Ұлтты ұйыстыратын ұлттық мереке – Республика күнінің тарих бедеріндегі орны айрықша. Өйткені 35 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанымыз тәуелсіздікке сеніммен қадам басты. Азаттыққа жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданып, ел дамуы жолында мақсат-міндет айқындалды.
35 жыл. Иә, бұл аз уақыт емес. Осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін мемлекетіміз көптеген сындарлы саясаттан өтіп, түрлі реформаның нәтижесін көріп, экономикалық тұрақтылықты сақтай білді. Әр өңірде жемісті жұмыстар атқарылса, соның бәрі тарих бетіне жазылды.
Елдің әлеуметттік-экономикалық бағытын бағдарлап, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға келгенде Қарасай жерінде де байыпты бастамалар жүзеге асты. Ал осындай жүйелі жұмыстардың басы-қасында болып, басшылық тізгінді ұстаған тарих куәгерлері өткен күнді еш ұмытқан емес. Солардың бірі – талай жыл Қарасай ауданының дамуына еңбегін арнаған Азат Хамитов.
Азат Нұрхасенұлының туған жері Алматы облысына қарасты Райымбек ауданының Қақпақ ауылы болғанымен, балалық шағы да, ержетіп өскен жері де қасиетті Қарасай жерімен тоғысты. Биыл 66 жасқа аяқ басқан ағамыздың есімі аудан тарихында ерекше сақталған. Өйткені ол Қаскелең аудандық Лениндік коммунистер жастар одағының бірінші хатшысы болғанын айрықша атап өтуге болады.
Әкесі Нұрхасен Хамитов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Алматының Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, жолдамамен Нарынқол ауданында тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Өмірлік жары Әлімхан Хамитова екеуі шаңырақ көтеріп, өмірге Озат, Азат, Ляззат, Нұрзат есімді ұл-қыздарды дүниеге әкеліп, бірін ұяға, бірін қияға қондырып, қанаттандырды. Одан кейін бұл әулет тұрмыс жағдайына байланысты Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай ауылына қоныс аударған. Ол кезде Азат ағамыз үш жаста еді. Осы елді мекеннің суын ішіп, топырағында аунап өсіп, 1966 жылы қолданысқа берілген Чернышевский атындағы орта мектептің алғаш табалдырығын аттады. Аталған білім ошағының алғаш түлегі атанып, Қазақ ауыл шаруашылық институтына (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті) оқуға түсті. 1981 жылы аталған жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, Абай ауылындағы құс шаруашылығында 1985 жылға дейін инженер-механик, техникалық бақылаушы, хатшы сияқты бірнеше лауазымда жемісті еңбек етті.
Азат Нұрхасенұлының совхоздағы табандылығы аудан басшылығы тарапынан жоғары бағаланып, ол коммунистік партия мүшесі атанды. Сондай-ақ оның іскерлік қарым-қабілеті, байыпты басшылығы да ескеріліп, 1985 жылдың желтоқсан айында Қаскелең аудандық Лениндік коммунистер жастар одағының бірінші хатшысы лауазымына тағайындалды. Бұл қызметте 1989 жылға дейін еңбек етіп, осы жылы білімін жетілдіру үшін Литваның Вильнус қаласына коммунистер партия мектебіне аттанды. Мұнда бір жылдай оқып, одан кейін Ленинград қаласындағы политологиялық институтында білім алды. Осы жерде өмірлік жары, қаскелеңдік Нағима Рақымжанованы кездестірді. Екеуі 1991 жылы оқуларын аяқтаған соң, елге оралып, шаңырақ көтерді. Айта кетейік, Нағима әпкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері, Қаскелең аудандық атқару комитетінің бірінші хатшысы болған Рақымжан Мақашевтің қызы.
Қазақстан Коммунистік партиясы үшін білімі шыңдалған, іскерлік қабілеті толысқан азаматтардың кәсіби шеберлігі әрдайым ескерілді. Осы тұрғыдан алғанда Азат Нұрхасенұлының біліктілігін Қаскелең аудандық комитеті жоғары бағалап, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Мұнда ол партия тарағанша жұмыс істеді. Сол күндерді Азат ағамыз әлі естен шығарған емес.
– Қазақстан Тәуелсіздігін алар кезде, партия тарап жатқанда жауапты жұмыстардың бірін атқардым. Ол уақыттағы қызметімді оңай болды деп айта алмаймын. Өйткені партия мүшелерінен партбилеттерді жинау, партияның ісіне қатысты есептерді Үкіметке тапсыру қиын болды. Дегенмен, берілген міндетті мүлтіксіз орындап, қызметімді абыроймен атқардым. Барлық есеп-қисапты реттеп, құжаттарды өткізіп кеттім, – деп еске алды Азат Нұрхасенұлы.
Партия тарағаннан кейін Азат Хамитовтың жұмысы Қаскелең қалалық халық депутаттар кеңесінде жалғасты. Мұнда аталған мекеменің төраға орынбасары лауазымында бір жылдай қызмет етті. Одан кейін еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін әр ауданда әкімшілік бөліністер пайда болды. Осы кезде Азат Хамитов 1992 жылы Қаскелең ауданы әкімшілігінің ұйымдастыру-инспекторлық және кадр жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалса, жарты жылдан кейін әкімшіліктің қызметтік құрылымы өзгергеннен кейін аппарат басшысы қызметін атқарды. Бұл лауазымда 5 жылдан астам жұмыс істеп, 1998 жылы Қаскелең ауданы Қарасай ауданы болып өзгергенде аудан әкімінің орынбасары болды. Ал 2006 жылдан 2014 жылға дейін Қарасай аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің, арасында Қарасай ауданының экономика, бюджеттік жоспарлау және өнеркәсіп бөлімінің басшысы қызметін атқарды.
