«Жігітке жеті өнер де аз», – дегендей, Еркіндей ағамыздың тұла бойынан бәрі табылады. Бір емес екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген. Ақсай орта мектебінде шәкірттеріне алғашқы әскери дайындық пәнінен дәрісін береді. Бойында намысы оты лапылдаған нағыз патриот. Ұлтын, тілін, салт-дәстүрін жанындай жақсы көреді. Ұлтым десе, өре төрегеледі. Бағбаншылық – сүйікті кәсібі. Бұл – біздің бүгінгі тақырыбымыз. Өнер десе, ішкен асын жерге қояды. Сол қызу қандылығының арқасында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде бар жағдайды ести сала өзі құралпы студент, жұмысшы жастармен бірге алаңға шығып, «Менің Қазақстаным!»,-атты ұлттық ұранымызға айналған әнді шырқап, желтоқсанның ызғарына қарылған жан. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Әуелете ән салып да жібереді. Шабыты ұстап кетсе, ұшыраса кеткен, бір ортада әңгімесі жараса кеткен адамға суырып салып бірнеше шумақ өлең шығарып жіберетін де жақсы қасиеті бар. Рас, жыр толғаулары мерзімді басылымдарда жарық көріп жүр. Қазақтың қанында бар дүние ғой, тау кезіп, аң көздеп кететін аңшылығы бар. Қанжығасы бос қайтқан кезі аз. Тау өзенін жағалап балық аулау да сүйікті ісінің бірі. «Бір күн табиғат аясына шығып кетпесем, тау кезіп демалып қайтпасам, өзімді жайсыз сезініп тұрамын»,-дейді. Бұл шындық. Тау аралап, өзен жағалап, мылтығы мен қармағын сайлап жүретін, қамдап жүретін азаматты алпысқа келді деп ойламайсың. Орда бұзар отыз бен қамал алар қырықтың ішінде деп ойлайсың. Расында бір уақыт атқа міну, табиғат арасында болу, өзен жағалау адамды жасартып, жүзін жайнатып, жігері мен шабытын қайнатып тұратын сияқты-ғой. Алпыстан асқан Еркіндей ағамызды қарттықтың ауылына жібере салу қиын.
Жылы қарсы алған ол бірден үйінің айналысын қоршап тұрған әдемі бақшалығына жол бастады. Кіре берісте ұшырасқан шабдалы пісіп тұр. Уысың толып тұрар жеміс қандай әдемі десеңізші?! Дәмі балдай шабдалы балапандардың сүйікті дәмі ғой. Күздік алма, алмұрттар самсап тұр. «Биыл жеміс төгілген жыл жайлы жыл болды»,-дейді Еркін ағамыз бақшалығы туралы дамылсыз әңгімелеп.
– Бала кезімде «Мәтқасымның бағы» туралы көп естідім. Темірлік өзенінің бойында алма мен өрік өсірген екен жарықтық. Кейін сол бағбаншы Ақсай ауылына келіп алма, өрік, қара өрік, шабдалы, жүзім өсірді. Өзін көрмесек те бағының, жемісінің дәмін татып өстік. 1954 жылы Ақсай ауылының іргетасы қаланып, алғашқы үйлер тұрғызылған кезде бір орыс көшіп келіп, жеміс ағаштарын өсіріпті. Былайғы жұрт содан көшет алып алма өсіре бастады, – дейді ағамыз өткен күндеріне оралып.
Шын мәнінде, Мәтқасымдай бағбаншы атасының жемісінен қызыға, тамсана дәм тата жүріп өзі де соны өсіруді түпкі арманы етті. Студент шағынан бастап қара шаңырағына жеміс ағаштарын өсіре бастаған. Ол тұста кейіпкеріміз Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік инстиуттың студенті болатын. Ақсай ауылы Кеген ауданындағы ауа-райы жайлы да жұмсақ, қысы қолайлы, жазы ыстық мекен. Жеміс, көкөніс өсіруге таптырмас жер. Осының өзі Еркін ағаның болашақ игілікті ісіне лайықты дем бергені анық.
– Бір кезде дәл осы Ақсай ауылында көбінесе сары өрік, жабайы алмалар болды. Жеміс пен көкөніс үшін Шонжы мен Шелекке барып келетінбіз. Шүкір, сол қиындықтың бәрі артта қалды. Қазір сырттан, базардан ешнәрсе сатып алмаймыз. Жеміс те, көкөністің барлық түрі өзімізде, – дейді күлімдей тіл қатып.
