Осыдан бір апта бұрын Қаскелең қаласында орналасқан облыстық қан орталығында «Науқас балаларды қорғау!» атты акциясы өтті. Аталмыш шараға Қарасай мен Жамбыл ауданының мемлекеттік қызметшілері, дәрігерлері, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері және аудан тұрғындары атсалысты.
Облыстық қан орталығында дәрігер-лаборант Назгүл Қарабасованың айтуынша, казіргі таңда теріс резус-факторының жетіспеушілігі көп кездеседі, дәлірек айтсақ, I және IV қан тобының донорларына мұқтаждық бар. Сонымен қатар, дәрігердің мәлімдеуінше, жоғарыда атап өткен қан тобы бар адамдар арнайы шақырумен немесе өз еркімен жиі қан тапсырып тұрады екен. Осы орайда тұрғындарымыздың мейірімділігі мен жанашырлығы қуантады.
Жалпы, қан тапсыру өзінің және өзгенің денсаулығына пайдалы екені мәлім. Донор өз денсаулығын тексере отыра, өзге жанның өміріне жаңа мүмкіндік сыйлайды. Оның үстіне әрдайым медициналық қадағалауда болып, қымбат қан анализдерін тегін тапсыра алады. Донор болғандардың қатарында Жамбыл аудандық емхананың дәрігері Гүлназым Бекмуратова да бар. Ол мұндай шаралардың маңыздылығын зор екенін тілге тиек етіп, балалар дәрігері ретінде бұл акцияға қатысуға зор ықыласпен келгенін жеткізді. Саламат Ұзақбаев, Самат Метеров сынды аудан тұрғындары – мемлекеттік қызметке қатысы жоқ жеке кәсіп иелері. Дегенмен олар бұл шараны естіп, қан тапсыруға келген.
Осындай акцияға қатысам десеңіз, мына талаптармен танысқаныңыз жөн: қан тапсырардан бірнеше күн бұрын құрамында алкоголь және бояуы бар сусындарды ішуге, майлы және ащы тағамдарды жеуге тыйым салынады. Донация күні қан орталығына жеке куәлігіңізбен барып, бірінші кезекте сауалнама толтырып, қан жарамдылығын тексертесіз. Дәрігерлер бас айналу мен әлсіздіктің алдын алу үшін қан тапсырар алдында міндетті түрде екі стақан тәтті шәй ішіп, печенье жеуге кеңес береді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.