Күні кеше Әйтей округіне қарасты Еңбекші ауылында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл іс-шара Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тапсырысына сай өткізілді. Қарасай ауданының мансап орталығының ұйымдастырумен болған шара жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастарға бағыт-бағдар беру және жұмыспен қамтуға қолдау көрсетуге бағытталды.
Аудандық прокуратура, сот орындаушылары, аудандық Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен бірқатар жұмыс берушілер қатысқан шараның ашылу салтанатында Қарасай ауданы бойынша мансап орталығының басшысы Дулат Сансызбаев сөз сөйлеп, жұмыс іздеушілерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ өткізіліп отырған жәрмеңкенің маңыздылығына тоқталып, оның тек жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы байланыс қана емес, сонымен бірге адамның өмір жолында жаңа кезең бастауына мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әрбір азаматтың еңбек етуіне жағдай жасауды мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ретінде атап көрсетіп келеді. Президентіміздің айтқанындай, «жұмыссыздықпен күресу және жаңа жұмыс орындарын ұсыну – еліміздің басым бағыттарының бірі». Соған сәйкес, аудан көлемінде бірнеше жұмыстар жақсы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесі көңіл қуантарлық – деді Дулат Мұратұлы.
Жалпы алғанда бұл жолғы жәрмеңкеге «Clever Medical», «Kazakhstan Network Communication», «Diamond Food», «BMG Holding» секілді 30 кәсіпорындардың өкілдері қатысып, 200-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды. Қатысушыларға түрлі саладағы мамандар кеңес беріп, жұмысқа орналасу шарттары түсіндірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа жұмыс – табыс табудың ғана емес, өзін танытып қоғамға пайда әкелудің жолы. Сондықтан алдағы уақытта да мұндай мазмұнды жоба жалғасын табатын болады.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
