Қарасай ауданында халық қаузаған мәселенің бірі – кейбір елді мекенде мектептің жоқтығы. Қуанышымызға орай жаңа білім ошақтарының бой көтеруі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге аспақ. Президент тапсырмасымен қолға алынған бастаманың арқасында біздің ауданда 10 мектептің іргетасы қаланады. 8-нің құрылысы биыл басталады деген жақсы жаңалықты да қуана айта аламыз. Оның қатарында Долан ауылында салынатын мектеп те бар.
Доландықтар күткен қуанышты хабарды аптаның сәрсенбісі күні Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов аудан халқымен тұрақты кездесуі аясында аталмыш ауыл тұрғындарымен жүздесуінде айтты. Жиын барысында ауылдың жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар мәселе көтерілсе, соның ішінде күні бүгінге дейін сөз болып келген Доланның мектебі тағы айтылды. Аудан басшысы жергілікті тұрғындарға биыл жаңа білім мекемесінің құрылысы басталатынын жеткізді. Айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2,5 га жер теліміне 1200 оқушыға арналған мектеп салынады. Ағымдағы жылы құрылысы басталса, 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілу жоспарда бар.
Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы халықпен өткен кездесуінен кейін аталған елді мекенде салынуы тиіс мектептің орнын арнайы барып көрді. Келер жылы қолданысқа берілетін жаңа білім ошағына қатысты жұмыстарды саралап, округ әкіміне және аудандық құрылыс және сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысына тиісті тапсырманы жүктеді.
Айта кетейік, Долан ауылындағы жаңа мектептің құрылысымен «BI GROUP CORPORATION» компаниясы айналысады. Қазіргі уақытта нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.