялық-инновациялық дамуға айтарлықтай үлес қосып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлес қосып отыр.
Айта кетейік, биыл аталған өндіріс бағытына, соның ішінде жабдықтарды жаңартуға 80 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланып отыр. Ал компанияның Қазақстан экономикасына салған жалпы инвестиция көлемі 345 млн АҚШ долларын құрайды.
Компания басшылығы ендігі жоспары – алдағы уақытта да сыра өндіру саласына инвестиция салу, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты жоғары сапалы өніммен қамтамасыз ету, салық базасын ұлғайтып, қазақстандық өнімді шетел нарығында ілгерілетуді жалғастыра беру.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
