Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасының дамуында маңызды рөл атқаратын қарапайым жұмысшылардың мәртебесін арттыру үшін 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған соң, елімізде біраз жақсы шаралар қолға алынып, бірнеше жоба іске асырылуда. Соның бір дәлелі – жұмысшы мамандық иелерінің баспана мәселесін шешу мақсатында іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы. Бұл бастама жұмысшы мамандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қолдау, үлкен қамқорлық.
Қазіргі таңда аталған бағдарлама қарқын алып, өтінішітер де мақұлданып жатыр. Ол өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарға арналған. Мысалы, металлургтер, шахтерлер, құрылысшылар, дәнекерлеушілер, энергетиктер, машинистер, жол жөндеушілер, механизаторлар, ауыл шаруашылығы мамандары және су шаруашылығы қызметкерлері үшін баспана алуға жақсы мүмкіндік. Егер үміткердің жұмыс орны осы салалардың біріне жатса, бағдарламаға қатысуға құқылы. Ол «Отбасы банкі» АҚ жүзеге асырып отырған «Наурыз ипотекасы» бағдарламасының бір бөлігі болып табылатындықтан, шарттары ұқсас болып келеді.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасына ауыл шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, сумен жабдықтау, құрылыс, көлік және қоймалау салаларының қызметкерлері қатыса алады. Мамандықтар мен қызмет түрлерінің толық тізімін банктің сайтынан көруге болады.
Оның ерекшелігі жайлы айтар болсақ, пайыздық мөлшерлемесі әлеуметтік осал топтар үшін 7 % (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін), қалған азаматтар үшін 9 % (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін). Сондай-ақ баспана алғысы келетіндер әрленген жаңа тұрғын үйді таңдаса, бастапқы жарна 10%-дан басталады. Егер жаңа тұрғын үй әрлеусіз болса, онда бастапқы жарна – 20%. Максималды қарыз сомасы Алматы және Астана қалалары үшін 36 млн теңге, басқа өңірлер үшін 30 млн теңге, ал қарыз мерзімі 19 жылға дейін. Бұл жерде бір айта кетерлігі, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан тек жаңа тұрғызылған тұрғын үйден пәтер сатып алуға болады. Оны «Отбасы банкінің» «Baspana Market» платформасы арқылы (otbasybank.kz) таңдап, брондап, сатып алу мүмкіндігі бар. Ал қолданыстағы тұрғын үй тек моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде сатылады. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін екі млн. теңге депозит ашу жеткілікті.
«Отбасы банк» АҚ-ның Алматы облысындағы филиалының мәліметіне сүйенсек, «Наурыз» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап 12 730 несие берілді, олардың жалпы сомасы 342,13 млрд теңгені құрады. Маңызды жайт – бұл бағдарламаның арқасында тұрғын үй мәселесін 35 жасқа дейінгі 7 617 жас қазақстандық шеше алды. Бағдарлама аясында 1 539 несие моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындарына берілді.
Бүгінгі таңда тағы 1 520 қазақстандық жалпы сомасы 46,48 млрд теңге болатын несиелерді рәсімдеу кезеңінде тұр. 2025 жылдың басынан бері «Отбасы банк» АҚ барлығы 60 мың несие беріп, олардың жалпы көлемі 1,2 трлн теңгені құрады.
Осыдан бірнеше күн бұрын Үкімет тарапынан қазақстандықтар үшін арзандатылған ипотекалық несие көлемі екі есеге артылатыны жайлы ақпарат шықты. Яғни, екі есе ұлғайту қолданыстағы «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін ұлғайту жолымен жүзеге асырылады.
Мұнымен бірге сұранысқа ие «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады, ол жыл сайын кемінде жеті мың әскери қызметшінің отбасына жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Құрылыс компанияларымен осы бағдарламалар шеңберінде салынатын тұрғын үй құрылысы бойынша офтейк-келісімшарттар жасалады. Бұл ретте құрылыс салушылар үш жылға бағаны бекіту бойынша қарсы міндеттемелер қабылдайды.
Жалпы елдегі әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, еңбек адамдарының беделін көтеріп, лайықты жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал жоғарыда аталып өткен жұмыстар сол міндетті орындауға бағытталған нақты қадам деуге болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
