Райымбек округіне қарасты Долан ауылында осы аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тұрақты есептік кездесуі өтті. Оның барысында мектептің жоқтығы, ауыз судың тапшылығы, жолдарды жөндеу қажеттігі және тағы басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Көптен күткен мектеп салынады ма?
Долан ауылындағы мектептің жұмыстары биыл қайта жанданады деп күтілуде. Аудан басшысының мәліметінше, Долан ауылындағы мектептің жобалау-сметалық құжатамасы дайын, сараптамадан өткен, бірақ облыс басшыларының құрылыс жұмыстарына арналған қаражат сомасының көп деп айтуына байланысты жоба уақытша тоқтатылған болатын. Алдағы уақытта облыс тарапынан құрылысты сол жерде жүргізуге рұқсат беріліп, бюджеттен қаражат бөлінсе, Долан ауылында жаңа мектеп пайда болады.
Тағы бір айта кетерлігі, осы уақытқа дейін ескі ғимараттары апатты болуына байланысты доландық 1-4 сынып оқушылары Достық 29/2 мекенжайындағы жалға алынған мекемеде оқып жүрген. 2022-2023 оқу жылында бастауыш сынып оқушылары үшін ауыл арасында «Котеджі қалашық» атауымен танымал 43-ші учаскіден қосымша екі ғимарат жалға алынатындығын аудандық білім бөлімінің өкілі мәлімдеді.
2023 жылы ауыз су мәселесі шешіледі
Долан ауылындағы тұрғындары су құбырларының ескіргендігі, ауыз судың тапшылығы қанша жылдан бері өзекті болып келе жатыр.
Қыстың күндері су әйтеуір ағып тұратын болса, жазда мүлдем келмей қалады екен. Сан жылдар күн тәртібінен түспей, көпті мазалаған су мәселесі Жандарбек Ермекұлының айтуынша жоспарға сай шешіліп, Долан ауылында «Қаскелең су топтамасы» жобасының аясында сумен қамтамасыз етілетін болады. Нақтырақ айтқанда, аудандағы 18 ауылға магистральді су құбырын жүргізуге қатысты құжаттар мемлекеттік сараптамадан қаңтар айында өткен, қаражат бөлінген. Ал ауылдың ішіне жаңа су құбырлары 2023 жылға дейін орнатылады деп күтілуде. Осының негізінде келер жылы доландықтар толығымен ауыз сумен қамтылады.
Самал көшесі биыл жөнделеді
Доландықтар ішкі көшелер жөнделсе де, ауылдың көркі кіріп, үйлердің айналасы жақсарса деген тілектерін білдірді. Олардың айтуынша, Доланда мектеп болмағандықтан оқушылардың барлығы әр ауылға қатынап оқиды. Сондықтан, аудандық маңызы бар жолдар ғана емес, ауылдың ішкі көшелерін де ретке келтіру өзекті болып отыр. Жыл сайын ешбір көшесі жоспарға кірмей қалатындықтарын тілге тиек еткен доландықтар наразылықтарын білдірді. Тіпті, ауыл азаматының бірі әкімдік жолға төселетін құм және қиыршық тасты тауып берсе, көлікті өзі табатындығын жеткізді.
Аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы бұл мәселе тек Доланға ғана емес, барлық ауылдарға қатысты екенін түсіндірді. Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша аталған ауылдағы Самал көшесі толығымен жөнделетіндігін айтты.
Бұрым ОРЫНБАСАР.