Жануарларды емдеп, олардың денсаулығына көңіл бөле отырып, адамзатқа таза ет, азық болуына тікелей әсер ететін мамандықтың иесі – мал дәрігері. Олардың еңбегі басқа сала мамандарынан жоғары десек артық айтқандық емес. Себебі тілі жоқ жануарлардың дертін тауып, емдеудің өзі үлкен еңбек. Аталған салаға қатысты арнайы заң қабылдануына орай, «10 шілде – Ветеринария қызметкерлерінің күні» деп жарияланды. Осы сала мамандарының кәсіби мерекелерін ескере отырып, бұл қызметтегі еңбек өтілі 35 жылға жуықтаған Ғалия Қуанышбекова жайлы жазуды жөн санадық.
Ғалия Бақбергенқызы 1963 жылы 16 тамызда Ресей мемлекетінің Екатеринбург қаласында дүниеге келген. Сол қалада орта мектепте білім алып, кейіннен Екатеринбург атындағы Академияға «ветеринария» мамандығына оқуға түсіп, үздік бітіріп шыққан. Кейіннен өзінің атамекені – Қазақстанға оралып, мамандығы бойынша халқына қызмет етуді жөн санаған.
Ғалия Қуанышбекова бұрынғы Қаскелең қалалық ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің инспекциясында бас инспектор болып қызмет атқарған. Адал еңбек еткенінің арқасында оған сол саладағы қызмет орнына басшы болуға ұсыныс түскен. Бұл кездері Ғалия Бақбергенқызының жасы 30-ға да жетпеген еді. Өзі жас әрі сондай үлкен ұжымға басшы болуға жүрексінген ол бұл қызметтен бірнеше рет бастартса да, басшылықтың келісімімен бәрібір де жетекшілік қызметіне тағайындалған. Оның айтуынша, сондағы оның бар уайымы бекер болған. Үлкен ұжым жас қызға бағынып, жұмыстары ілгері басқан. Ғалия ханым басшылық қызметін аз уақыт ішінде жақсы үйреніп, түрлі марапаттарға лайық деп танылған. Алғаш басшы ретінде Алғыс хатын алып үйіне келгенде ата-анасы қуанып, оны мақтапты.
Ғалия Қуанышбекова қазіргі уақытта Әйтей ауылдық округіндегі ветеринарлық станцияда бас мал дәрігері болып жұмыс істейді. Өзінің асқан табандылығы мен еңбекқорлығының, шыдамдылығының арқасында үлкен жетістікке жетіп, бір адамның ғұмырына татитын уақытқа жетерлік жылдар бойы қызмет атқарып келеді.
Кейіпкеріміз әңгімелесу барысында, өзінің мына бір қызықты оқиғасымен бөлісті.
– «Мен өзім нәзік, қалада өскен қыз едім. Осы салаға алғаш жұмысқа келгенімде, маған бәрі таңырқап қарады. Мұндай ауыр жұмысқа шыдай алмай, ертесі-ақ жұмыстан кетіп қалады деп ойлаған екен. Ең қызығы алғаш жұмыс күнінде сиыр-бұзау туып жатқан. Бірден жұмысқа кірісуіме тура келгендіктен, жүгіріп сиырдың жанына барсам, малдың үлкендігі сонша бойым жетпеді. Содан жан-жағыма қарап, сиыр сауғанда отыратын орындықты көзім шалып, соны әкеліп үстіне шықтым. Сиырдың тууына көмектесуге жалғыз өзімнің күшім жетпегендіктен, мені сынап қарап тұрған әріптестерімді ұялмай көмекке шақырдым. Сөйтіп, бәріміз жабылып сиырды аман-есен туғызып алдық. Осы оқиғадан кейін әріптестерімнің де маған деген көзқарасы өзгеріп, барлығымен жақсы араласып кеттім», – дейді Ғалия Бақбергенқызы.
Бала күнінен жануарларды жақсы көріп өскен кейіпкеріміздің өзінің үйінде де малдар болған. Оларға деген қамқорлығының, ерекше қызығушылығының арқасында осы салаға келіп, шыдамдылығының, табандылығының нәтижесінде жемісті түрде қызмет етіп келеді. Елеулі еңбегі ескеріліп, бірнеше марапаттың иесі атанған.Атап айтсақ, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарасай аудандық аумақты инспекциясының «Үздік қызметкері» сынды марапаттарға және әр мереке кезінде басшылықтан құттықтау сертификаттарын алған. Осындай қайсарлы, рухты, ерекше салада ерен еңбек етіп келе жатқан Ғалия Бақбергенқызын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, қызметіне үлкен табыс және сәттілік тілейміз!
Шұғыла ТЫНЫС.