Рас, айналасын жеміс ағаштары көркемдеген, ауласына алма мен алмұрттың, шабдалы мен таңқурайдың жемісі көрік берген Еркін ағаның отбасында бәрі бар. Оның игілігін әулеті, қала жақта тұратын бала-шағасы, туыс-туғандары, көрші-қолаңы көріп келеді. Бау-бақшасында «Салтанат», «Золотой», «Америкалық», «Жаздық алма» деп аталатын алманың 6 түрі өсіріледі. «Талғар аруы», «Таулық», «Дюшес» секілді алмұрттың түр-түрі бар. Жаздық және күздік шабдалы өсіріліп келеді. «Сары өрік», «Алша», «Қара өрік», «Курага» секілді өріктің түрлері де жазда, күзде жемісін береді. Тамаша дүние ғой, мұнда грек жаңғағы, жүзім де бар. Ерте және жай пісетін шиенің екі түрін, қырғыздың қарақатын кезіктірдік. Жалпы, бағбаншы шаңырағы ерте пісетіні бар, кеш пісетіні бар маусым айынан бастап-ақ піскен жеміссіз болмайды. Әдемі бақшаның бір жағы көкөністің мекенжайы болып табылады. Мұнда да іздегеннің бәрі бар. Картоп, сәбіз, қырыққабат, қызанақ, қияр, пияз, баклажан, қызылша, асқабақ, бұрыш тағы сол сияқты дүниелер.
Бау-бақшаларында өсірілген түрлі жемістен жасалған тосап түрлері көз тартып тұр. Базардан сатып алатын қызанақ пен қиярдан дәмі мүлде бөлек. Міне, құнарлы топырақ, таза сумен, қол еңбегімен өсірілген көкөністің сапалы өнімі. Бау-бақшасы, жеміс ағаштары көрік берген шаңырақ түрлі жемістен сусын жасап қояды. Еркіндей бағбанның бұл ісі, бір қыры өзге де ағайындарға лайықты үлгі, өнеге. Өсіп келе жатқан жастарға ғибрат. Мұның бәрі Еркіндей ағамыздың еңбекқорлығының, табандылығының арқасы. «Ерте тұрам. Бір күн ана жемісімді суарса, екінші күні мына жемісімді суарам. Көкөніс те солай. Суды көп қажет ететін дүниелер бар. Соның бәрі назарымда. Бақшалықтың ішіндегі көп жылдық беде шөбін екі рет шауып алам. Борлаған қойға таптырмас азық», – дейді Еркіндей ағамыз күнделікті шаруасынан сыр тарқатып. Шын мәнінде, бақшалықтың іші көк майса. Жанға тигізер шапағаты мол.
Ұлтын, тілін, туған елі-жерін жанындай жақсы көретін Желтоқсан ардагері, ұлағатты ұстаз, еңбекқор бағбан Еркін Қоғанбаев Ақсайдай ауылының болашағын ойлайды. Қулық тауының етегіндегі бұлақ көздерін ашып, су көздерін жинақтап, ағынды өзен құрап, сол арқылы ауылдың маңайынан жеміс пен көкөністің үлкен бақшалығын өсірудің мүмкіндігі туатын еді дейді. Ауылдағы бірлі-жарым азамат серіктестік немесе шаруа қожалығын құрып жеміс-жидек шаруашылығымен дендеп айналысса, аудан орталығын, көршілес ауылдарды сапалы жеміспен, көкөніспен қамтамасыз етуге әбден болатын еді дейді. Бұл шындық дүние. Алдағы күннің әңгімесі. Реті келер деп ойлаймыз. Біз сөз етіп отырған Қоғанбаев Еркін Әкімбекұлы – Ақсай ауылындағы өнегелі отбасының отағасы. Жұбайы Мәдина екеуі ұрпағымен өсіп-өніп, немерелерін сүйіп отыр. Бақытты отбасы. Барыс жылы туған еңбекқор бағбан, ғибратты ұстаздың, намысты перзенттің, көмейінен жыр төгілген ақынжанды азаматтың қолы қуатты, өмірі шуақты, шаруасы бұлақты, көңілі гүл бақты бола берсін!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Ақсай ауылы,
Кеген ауданы.