Бүгінде дүкен сөрелерінен «ECO JUICE» маркалы сусынды жиі кездестіретін болғанбыз. Аталмыш өнімнің басқаларға ұқсамау себебі ешқандай қант, бояғыштар мен қоспаларсыз, тікелей сығу арқылы шығарылған шырынды ашылған соң бір айға дейін сақтауға болады және осы уақыт аралығында сусынның дәмі бастапқыдан еш өзгермей, сол балғын қалпында қалады. Бұл отандық өнім ауданымызға қарасты Шамалған ауылында орналасқан «Керуен» холдингіне еншілес «Агрофирма–Керуен» ЖШС-де өндіріледі.
Мұндағы табиғи шырынның ұзақ уақыт сақталуына австралиялық қондырғылардың көмегі зор. Қазақстанда алғаш рет қолданысқа еніп жатқан бұл технологияның басты ерекшелігі немесе ұтымды тұсы – сусын құйылатын «багенбокс» деп аталатын пакетте болып тұр. Себебі, қораптың төменгі тұсында арнайы шағын шүмек қарастырылған. Яғни, тұтынушы шырынды өзге тетрапакеттер сияқты емес, тек белгіленген орыннан осы кранды шығару арқылы ыдысқа құйып ішеді. Кәсіпорында газдық ортамен реттелген 11 тоңазытқыш камералардың ішінде төрт арнайы температуралы режиммен жабдықталған құрылғылар орналасқан. Ал, оның біреуіне 2200 тонна өнім сияды екен. Бұл германиялық технология арқылы жабдықталған камерада тауарды ұзақ мерзімге дейін ұстауға болады. Қазіргі таңда заманауи жеміс-жидек қоймасы жаңа серпілістер мен мол мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Кәсіпорында компью-терлендірілген әдіс арқылы, бір сағатта 500 литр шырын шығарылады. Сонымен қатар, соңғы уақытта 0,5 және 0,3 литрлі шыны құтыдан тұратын барлығы 150 келі алма тосабын (повидло) алуда. Мұнан бөлек, агрокешеннің меншігінде 1200 шаршы метр жылыжай да бар екен, онда қияр және қызанақ сынды көкеністер өсіріледі. Сол арқылы тек алма сусынын ғана емес, қызанақ шырынын да, томат пастасын да шығару жолға қойылып отыр. Ал, сұрыптау желісі бойынша сағатына көлемі, салмағы, түсіне байланысты екі тонна жемістерді сорттау мүмкіндігі бар.
Өнімге арналған сақтауға арналған ерекше пакетті Ресей мемлекетінің Санкт-Петербург қаласындағы «Smurfit Kappa» фирмасынан алса, нарыққа шығаруға арналған шыны құтыларды Краснодар қаласындағы «Камынинский стеклотарный» зауытына тапсырыс береді.
«Агрофирма–Керуен» ЖШС-нің бас маманы Нұрсият Жарбосынованың айтуынша, серіктестікке қарасты ауданда 100 га бау-бақша да 120 000 жуық көшет бар екен. Онда негізінен «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Айдаред» алма сорттары мен «Талгарская красавица» атты алмұрт түрі өсіріледі. Сол жерден жиналған өнім алдымен іріктеліп, жоғары сапалысы тікелей сауда орындарына жіберіледі де, қалғандары өңделеді. Қазіргі таңда аталмыш мекеме «Turkuaz» атты компаниясымен келісімшартқа отырып, ол арқылы «Рамстор», «Магнум» және т.б. сол сияқты еліміздегі ірі сауда дүкендеріне тасымалданады. 2018 жылдың қорытындысына сәйкес, тауар сатылымы 101 124 530 теңге пайда әкелген.
2015 жылы желтоқсан айында ашылған серіктестікке Егор Хахулин басшылық етеді. Тиімді технологиясымен ерекшеленген компанияда 33 адам қызмет етеді, оның негізгі жұмыс күшін жергілікті халық құрап отыр.
«Агрофирма–Керуен» ЖШС-нің өкілінің берген мәліметінше, жуырда «ECO JUICE» шырынын Қытай елінің нарығына шығару жөнінде ұсыныс түсіп жатқан көрінеді. Олар отандық тауар өте жақсы деген баға беріп, басқа тетрапакеттегі сусындармен салыстырғанда табиғилығы, балғындығы бірден сезілетіндігін айтқан. Ал, келешекте бұл ерекше өнім мұнымен шектелмей, өзге де алыс-жақын шетелдерге де экспортталмақ.
Бұрым ОРЫНБАСАР.