Қазір жадыраған жаз мезгілі. Қыста армандағандай, ыстық күн маусымында жұртшылық демалысқа шығып, қаланың сапырылысқан тіршілігінен бір сәт босап, еркін тынығуға қолайлы мекен іздейтін уақыт. Әрине, демалған дұрыс әрі пайдалы. Бірақ, қайда барып демалуға болады? Күннің шуағын, мөлдір су мен көкорай шалғынның иісін әбден сағынған халықтың біразы жаз келісімен шетелге ағылса, кейбіреулері елімізді аралайды. 1 маусымда туристік маусымын ашатын шет мемлекеттер бұл кезеңде бір-бірінен қалыспай, туристерді қабылдауға мұқият дайындалып, жарнамаларын жаудырып жатыр. Алайда, елімізде жадыраған жаз мезгілінде адамдарды керемет демалыс орындарымен қуантатын кәсіпкерлеріміз де көбейіп келе жатқанын білген жөн. Ия, жаз мезгілінде көпшілік су жағасында немесе хауыздарда шомылуды жөн санап, тынығуды құптайды. Тиісінше халық сұранысына қарай осындай орталықтардың бағасы көтеріле бастайтыны баршаға мәлім. Осыны ескере келе біз бүгін оқырмандар назарына ауданымыздағы ең әдемі және сервистік қызметі жоғары әрі бағасы жағынан өте тиімді екі демалыс орындары жайлы ақпарат бермекпіз.
Ең алғашқы айтқымыз келген орталық – Қаскелең қаласының төменгі бетінде, яғни, Алматы-Бішкек трассасына жақын орналасқан «Eco Fish» демалыс орны. Берілген атына мән беретін болсақ, «Eco» дегеніміз – үлкен қалаға жақын орналасқанымен, бұл жерде халық табиғат аясында, таза ауада керемет уақыт өткізе алатынын білдіреді екен. Ал, екінші «Fish» болса, аудармасынан түсінікті болар, балық аулауға арналғанын айғақтап тұр. Бір таңқаларлығы, жұмысын бастағанына бес жыл болған отбасылық демалыс кешені ең алғашында тақыр жер ғана болған екен. Көрген адамға бұл өте қызық жайт болар. Мұнда кәсіби мамандар келушілерге қызмет етіп, жоғары деңгейде демалуға жағдай жасауда. Сондай-ақ, бір ересектерге және бір балаларға арналған хауыз жұмыс істеуде. Суға түскеннен кейін отырып тамақтануға дайындалған жұмсақ жиһазы бар тоғыз ашық шатыр, балық аулайтын көлдің жағасында 22 шағын үйшік және жеті киіз үй бар. Жалпы, демалыс орнының кіре берісінде ең бірінші үшке бөлінген балық аулау көлі көзге түседі. Орталық басшысының сөзінше, ол жерде 5 түрлі балық бар. Келушілер өз қалауымен аулаған балығын алып кетуге болады немесе орталықтағы шебер аспаздарға дайындауға бере алады екен. Күніне 200 адамға дейін қабылдап жатқан орталықтың ас мәзірі мол. Демалушылардың сұранысына қарай дәстүрлі тағамдардан бастап, еурапалық тамақтарға дейін әзірлейді. Бағалары да қалта көтерерлік. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің көтеріңкі көңілде уақыт өткізулері үшін ойыншық үйлер мен алаңдары да ойластырылған. Оған қоса, шағын хайуанаттар бағы да балаларды қуантуда. Орталық басшысы Таңатар Жарасбаевтың айтуынша, болашақта ересектерге арналған тағы бір үлкен хауыз салуды және ат үстінде серуендеуді ұнататындарға арналған ипподром ашу жоспарда бар. Ал, Т.Жарасбаевтың өзі жайлы айтар болсақ, бұл демалу кешенін отбасымен басқарады екен. Үлкен ұлы орталыққа қажетті тауарларды жеткізумен айналысса, кіші қызы әкімші қызметін атқарып жүр. Ал, жұбайы Жанат касса қызметін өз мойнына алған. Ұйыған айрандай, тату-тәтті, кәсібін дөңгелетіп жүрген отбасы 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, қайырымдылық іс-шараларына белсенді атсалысып, орталықтарына мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына тегін демалуға жағдай жасауда.
Ал, енді екінші айтқымыз келген орталық – американдық стилде жасалған «Rancho club» демалыс орны. Бұл орталық ең алдымен өзінің жалға алуға болатын үйлерімен ерекшеленеді. Мұнда да үлкендерге және балаларға арналған хауыздар бар. Сондай-ақ, алғашқы айтқан демалыс аймағы сынды балық аулауға да жағдай жасалған. Үш гектар жерді қамтыған кешенмен бізді таныстырған осы жердің әкімшісі Азамат Кумекбаевтың айтуынша, келушілердің қолжетімді бағамен демалысын өткізуіне барлық қызмет ұсынылады. Жалпы, мұнда түнеуге келетін қонақтардың қатары көп екен. Ол үшін орталық аумағында, сондай-ақ, судың бетінде үйлер салынған. Енді, көл үстінде орын тапқан үй жайында айтып өтсек. Бұл қоныс көбіне балық аулауды жаны сүйетін қонақтарға арналған. Өйткені, онда демалуға, тамақтануға және балық аулауға арнайы жасалған үй қанаты жасалған. Сонымен қатар, ән айтуға арналған караоке залдары, тапшандар және таза ауада тынығуға арналған шатырлар бар. Ал, ыстық моншаға түсуге ниет еткендерге сақ және орыс үлгілеріндегі жуыну орындары қызмет етуге дайын тұр. «Rancho club» орталығы сағат таңғы 10-нан бастап, түңгі 10-ға дейін келушілерді қабылдайды. Үлкен кешендердің біріне жататын «Rancho club» орталығы күніне 150-200 адамға дейін қабылдайды. Бағасы да алғашқы айтқан «Eco Fish»-тан қатты ерекшеленбейді және кешкі алтыдан бастап, келушілерге 50 пайыз жеңілдік беріледі екен. Орталық әкімшісінің айтуынша, алдағы уақытта демалыс орнының аумағы бұдан да кеңейіп, үлкен хауыздар салу жоспарланған.
Біз айтып, таныс-тырғымыз келген орталықтар әзірге осы. Алдағы уақытта басқа да ауданымыздың керемет демалыс орындарын жазып, жағдайын айтатын боламыз. Ең бастысы, ауданымыздың туристік бағыттағы дамуы қарқынды жүзеге асып, жақсы серпін алып одан әрі жоғарылай беретініне сенімдіміз.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.