Жуырда, орталық кітапханада аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова жыл бойы атқарылған шаралардың жоғары деңгейінде өтуіне үлес қосқан мәдениет, кітапхана, музей, спорт саласының белсенділерімен, сондай-ақ, аудан жастарымен кездесті. Мерейлі жиынның алғы сөзін өзі бастап, қызметкерлердің елеулі істеріне тоқталды.
– Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп атап көрсеткен болатын. Сіздер өз салаларыңызда қажырлы еңбек етіп, табандылық танытып, шығармашылық ізденістеріңіздің өрісін кеңейтудесіздер. Осынау жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! — деп атап айтқан Күлжан Әділханқызы бірқатар қызметкерлерді марапаттады. Атап айтқанда, «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін Жәмила Қарқынбаева мен Сайра Есенбековаға табыс етті.
Сонымен қатар, шара барысында ағымдағы жыл аяқталғанша қалтқысыз еңбек сіңіріп, аймақтың өз салалары бойынша дамуына септігі тиген қызметкерлер де елеусіз қалмады. Оларды аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың және Күлжан Әділханқызы өз атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Басқосу соңында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төраймы Шара Қанатқұлқызы ақ батасын берді. Ал, жиналғандар марапаттарын қолдарына алып, естелік суретке түсті.
Бұрым ОРЫНБАСАР.