Азат Нұрхасенұлының аудандағы іскерлік жетекшілігі, экономика саласындағы біліктілігі облыстағы жауапты жұмыстарды атқаруға себепші болды. Анығын айтқанда, 2014 жылы Алматы облыстық Статистика департаментінің басшысы болып, зейнет жасына жеткенше осы мекемеде жемісті, абыройлы еңбек етті. Оның осындай басшылық қызметке дейін көтеріліп, ел алғысына бөленуі ауданда атқарған жұмысы мен тәжірибе жинақтауының арқасында. Бұл ретте Азат Хамитов өзі қызмет еткен жылдары ауданды басқарған әкімдердің нұсқаулығын, еңбек жолындағы жетекшілік еткен жақсылықтарын ұмытқан емес. Ол жайында да азды-кем ой өрбітіп, әңгіме арқауына айналдырды.
– Қаскелең аудан болып тұрғанда әкімшілікте біраз жұмыс атқардым. Одан кейін Қарасай ауданы болып өзгергенде әкім аппаратында да бірнеше жыл қызмет еттім. Міне, осы жылдары Төребек Олжабайұлы, Әлихан Әбдіханұлы, Болат-би Сатымбайұлы, Аңсар Тұрсынханұлы, Ләззат Махатұлы, Амангелді Айдарұлы сынды аудан басқарған азаматтардың қолдауын сезініп, халық алдында қалтқысыз қызмет істедім. Әрбір басшының мен үшін орны бөлек болды. Еңбегімді бағалап, талай жұмысты сеніп тапсырды. Сондықтан менің қызмет жолымда өсіп-өнуіме аталған азаматтардың қосқан үлесі зор. Оларға тек ризашылығымды білдіремін, – деп бұрынғы аудан әкімдеріне алғысын жеткізді.
Жоғарыда атап өткендей, Азат Нұрхасенұлы Кеңес Үкіметінен бастап Тәуелсіздік жылдары еңбек еткен азаматтардың бірі. Тарих таразысына салар болсақ, талай айшықты оқиғалардың куәгері атанып, аудан экономикасының дамуына үлес қосты. Оның қызмет еткен жылдарында Қарасай жерінде түрлі зәулім ғимарат пен нысандар бой көтеріп, халықтың әл-ауқаты үшін жүйелі жұмыстар атқарылды. Мәселен, ауданға қарасты Елтай ауылдық округінің төңірегіндегі «Efes» сыра зауыты, «Coca-Cola» компаниясы, тері өңдеу өнеркәсібі сияқты түрлі өндіріс орындарының пайда болуына едәуір үлес қосқан. Сол кездері ауданды басқарған әкімдермен бірлесе, қарқынды жұмыс істеп, аталған компаниялардың инвесторлары қойған талаптарын ескеріп, Елтай аумағынан жер тауып, өнеркәсіптердің бой көтеруіне себепші болды. Одан бөлек «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы «Алтын орда» әмбебап базарын тұрғызуға жер телімін қарастырып, алғаш қазығын қағуға қатысты.
Ауданның келбетіне айналған тағы бір ғимараттардың бірі – Алматы облысындағы SDU деп аталған алғашқы жоғарғы оқу орны. 2011 жылы Қарасай жерінде пайда болған университеттің бой көтеруіне де Азат Нұрхасенұлы куәгер болып, құрылуы кезінде басы-қасынан табылды. Сонымен қатар ашылғанына биыл 16 жыл болған «Aport» сауда-ойын-сауық кешенін атап өтуге де болады. 2009 жылы семейлік азаматтар сауда орнын салу үшін ұсыныс білдірген кезде жер телімін табу қиындық тудырған. Десе де аудан басшылығы қолдау білдіріп, құжат жағын ретке келтіруге қолғабыс еткен. Міне, бұл жұмыстарға да Азат ағамыз белсене араласып, зәулім нысанның еңсе тіктеуіне септігін тигізді.
Әрине, жіпке тізгендей мұндай назардағы нысандардың санын жалғай беруге болады. Әрбірінің өзіндік ерекшелігі, аудан үшін маңыздылығы бар. Осының бәрі Азат Нұрхасенұлының көз алдында өтті. Бүгінде ағамыз құрметті демалыстың рахатын көріп, өмірлік жары Нағима Рақымжанқызымен Зият, Қымбат атты ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының қызығын көруде. Одан бөлек арасында ұстаздық қызметпен айналысатыны да бар. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін білімгерлермен бөлісіп, Қазақ ұлттық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша келісімшарт негізінде дәріс береді.
Азат Нұрхасенұлының халық алдында атқарған қызметі, еселі еңбегі әрдайым лайықты бағаланды деуге болады. Ағамыз экономика ғылымдарының кандидатынан бөлек, мемлекеттік марапаттарды да талай иеленген. Оның ішінде «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл, 20 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл, 20 жыл» деген мерейтойлық медальдарын, Президент Жарлығымен алған «Ерен еңбегі үшін» медалін және «Статистика үздігі» деген төсбелгісін кеудесіне жарқырата таққаны бар. Бұл марапаттың бәрі қалтқысыз қызметтің шынайы бағасы деп білеміз.
Еңбегі елге жаққан Азат Нұрхасенұлының бүгінгі күнге дейін жүріп өткен өмірлік жолы осындай. Оның қызметтік белесі тарихтан сыр шертетіндей келер ұрпаққа өнеге болып қалады деген сенімдеміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
