Алматы-Бішкек тас жолының 24 шақырымында орналасқан Долан ауылының бұрылысындағы жаяу жүргіншілер жолағы қауіпті аймаққа айналды. Бір апта бұрын осы жолақтан өтпек болған адамды көлік қағып, салдарынан ол кісі қайтыс болды. Бұл осы аймақта тіркелген жалғыз қазалы жағдай емес. Жол көлік оқиғасы тіркеліп, адам өлімі жиі тіркелетін бұл өткел ағымдағы жылдың мамыр айының ортасында жабылған болатын. Десе де осы аптаның алғашқы күні Долан ауылының бұрылысындағы жаяу жүргіншілер жолағы қайта ашылды. Оның себебін білу үшін осы жолдың қауіпсіздігіне жауап беретін және қызмет көрсететін құзырлы органдардың өкілдерінен сұрап білген болатынбыз.
– Биыл Алматы – Бішкек тас жолының 25+600 шақырымында жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынған болатын. Осыған байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау және «Алматы – Қаскелең» бағытына қарай жүретін көліктердің кептелісін азайту үшін осы жылдың 19 мамыры күні 24+400 шақырымындағы, яғни, Долан ауылынан шығатын бұрылыстағы жаяу жүргіншілер жолағын Алматы облысы Полиция Департаментінің нұсқауымен жапқан болатынбыз. Бірақ, тамыз айының алғашқы күндері тұрғындардың наразылығы туындауына байланысты біздің мекемеге аталған аймақтағы жаяу жүргіншілер жолағын қайта қалпына келтіру туралы хаттама келіп түсіп, соның негізінде 8 тамызда жол белгілерін орнатып, өткелді қайта аштық, – деді «Қазавтожол» АҚ 14 жол пайдалану бөлімшесінің бастығы Арман Ақтанов.
Алматы облысы әкімшілік Полиция басқармасының жол техника инспекция бөлімінің өкілі де қауіпті аймаққа қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, «Алматы – Бішкек» тас жолының 24 шақырымында орналасқан бұл жаяу жүргіншілер жолағына қатысты тұрғындар бұған дейін де өз наразылықтарын білдіріп келген. Бірақ, аталған аймақта соңғы орын алған қайғылы оқиға адамдардың үрейін одан әрі өршітіп, заңды түрде жолақтың болғанын сұраған.
– Аталған күре жолдың халықаралық маңыздылығы болғандықтан, мұнда күніне шамамен бір бағытта 70 мыңнан астам көлік жүреді. Әсіресе, кешкі уақытта көліктер кептеліске тұрып қалатын аймаққа айналды. Сонымен қатар көлік иелерінің жол ережелерін сақтамауынан адамдар үшін де жаяу жүргіншілер жолағы қауіпті аймаққа айналды. Десе де Долан ауылында зейнет жасындағы көптеген адамдар және балалардың бар екенін алға тартқан тұрғындар өз наразылықтарын білдірді. Осыған орай жақында жұмыс барысымен Алматы облысы әкімшілік Полиция басқармасының басшысы, полиция майоры Нұржан Үстеміровмен бірге келіп тұрғындардың өтініш тілектерін тыңдағанан кейін, қайтадан жаяу жүргіншілер жолағын 2 күннің ішінде қайта қалпына келтіреміз деген шешім қабылданды. Дегенмен көлік жүргізушілер жол жүру ережелері мен қағидаларын сақтамайды, әлі де бұл аймақтың қауіптілігі жоғары болып тұр. Сондықтан жолдан аса мұқияттылықпен өткен жөн, – деп ескертті Алматы облысы әкімшілік Полиция басқармасының жол техника инспекция бөлімінің инспекторы, аға лейтенанты Есбол Ниязбаев.
Тұрғындар назарына тағы да бір айта кетерлік жайт, Алматы – Бішкек тас жолының 26 шақырымында, шамамен Алмалыбақ ауылының бұрылысының маңында жер үсті өткелі орнатылғандықтан, алдағы уақытта Долан тұрғындары үшін мұндай жолдан өту көпірі салынбайды. Өйткені, стандартқа сәйкес 250 метр сайын ғана мұндай өткелдер қойылу керек екен. Сондықтан көлік тізгіндегендер де жолдан өтушілер де аса мұқият болу керек бұл қауіпті аймақта.
Бұрым ОРЫНБАСАР.